Қазақстанда психикалық ауытқулары бар адамдар шабуыл жасап, оқиға резонанс тұратын жағдайлар мезгіл-мезгіл болып тұрады. Әр кез қоғамда "оларды неге оқшауламайды? Неге олар көшеде еркін жүреді?" деген сұрақ туындайды.
Алайда, мамандардың айтуынша, диагноздың өзі мәжбүрлеп жатқызуға негіз бола алмайды. TengriHealth тілшісі осындай диагнозы бар пациенттердің неге бәрі бірдей стационарларда жатпайтынын анықтап көрді.
Атышулы шабуыл оқиғалары
2025 жылғы ақпанда Астанадағы тұрғын үйлердің біріндегі лифт ішінде жасөспірім бес жасар балаға пышақпен тап берген. Зардап шегуші ауруханаға жеткізілді. Көп ұзамай 14 жастағы жасөспірімнің психоневрологиялық диспансерде есепте тұрғаны белгілі болды.
Бұл оқиға қоғамда қызу талқыланды. Денсаулық сақтау министрлігі қызметтік тексеру жүргізді.
"Психикалық денсаулығына байланысты мүгедектігі бар мұндай балалардың қамқоршыларына қойылатын белгілі бір талаптар бар. Бұл талаптар олардың тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі тиіс екенін білдіреді. Бұл балалар үнемі бақылауда болуы керек", - деді министрлік өкілі.
Мәжілісте психиатриялық қызметті реформалау мәселесіне қайта оралу қажет екені айтылды.
"Өйткені психикалық ерекшеліктері бар көптеген адам бүгінде ешқандай ем алмай, біздің қоғамның арасында жүр. Ал ол керек, бұл мәселеге өте байыпты қарау қажет", - деп пікір білдірді депутаттар.
2026 жылдың сәуірінде Алматыда осыған ұқсас жағдай болды. Ер адам аялдамада тұрған 66 жастағы әйелді себепсіз аяусыз соққыға жыққан. Бейнебақылау камерасына оның аялдамада тұрған әжейге жақындап келіп, оны жұдырығымен ұра бастағаны, ал ол құлаған кезде басынан тепкені түсіп қалған.
Кейінірек ер адамға бұған дейін психикалық ауытқу диагнозы қойылғаны белгілі болды.
Бірнеше күннен кейін тағы бір ұқсас оқиға белгілі болды: Қостанайда ер адам қасынан өтіп бара жатқан бейтаныс әйелді ұрып жіберген. Кейін бұл адамның психикалық есепте тұрғаны анықталды.
Бір жағынан, мұндай жағдайлардан кейін "бұл адамдарды неге алдын ала қоғамнан оқшауламайды?" деген сұрақ туындайды. Екінші жағынан, сарапшылар мұндай оқиғалар стигматизацияға себеп болмауы керек екенін ескертеді.
Психиатриялық диагнозы бар адамды қайда және қалай емдеу керек: бұны кім шешеді?
Біз психиатриялық диагнозы бар адамдарды ауруханаға жатқызу үшін қандай заңдық механизмдер қолданылатынын білуге тырыстық.
Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығының жалпы психиатриялық стационар меңгерушісі Әлима Махамбетованың айтуынша, қолданыстағы заңнама адамды тек диагнозына сүйеніп клиникаға жатқызуға рұқсат бермейді.
"Психикалық ауытқуы бар пациент нақты қауіп төндірмейінше, қандай да бір құқыққа қайшы әрекет жасамағанша, дәрігерлерде оны мәжбүрлеп емдеу мекемесіне жатқызуға заңды негіз жоқ. Ол стационарға тек өз еркімен (немесе пациент әрекетке қабілетсіз деп танылған жағдайда заңды өкілдерінің өтініші бойынша - ред. еск.) жата алады", - деп түсіндіреді Махамбетова.
Адамның жағдайы асқынғанда немесе сот шешімімен ғана ауруханаға жатқызу мүмкін болады.
Психиатриялық диагнозы бар адамды сот арқылы клиникаға қандай жағдайда жатқызуға болады:
- азаматтық тәртіппен, егер ол әлі құқық бұзушылық жасамаған болса, бірақ өзіне немесе айналасындағыларға қауіпті деп танылса;
- қылмыстық тәртіппен, егер құқық бұзушылық жасалып қойса.
"Мынаны есте сақтау маңызды: құқыққа қайшы әрекеттер жасалмаса адам полицияның да, денсаулық сақтау жүйесінің де назарына мүлдем ілікпеуі мүмкін. Демек, оны оқшаулауға ешқандай себеп жоқ", - деп нақтылады маман.
Жақынының оғаш мінез-құлқын байқаса, туыстары оны медициналық көмекке жүгінудің орнына "жын-періге" балап, емші-балгерлерге апаратын жағдайлар аз емес. Психиатр маманның пікірінше, бұл - бөлек мәселе.
Нәтижесінде адам бақылау жүйесінен тыс қалады, дәрігерлерде есепте тұрмайды және қоғамда еркін жүре береді. Адамдар уақыт жоғалтады, ал сол аралықта шизофрения сияқты ауыр дерттер асқына беруі мүмкін.
Диагноз әр кез агрессия дегенді білдірмейді
Әлима Махамбетова қоғамдық талқылауларда жиі назардан тыс қалатын бір маңызды тұсты ерекше атап өтті:
"Психикасы бұзылған адамдардың бәрі бірдей қоғам үшін қауіпті емес. Мәселен, дені сау деп есептелетін кез келген адамның да толық қауіпсіз емес екені сияқты", - дейді ол.
Оның бұл пікірімен келіспеу қиын: статистика бойынша, қылмыстардың басым бөлігін тергеу барысында ешқандай психикалық диагнозы анықталмаған адамдар жасайды.
Қазақстандағы психиатриялық көмек жүйесі қалай жұмыс істейді?
Сарапшы Қазақстандағы психиатриялық көмек көрсету жүйесі біртұтас құрылымда жұмыс істейтін амбулаториялық және стационарлық буындарды қамтитынын түсіндіреді.
Стационар жағдайы түсінікті - науқас мамандардың тәулік бойғы бақылауында, жабық бөлімшеде болады, ал амбулаториялық көмек мәселесі сәл күрделірек.
Амбулаториялық деңгейде өзіне және айналасындағыларға қауіп төндірмей, стационардан тыс жерде өмір сүре алатын пациенттер емделеді.
Мұндай ем келесі жағдайларда тағайындалады, егер адам:
- тұрақты күйде болса (өткір психоз, қатты агрессия, ауыр асқынулар жоқ);
- өзіне және айналасындағыларға қауіп төндірмесе;
- өз жағдайына сыни көзбен қарай алса (науқас екенін түсінеді және емделуге дайын);
- дәрігердің ұсынымдарын орындаса (препараттарды қабылдайды, қабылдауға келеді);
- өз бетінше (немесе отбасының қолдауымен) өмір сүріп, тұрмыста өзіне қызмет көрсете алса.
Амбулаториялық емдеудегі пациенттер психиатрдың бақылауында болуы тиіс. Қабылдау жиілігі науқастың жағдайына байланысты. Олар келесідей болуы мүмкін:
- Ай сайын - егер адам сот шешімі бойынша мәжбүрлі амбулаториялық емдеуде болса. Мұндай шара көбінесе пациент бұған дейін стационарда мәжбүрлі емдеуден өтіп, жағдайы жақсарған кезде және сот оны амбулаториялық емге ауыстыру туралы шешім қабылдағанда қолданылады.
- Тоқсан сайын - ауру жиі қайталанған жағдайда.
- Жарты жылда бір рет - ауру ағымы тұрақты болғанда.
Бұл ретте дәрігер пациенттің жазып берілген дәрі-дәрмектерді қалай қабылдайтынын, психиатрдың барлық ұсынымын қалай орындайтынын және тағы басқаларын тексеру іс жүзінде мүмкін емес екенін атап өтті.
"Егер адам жалғыз тұрса және әлеуметтік оқшауланған болса, бақылау сапасы айтарлықтай төмендейді. Бірақ учаскелік психиатр жағдайдың нашарлағанын байқаса, мәжбүрлі амбулаториялық емдеудегі науқас сот шешімімен қайтадан стационарға орналастырылады", - деп назар аудартады маман.
Бір қалада есепте тұрып, кейін тұрғылықты жерін ауыстырған пациенттердің жағдайы бөлек. Дәрігердің түсіндіруі бойынша, олар заң бойынша клиникаға тұрғылықты мекенжайының өзгергені туралы хабарлауға міндетті емес. Сондықтан көшіп кеткен мұндай адам мамандардың назарынан тыс қалуы мүмкін.
Қазақстанда қанша адам психиатриялық есепте тұр?
Денсаулық сақтау министрлігі ресми сауалымызға берген жауабында, 2026 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша психикалық және мінез-құлық бұзылыстарымен (психоактивті заттарды тұтынуға байланысты бұзылыстарды есептемегенде) 211 586 адам динамикалық бақылауда тұрғанын хабарлады.
Динамикалық бақылаудағы барлық адамға медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, соның ішінде амбулаториялық жағдайда ем тағайындалады.
Стационардағы мәжбүрлі ем: қанша адам және неге?
Министрлік мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында стационарлық жағдайда психиатриялық көмекті 10 700-ден аса адам алған.
Мәжбүрлі емдеу тек сот шешімі бойынша және заңнамаға қатаң сәйкестікте қолданылады делінген жауапта.
"Бүгінде өңірлік психикалық денсаулық орталықтарында 150 адам, қарқынды бақылау жүргізілетін мамандандырылған үлгідегі Республикалық психиатриялық ауруханада 760 адам мәжбүрлі емделіп жатыр", - деп түсіндірді министрліктегілер.
Психиатриялық диагнозы бар адамдар көбейді ме?
Әлима Махамбетованың айтуынша, психикасы бұзылған адамдар санының өсуі шынымен де байқалады. Бірақ бұл қазақстандықтардың жиі ауыра бастағанына байланысты емес.
"Қала халқы көбейіп жатыр, өмір қарқыны жеделдеді, адамдар осы жарыстың ішінде жүр. Мұндай кернеу деңгейіне бәрі бірдей төтеп бере алмайды. Сондықтан тұрақты стресске байланысты психикалық проблемалардың көбейгенін байқап отырмыз", - дейді дәрігер.
Ол жыл сайын психиатриялық көмекке өз еркімен жүгінетін адамдардың қатары артып бара жатқанын, бұл да анықтау статистикасына әсер ететінін атап өтті.
"Сонымен қатар психиатрияға қатысты стигматизация әлі де сақталып отыр. Кейбір адамдар "қазір дәрімен есеңгіретіп тастайды, жағдайым нашарлайды" деген қасаң түсінікке байланысты клиникаға жүгінуден қорқады. Шын мәнінде, психиатрлар ең алдымен дәрігер, біз пациенттерімізге көмектесуге тырысамыз", - дейді спикер.
Агрессияны алдын ала болжау мүмкін бе?
Әлима Махамбетова бұл сұраққа кесіп жауап береді: жоқ, мүмкін емес.
"Кез келген адамның, оның диагнозы бар-жоғына қарамастан, мінез-құлқын алдын ала болжау мүмкін емес. Агрессияның өршуіне кез келген нәрсе - жай ғана ұйқының қанбауы мен шаршаудан бастап, қандай да бір триггер жағдайға дейін әсер етуі мүмкін", - дейді психиатр.
Сонымен қатар Махамбетова денсаулық сақтау жүйесі әр адамның мінез-құлқын болжауға қауқарсыз және оған міндетті емес екенін баса айтады. Жүйе әлеуетті сценарийлермен емес, нақты көрініс тапқан қауіп-қатерлермен жұмыс істейді, ал оларды алдын ала дәл есептеу іс жүзінде мүмкін емес.
Диагноз - оқшаулауға негіз емес
Психиатриялық клиникалар адамдарды "әрмен қарай сақтық үшін" қамайтын жабық мекемелерге айналмауы керек және айнала алмайды да. Диагноздың болуы адамды бостандығынан айыруға негіз бола алмайды.
"Психиатриялық көмек психопатологиялық белгілердің айқындылығын азайтуға, жағдайды тұрақтандыруға және қоғамға қауіпті мінез-құлық қатерлерін төмендетуге бағытталған", - дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, сонымен қатар мінез-құлықтағы ауытқулардың ықтималдығын толық жою мүмкін емес. Психикалық бұзылысы бар адамның жүріс-тұрысы клиникалық, тұлғалық және жағдаяттық факторлардың жиынтығымен анықталады.
Нәтижесінде жүйе адам құқықтары мен қоғам қауіпсіздігі арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет болған жағдайға тап болады. Мамандардың айтуынша, бұл мәселенің әмбебап шешімі жоқ.
Авторы: Светлана Антонова
Дайындаған: Дина Шәріпхан