Астанада медицина қызметкерлерін құттықтады – осы аптада олардың кәсіби мерекесі. Еліміздің дәрігерлеріне, медбикелері мен провизорларына құрмет көрсетілді. Алдымен Ақордада Президент үздік медицина мамандарына мемлекеттік наградалар тапсырды. Сәлден соң басқа да мамандар Қазақстандағы ең басты кәсіби сыйлықты, яғни медицина саласының "Оскарын" иеленді. Мереке қарсаңында TengriHealth тілшісі екі жеңімпазбен тілдесіп, қандай сезімде екенін білді.
Бірінші оқиға: медбике нені меңгеруі тиіс?
Жиханкүл Бақиева бес жылдан бері Қостанай қалалық онкологиялық көпбейінді ауруханасының бас медбикесі болып қызмет етеді. Ал мамандықта жүргеніне 40 жыл болды, оның 35 жылын реанимация бөлімінде өткізген! Онкология саласына кездейсоқ - медициналық колледждің жолдамасымен келген. Енді, өз айтуынша, жұмыссыз өмір сүре алмайды. Өз ісін жақсы көреді!
"Мен жас медбикелерге де, практикадан өтіп жүрген студенттерге де онкологиядағы пациенттердің ерекше екенін үнемі айтып отырамын. Біз өте ізетті болуымыз керек, оларды құрметтеп, бағалауымыз қажет... Өзімізге немесе туыстарымызға қандай қарым-қатынас жасалғанын қаласақ, оларға да солай қарауымыз керек. Жылы сөзбен демеу беріп, жігерлендіру маңызды", - дейді ол, неге дәл осы саланы таңдағанын сұрағанымда.
- Адамдар сізден: "Неге онкология?" - деп сұрамай ма? Бұл қиын емес пе, жай ауруханаға немесе емханаға ауысу оңайырақ қой?
- Олай жиі айтады. Қатерлі ісікті емдейтіндіктен, бәрі бұл жерді қорқынышты аурухана деп ойлайды. Шын мәнінде, тағдырлар әртүрлі. Кейбіреулері бізде жылдар бойы емделеді, көбін танып, бауыр басып кетеміз. Кейде қалада ремиссияға шыққан жандарды жолықтырып қалып: "Біздің пациент қой", - деп іштей қуанасың. Оның аман-сау жүргеніне марқайып қаласың.
Оның үстіне, мен пациенттерімді қалай тастап кетемін? Қолымнан келмейді - үйреніп қалдым, қаншама жыл бір жерде жұмыс істедім. Оның үстіне бұл дерттің не екенін жақсы білемін - өз отбасымда да онкологиялық науқас бар.
Адамдарға көмектескім келеді. Олар бұған мұқтаж. Өйткені адам өз диагнозын естігенде есеңгіреп қалады. Қайда барарын, не істерін білмейді. Бәрінің ойында бір ғана нәрсе: "Бітті, біз өлеміз".
Мен әрқашан: "Бұл ауруды қабылдаңыздар және дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындаңыздар. Күресіңіздер - сонда бәрі жақсы болады", - деймін. Сонда адамдар қанаттанады. Меніңше, адамды тіпті жылы сөзбен де емдеуге болады.
- Сыйлық берілетінін естігенде қандай сезімде болдыңыз?
- Таңғалғаным сонша - бұл шындық па, әлде біреудің қалжыңы ма, соны түсіне алмадым. Әрине, бұлай болғаны қуантады. Бұл тек менің жеке жеңісім емес - бүкіл ұжымымыздың ортақ жетістігі. Медбике жұмысы өте маңызды, оның ескерілгені көңілге қуаныш ұялатады. Жалпы, пациенттің сауығуы 60 пайызға медбикенің үлесіне байланысты деп есептеймін - дәрігер ем-дом тағайындайды, ал медбике соны орындайды.
- Ал кәсіби тұрғыда нені армандайсыз? Қандай да бір жетістікке жетуді ме?
- Жетістікке жеткен сияқтымын. Мен онкологиялық аурухананың бас медбикесімін, симуляциялық орталықтың жетекшісімін, семинарлар өткіземін, Республикалық медицина академиясы, медициналық колледжбен тығыз жұмыс істеймін - бізге студенттер келеді. Өзім медбике-анестезистпін. Қарағанды медицина университетін, қолданбалы бакалавриатты бітірдім. Енді тек магистратураға түсу ғана қалды ма? Ойымда бар еді, бірақ жасым болса... білмеймін. Мүмкін, биыл түсіп қалармын.
- Құпия болмаса, жасыңыз нешеде?
- 59-дамын, бірақ маған оқыған, семинарларға барған ұнайды. Жаңа бір нәрсені көру, есту, өзіңді көрсету өте қызық қой.
- Марапаттау рәсімін қалай елестетесіз?
- Тіпті елестете алмаймын. Әрине, қатты қобалжып жүрмін. Мұндай жағдай басымнан бірінші рет өтіп отыр - республикалық сыйлықты күнде иеленбейсің ғой. Бәрі тез болып кетті. Басшылығым: "Конкурсқа құжаттарыңды тапсыр", - деді. Кадр бөліміндегі әріптесіммен бірге екі күннің ішінде бүкіл портфолионы дайындап шықтық. Қатысушыларды критерийлер бойынша бағалайды - мен барлық талапқа сай келген сияқтымын. Тек шет тілін білмейтінім үшін бір "минус" қоюға тура келді. Енді ағылшын тілін үйрену керек шығар.
- Жақсы жоспар - магистратура және ағылшын тілі. Алда осыншама жұмыс тұрғанда, демалыс туралы ойлау ертерек сияқты?!
- Солайы солай. Зейнетте отырғанымды елестете алмаймын. Үйде отыру ма? Жоқ, бұл менің табиғатыма жат. Төрт күн мереке болса, ауыра бастағандай боламын. Мен өз жұмысымды жақсы көремін.
- Сіздіңше, медбике ең алдымен нені жақсы істей білуі керек?
- Түрлі манипуляциялар мен өзінің лауазымдық міндеттерінен бөлек, ол тыңдай білуі және мейірімді болуы тиіс. Пациенттерін танып, олардың не сезініп жүргенін түсінуі қажет. Жанашыр болып керек. Ең бастысы осы шығар...
Екінші оқиға: бәрі жақсы болуы тиіс ауылдағы дәрігердің тыныс-тіршілігі
Аманжол Нұрмұхаметов - Ақмола облысы Жақсы аудандық ауруханасының травматолог-ортопеді. Ол тек өз ауданында ғана емес, көршілес аудандарда да жалғыз маман. Сұрақтарымды қарапайым нәрселерден бастадым: қайда жұмыс істейді, қызметі қандай, қанша пациент қабылдайды, өйткені аты-жөнінен бөлек, Аманжолдың ауыл дәрігері екенін ғана білетінмін.
- Өзіңіз тұратын ауыл қалай аталады?
- Ол Жақсы деп аталады.
- Ой, қандай тамаша атау!
- Иә, атауы керемет. Жері де өте жақсы. Ауылдың өзі шағын, халық саны шамамен бес мыңдай ғана, ал ауданда 15 мыңға жуық адам тұрады.
- Олардың бәрі сіздің пациентіңіз бе?
- Солай десе де болады. Жарақат алған барлық пациент біздің ауруханаға келеді.
- Бүгін жұмыс істедіңіз бе, әлде демалыс алдыңыз ба (біз Аманжолмен марапаттау рәсімінің қарсаңында сөйлесіп отырмыз)?
- Түске дейін жұмыс істеп, кейін Астанаға жолға шықтым.
- Қанша пациент қабылдап үлгердіңіз?
- Біз 60 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеміз. Әдетте күніне бірнеше ота жасалады, оған қоса емханалық қабылдау бар - бұл шамамен 20 адам. Сонымен қатар шұғыл жағдайлар да аз емес - күн сайын екі-үш қол, екі аяқ сынығымен адамдар келеді. Ал қыс мезгілінде кеуде қуысы мен бастың жарақаттары жиілейді. Бірақ қаламен салыстырғанда, әрине, бізде пациенттер легі аз.
- Қалада травматологтар да көп қой.
- Солай. Біздің ауданның тағы бір ерекшелігі - ол Алматы - Екатеринбург халықаралық тасжолы бойында орналасқан. Біздің аумақта жол-көлік оқиғалары өте көп болады - 2025 жылы 34 апат тіркелді. Барлық пациентті бізге әкеледі - олардың 30 пайызға жуығы көптеген сынықпен ауыр халде түседі.
Енді Аманжолдың Жақсы ауылына қалай келгені туралы айта кетейік. Ол 2012 жылы Астанадағы медициналық институтты бітірген. Қостанай облысындағы аудандық ауруханада жалпы хирург болып жұмыс істеп, кейін облыс орталығына ауысқан. 2024 жылға дейін өңірдегі ең үлкен облыстық клиникада травматолог-дәрігер болды.
Неге ауылға көшуге бел буды? Дәрігер мұны жасырмайды: маңызды фактор жалақы болды - үстемеақылардың арқасында ауыл медицина қызметкерлерінің табысы біршама жоғары, сондай-ақ көшіп келгенде төленетін "көтерме ақы" да бар.
"Біздің аурухананың бас дәрігері Эльмира Әнуарбекқызы Нұралина өте жақсы маман. Ол Астанадан арнайы келіп, алдына аудандағы хирургия қызметін көтеру міндетін қойған екен. Ол мамандарды шақыра бастады, мені де шақырды", - дейді ол.
- Қостанайдан ауылға көшкеніңізге өкінбедіңіз бе?
- Еш өкінбеймін. Мұнда тіпті қаладан да жақсы жағдай жасалған. Травматологтар үшін технология өте маңызды. Құрал-саймандар, металл конструкциялар, импланттар - оталарымыздың сәтті өтуі көбіне осылардың сапасына байланысты. Біздің ауруханада бұл жағы біршама жақсы ұйымдастырылған.
- Ал адамдары ше? Жақсыда жақсы адамдар тұра ма?
- Өте жақсы адамдар. Білесіз бе, мұнда келгеніме небары екі жыл болса да, өзімді жергілікті тұрғындай сезінемін.
Жұмыстағы үлкен артықшылықтардың бірі - мен пациентке ота жасаймын, содан кейін оның оңалу кезеңдерінің бәрін өзім қадағалаймын. Ота жасап, кейін жіптерін аламын, сынықтың қалай біткенін бақылаймын, гипсті шешіп, оңалту жұмыстарын жүргіземін.
- Пациенттер көшеде танып жата ма?
- Әрине. Жақсылықтардың әрбір үшіншісі - өзі немесе туыстары болсын - біздің бөлімше арқылы өткен шығар. Біріне ота жасалды, бірі кеңес алды. Біреудің немересі құлап, бірі жарақат алып, бірінің күйеуі аяғын сындырып дегендей...
- Есіңізде қалған пациенттер бар ма?
- Жақында бір оқиға болды, оны бүкіл Қазақстан білді десе де болады. Қыста Жақсыда бір ер адамды трактор басып кеткен - ол бізге қабырғалары мен жамбас сүйектерінің көптеген сынығы, іш қуысы мүшелері мен бауыры зақымданып түсті.
Ең алдымен, әрине, өмірін сақтап қалу мәселесі тұрды. Жарақаттары өте ауыр, адам есеңгіреген күйде болды. Біздің анестезиологтар оның жағдайын тұрақтандырды, кейін хирургтар бірінші кезекте бауырын тігіп, өкпесінің зақымдануын реттеді. Содан кейін барып біз оның жамбас сүйектерін қалпына келтірдік.
Аманжол тағы бір оқиғаны айтуға асықты. Қыста бір жігіт Қостанайдан Астанаға бара жатып, көлік апатына ұшыраған. Оны ауруханаға жамбас сүйегі сынып, ұршығы шығып кеткен ауыр халде әкелді - соққының күшті болғаны сонша, ол артқа қарай шығып кеткен. Дәрігерлер ұршықты орнына салып, күрделі ота жасады...
"Жақында сол жігітке хабарласып, қазіргі жағдайын білмек болдым. Астанадағы жағалауда велосипед теуып жүрмін дейді. Бәрі жақсы, қалпына келіп жатыр. Мұндай сөздер мен үшін өте маңызды. Ауыр жарақаттардан кейін өз аяғымен қабылдауға келген адамды көру қандай бақыт екенін білсеңіз ғой", - деп ағынан жарылды ол.
Ал мен өз сұрағыма көштім!
- Пациенттерге өзіңіз хабарласасыз ба? Көбіне дәрігерлер адам ауруханадан шыққан соң бәрін ұмытып жатады ғой.
- Мен ота жасаған пациенттеріммен байланыста болуға, кейін олардың жағдайы қалай болып жатқанын білуге тырысамын. Олардың алдағы тағдыры маған қызық. Сондықтан, иә, мезгіл-мезгіл өзім хабарласып тұрамын - менде пациенттерімнің базасы бар.
- Ал марапат туралы айтсақ: қандай сезімдесіз?
- Қуаныш! Бұл мен үшін спортшының Олимпиада медалін алғанымен бірдей. Немесе актер үшін "Оскар" сыйлығын алғанмен тең.
- Медициналық "Оскар" десеңізші, - деп қостадым мен.
- Бұл біздің еңбегіміздің бағалануы. Ол еңбектің артында бүкіл ұжым, адамдар, олардың тағдыры тұр. Өз жұмысыңның еленгені... шын мәнінде, өте жағымды жайт. Бұл аурухана үшін де, біздің аудан үшін де үлкен марапат, жалпы травматологтар қауымдастығы үшін үлкен жетістік.
Осымен тоқтап қалғым келмейді. Былтыр білімімді жетілдіріп, даму үшін көп уақытым мен жеке қаражатымды жұмсадым. Мәскеуге оқуға бардым, Екатеринбургке, Қарағандыға, Астанаға бірнеше рет, Алматыға бардым. Әріптестерімнің қол басы микрохирургиясымен қалай айналысатынын көрдім - қандай күрделі оталар жасайды десеңізші. Бұл енді медицина емес - нағыз сиқыр. Міне, осындай бір биікке жеткім келеді...
- Осы мақсатыңызға жетуіңізге тілектеспін, Аманжол. Бұл сыйлық өміріңіздегі жалғыз емес, жарқын сәттердің бірі болсын.
- Рақмет. Мен үшін өте жағымды. Біз мұндай назарға үйренбегенбіз...
Үшінші оқиға: еліміздің үздік медиктері туралы
Келесі күні материалды жазып отырып, мына бір жайтты байқадым... Аманжолмен сөйлесіп болып, тұтқаны қоя бергенде, өз-өзіме (алған әсерімнен болса керек):
"Қандай жақсы дәрігер! Нағыз алтын..." - дедім.
... содан соң диктофонды өшірдім.
Еліміздің үздік медицина қызметкерлеріне сыйлық тапсыру күні залда осындай "алтын" дәрігерлер, мейірбикелер, ғалымдар, фармацевтер мен оқытушылар жиналды.
Ал марапатқа ие болған жеңімпаздар тізімінде Аманжол Нұрмұхаметовпен бірге мынадай 17 есім бар:
1. "Үздік стационар дәрігері" - Абетов Руслан Эрикович (Солтүстік Қазақстан облысы).
2. "Үздік жедел жәрдем дәрігері" - Сәрсембек Мөлдір Дәлетбайқызы (Алматы).
3. "Үздік алғашқы медико-санитарлық көмек дәрігері" - Потеряйко Наталья Дмитриевна (Алматы облысы).
4. "Үздік ауыл дәрігері" - Нұрмұхаметов Аманжол Болатханұлы (Ақмола облысы).
5. "Денсаулық сақтау саласындағы үздік әлеуметтік қызметкер" - Үйкекбай Арайлым Ғалымжанқызы (Жамбыл облысы).
6. "Үздік акушер" - Базарбаева Мейрамгүл Сәрсембайқызы (Ақтөбе облысы).
7. "Стационардың үздік мейірбикесі" - Бакиева Жиханкүл Ибраймовна (Қостанай облысы).
8. "Алғашқы медико-санитарлық көмектің үздік мейірбикесі" - Оразалиева Нұрсәуле Тұрсымаханбетқызы (Түркістан облысы).
9. "Үздік ауыл мейірбикесі" - Жүсіпбаева Гүлжан Мүзәрәпшанқызы (Қызылорда облысы).
10. "Үздік фельдшер" - Лятаева Әсем Мұратқызы (Ақмола облысы).
11. "Медициналық жоғары оқу орнының үздік оқытушысы" - Бермағамбетова Сәуле Қабиболлақызы ("Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті" КЕАҚ).
12. "Медициналық колледждің үздік оқытушысы" - Гусманова Лаура Қыдырашқызы (Батыс Қазақстан облысы).
13. "Денсаулық сақтау саласындағы үздік ғалым" - Атажанова Гаянэ Абдулкахимовна ("Қарағанды медицина университеті" КЕАҚ).
14. "Денсаулық сақтау саласындағы үздік менеджер" - Тұрсынбаев Нұрбол Нұрланұлы (Астана).
15. "Санитарлық-эпидемиологиялық бейіндегі үздік дәрігер" - Секербаева Ләззат Талғатқызы (Қарағанды облысы).
16. "Санитарлық-эпидемиологиялық сараптаманың үздік маманы" - Жансейітова Әлия Қайртайқызы (Алматы облысы).
17. "Үздік провизор" - Әділбекова Айгүл Әзімжанқызы (Шымкент).
Медициналық ұйымдар арасындағы республикалық байқаудың жеңімпаздары:
1. Үздік емхана - ШЖҚ "№17 қалалық емхана" МКК (Алматы).
2. Үздік стационар - Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (Алматы).
3. Үздік жастар денсаулық орталығы - "Жас Асыл", ШЖҚ "№2 емхана" МКК (Семей).
4. Үздік жедел медициналық көмек станциясы - Түркістан облыстық жедел жәрдем станциясы.
5. "Үздік перзентхана" - №2 қалалық көпбейінді ауруханасы (Астана), Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының №1 облыстық перинаталдық орталығы, Қызылорда облысы Денсаулық сақтау басқармасының облыстық перинаталдық орталығы.
6. "Үздік балалар ауруханасы" - Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының қалалық балалар ауруханасы, Алматы қаласының №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасы, Астана қаласы әкімдігінің №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы.
Ақордада дәрігерлерді марапаттау рәсімі қалай өткенін әріптесім Айсұлтан Құлшымановтың репортажынан оқи аласыздар:
Авторы: Оксана Акулова
Дайындаған: Дина Шәріпхан