COVID-19-дың жаңа штамы ондаған елде табылды: қазақстандықтар нені білуі керек?

ПОДЕЛИТЬСЯ

COVID-19-дың жаңа штамы ондаған елде табылды: қазақстандықтар нені білуі керек? Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

Соңғы апталарда ғылыми ортада коронавирустың 30-дан аса елде табылған жаңа BA.3.2 нұсқасы талқыланып жатыр. Ғалымдар оның ерекшеліктерін, вакциналардың тиімділігіне ықтимал әсерін және таралу жылдамдығын зерттеп жатыр. Қазақстандықтардың қауіптенуіне негіз бар ма - бұл мәселені TengriHealth тілшісі анықтап көрді.


Соңғы апталарда ғылыми ортада коронавирустың 30-дан аса елде табылған жаңа BA.3.2 нұсқасы талқыланып жатыр. Ғалымдар оның ерекшеліктерін, вакциналардың тиімділігіне ықтимал әсерін және таралу жылдамдығын зерттеп жатыр. Қазақстандықтардың қауіптенуіне негіз бар ма - бұл мәселені TengriHealth тілшісі анықтап көрді.

Жаңа штамм туралы не белгілі?

COVID-19-дың жаңа мутацияланған BA.3.2 нұсқасы бейресми түрде "цикада" деп аталды. Себебі бұл штамм жоғалып кетіп, кейін белгілі бір уақыттан соң қайта пайда болу қабілетіне ие.

Анықтама: SARS-CoV-2 BA.3.2 нұсқасы "Омикрон" желісіне жатады және 2022 жылы "Омикрон" нұсқасының таралуының алғашқы кезеңдерінде айналымда болған BA.3 тармағынан туындаған.

"Цикада" алғаш рет 2024 жылғы 22 қарашада Оңтүстік Африкада анықталған. Кейінірек Мозамбик, Нидерланды, Германия және АҚШ-та тіркелді. Алайда жаңа штамм 2025 жылдың қыркүйегінен бастап белсенді түрде тарала бастаған.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының (ҰҚДСО) баспасөз қызметі соңғы деректерге сәйкес, BA.3.2 нұсқасы қазірдің өзінде 33 елде, соның ішінде Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Ұлыбритания, Дания және Еуропа, Азия, Океанияның басқа да мемлекеттерінде табылғанын хабарлады. Сондай-ақ ол АҚШ-тың 25 штатындағы ағын сулардан да анықталған.

Соңғы төрт апта ішінде GISAID (Global Initiative on Sharing All Influenza Data) базасына енгізілген BA.3.2 штамдарының үлесі келесідей болды:

  • Испанияда – 81,1 пайыз,
  • Ұлыбританияда – 66,7 пайыз,
  • Францияда – 6,6 пайыз,
  • Италияда – 25 пайыз,
  • Аустралияда – 15,2 пайыз.
Анықтама: GISAID (Global Initiative on Sharing All Influenza Data) - бұл вирустардың геномдық тізбектерімен жылдам алмасуды қамтамасыз ететін әлемдегі ең ірі ашық ғылыми-зерттеу деректер базасы мен бастамасы. Бастапқыда тұмау үшін құрылған бұл жүйе COVID-19 (SARS-CoV-2) мониторингінің негізгі құралына айналды.

Бұл ретте ҰҚДСО COVID-19-дың жалпы сырқаттанушылық көрсеткіші алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда айтарлықтай өспегенін атап өтті.

Ведомство өкілдері халықты сабырға шақырды:

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ВА.3.2 нұсқасын мониторинг жүргізілуі тиіс нұсқа ретінде жіктейді, бұл эпидемиологиялық маңыздылықтың ең төменгі деңгейіне сәйкес келеді".

Қазақстандағы жағдай

ҰҚДСО-да Қазақстанда айналымдағы вирустарға тұрақты бақылау жүргізілетінін мәлімдеді. Былтыр мамандар молекулалық-генетикалық әдіспен пациенттердің биоматериалдарының 83 үлгісін зерттеп, "Омикрон" штамының төрт түрін (24H, 24Е және 25С, 25A) анықтаған.

"Қазақстанда BA.3.2 нұсқасы анықталған жоқ", - деп сендірді мамандар.

    Дегенмен, сарапшылар созылмалы аурулары бар және иммунитеті әлсіреген азаматтардың тәуекел тобында қала беретінін ескертті.

    Алдын алу мақсатында мамандар мынадай кеңес береді:

    • жедел респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз қарым-қатынастан аулақ болу;
    • қолды жиі жуу, әсіресе науқастармен немесе олардың айналасындағы заттармен тікелей жанасудан кейін;
    • бөлмелерді жүйелі түрде желдету;
    • ауру белгілері пайда болған жағдайда медициналық көмекке жүгіну.

    Жаңа штамм қаншалықты қауіпті және вакциналар көмектесе ме?

    Сарапшылар пациенттердің "цикаданы" қалай өткеретінін біледі.

    "Қазіргі уақытта BA.3.2 нұсқасы SARS-CoV-2-нің басқа нұсқаларымен салыстырғанда аурудың ауыр түрін тудыратыны туралы бұлжытпас дәлелдер жоқ", - деді Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы өкіледір.

    Сарапшылардың айтуынша, вакцинация және бұрын ауырып сауығу аурудың ауыр өту, ауруханаға жатқызу және өлім қаупін айтарлықтай төмендетуі мүмкін.

    Алайда мамандар "Омикронның" кіші түрлері, соның ішінде ВА.3.2-де вакцинациядан немесе COVID-19-бен ауырғаннан кейін пайда болатын бейтараптандырушы антиденелердің тиімділігін төмендететін мутациялар бар екенін ескертеді. Сондықтан иммунитет болған күннің өзінде қайта жұқтыру мүмкін.

    "BA.3.2-ге деген қызығушылық оның генетикалық сипаттамалары бойынша кең таралған желілерден айтарлықтай ерекшеленетіндігімен және S-ақуызда айқын өзгерістердің болуымен байланысты. Осыған байланысты ол иммундық қорғанысты ішінара айналып өте алатын нұсқа ретінде қарастырылады", - деп түсіндірді бізге.

    Анықтама: S-ақуыз (spike-белок) - бұл SARS-CoV-2 коронавирусының бетінде орналасқан, вирустың адам жасушаларына енуіне көмектесетін ақуыз.

    Сонымен қатар, COVID-19-ға қарсы қолданыстағы вакциналар, соның ішінде жаңартылғандары, вирустың жаңа нұсқаларын ескере отырып, әлі де аурудың ауыр өтуінен қорғайды.

    TengriEdu