Қазақстанда дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер чегінде пациенттің ЖСН-і көрсетілмек

ПОДЕЛИТЬСЯ

Дәрі-дәрмек чегі Фото жасанды интеллект көмегімен жасалған

Қаржы министрлігі медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек ақысын төлеу кезінде бақылау-касса машинасының чегінде пациенттің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсетуді ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды TengriHealth.


Қаржы министрлігі медициналық қызметтер мен дәрі-дәрмек ақысын төлеу кезінде бақылау-касса машинасының чегінде пациенттің жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) көрсетуді ұсынды. Тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды TengriHealth.

Не болды?

Құжатқа сәйкес, бақылау-касса машинасы чегінің мазмұнына қойылатын талаптар тізбесіне медициналық қызметтер мен дәрілік заттар жөніндегі төлем құжатында пациенттің ЖСН-ін көрсету үшін міндетті ашық жолды қосу жоспарланған.

Қаржы министрлігі бұл жаңашылдық есеп айырысудың ашықтығын арттырып, көлеңкелі экономиканы қысқартуға көмектеседі деп күтеді.

"Күтілетін нәтиже - Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қаражатын нысаналы және тиімді пайдалануды бақылау мүмкіндігін қамтамасыз ету", - делінген құжатта.

Бұл ретте жоба түсіндірмесінде осы бастаманың экономикаға немесе азаматтарға айтарлықтай салдары болмайтыны атап өтілген.

"Бақылау-касса машиналарының чегінде пациенттің ЖСН-ін көрсету механизмі ӘМСҚ бюджет қаражатын пайдалану тиімділігін бақылауға және мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесіндегі чектер бойынша салыстырып тексеруге мүмкіндік береді. Осыған байланысты әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және басқа да салдар туындамайды", - деп түсіндіреді авторлар.

Министрлік мәліметінше, бұл жоба премьер-министрдің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мәселелері бойынша берген тапсырмасымен байланысты.

Құжатты қоғамдық талқылау 2026 жылдың 29 сәуіріне дейін жалғасады.

Еске сала кетейік, жыл басында премьер-министр Олжас Бектенов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын (ӘМСҚ) Қаржы министрлігінің қарамағына беруді тапсырған болатын. Шешім қор жұмысына жасалған талдау нәтижесінде көптеген заңбұзушылық пен қаражатты тиімсіз жұмсау анықталғаннан кейін қабылданды.

Мемлекет басшысы үкіметтің шешімін қолдап, былай деді: "Мемлекеттің білім беру және денсаулық сақтау саласына жұмсап жатқан қаржысы, ең алдымен, азаматтарымыздың тұрмыс сапасын арттыруға арналатынын және Әділетті Қазақстанды құру стратегиясымен ұштасып жатқанын түсінген абзал".

23 қаңтарда Қаржы министрлігі аппарат басшысы Ернар Ержанов "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ ұжымына жаңа басқарма төрайымы Гүлмира Сәбденбекті таныстырды.

TengriEdu