Астанада 28 жастағы донор өз құтқарып қалған жігітпен кездесті. Бұрын лейкозбен ауырған науқасқа жілік майын ауыстыру керек болған. Олар бір-бірі туралы ештеңе білмеген және ереже бойынша жасуша алмастыру отасынан кейін үш жыл өткен соң ғана таныса алатын еді. Бұл Қазақстан тарихындағы осындай алғашқы кездесу, - деп хабарлайды TengriHealth.
Бәрі қалай басталды?
Жілік майы доноры Юрий Алешкин мен дәрігерлердің айтуынша, оның "генетикалық егізі" - 20 жастағы Карим Гайсиннің кездесуіне қатысқандардың барлығы дерлік ерекше сезімде болған. Карим Юрийдің жанашырлығы мен көмегінің арқасында ауруды жеңе алды.
Алешкин жілік майы донорларының тізіліміне 2021 жылы кірген, ал 2023 жылдың қаңтарында гемопоэтикалық жасушаларын тапсырды. Ол жасушалар сол кезде 16 жаста болған, 11 жасынан бері лейкозбен күресіп келген қарағандылық Карим Гайсинге салынды.
Юрий өзі құтқарып жатқан адам туралы тек оның жасөспірім екенін ғана білген. Оған тіпті науқастың ұл немесе қыз екені де айтылмады. Каримге де донор туралы ештеңе хабарланбаған.
Бұл - халықаралық ереже: туыс емес донор мен реципиент (донорлық мүшелер немесе біздің жағдайдағыдай жасушалар салынатын адам) кем дегенде екі жылдан кейін ғана кездесе алады - ол да екі тараптың келісімімен ғана жүзеге асады.
Кездесу қалай өтті?
Қазақстандағы жілік майы донорларының тізілімі 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде елімізде туыс емес донорлардан пациенттерге 20 трансплантация жасалған. Бірақ олар бұған дейін ешқашан кездеспеген.
Юрий жиналғандардың қошеметімен Каримді бірнеше жыл бойы сауықтыруға жетелеген дәрігерлер, Каримнің өзі және оның ата-анасы отырған залға шықты.
- Бәріміз қатты толқып тұрмыз, - деген дауыстар естілді залдан.
- Айтпаса да түсінікті, - деді Каримнің анасы Наталья Олоер ақырын ғана.
Юрий мен Карим ерлерше сабырлылықпен қол алысып, кейін бір-бірін қатты құшақтады. Наталья сезімін жасыра алмай, көзіне жас алды.
- Рақмет саған, Юра! Рақмет! деді ол қайталап. - Егер сен және сенің осы ерлігің болмағанда...
Наталья мен Юрийдің кездесу сәті. Фото © Tengrinews.kz / Маржан Қуандықова
Олар оңаша сөйлесу үшін залдан аз уақытқа шығып кетті. Қайтып келген соң сұрақтарға жауап бере бастады.
- Қазір қандай сезімдесіздер?
- Толқу басылды. Тек сөзбен айтып жеткізгісіз жақсы әсерлер ғана бар, - деді Юрий.
- Кездескенімізге өте қуаныштымын, - деді Карим.
Бұл кездесудің басқалар үшін үлгі боларын екеуі де түсінді. Қазіргі уақытта осы дертпен күресіп жатқан пациенттер үшін де, жілік майы донорларының тізіліміне қосылғысы келетін адамдар үшін де бұл маңызды қадам.