Сәуірдің басынан бері Алматы тұрғындары үйлері мен аулаларынан қарақұртқа ұқсайтын өрмекшілерді жиі көретіндерін айтып жатыр. Осы хабарламаларға байланысты сарапшы улы буынаяқтыларды басқа түрлерден қалай ажыратуға болатынын, шаққан жағдайда не істеу керектігін және алғашқы медициналық көмекті қалай дұрыс көрсету қажеттігін түсіндірді, деп хабарлайды TengriHealth.
Қалай қорғанып, шаққан жағдайда не істеу керек?
"Зоология институты" арахнология және басқа да омыртқасыздар зертханасының кіші ғылыми қызметкері Леонид Ким қарақұрттар - Latrodectus tredecimguttatus бүкіл Қазақстан бойынша адамдар мен жануарлар үшін шынайы қауіп төндіретін жалғыз өрмекші түрі екенін айтты.
Халық арасында бұл жәндікті "қара жесір" деп те атайды, ол Еуразиядағы ең улы өрмекшілердің бірі болып саналады.
Сарапшы қала ішінде қарақұрт шаққан жағдайда бірден жедел жәрдем шақыру керектігін ескертеді. Дәрігерлер келгенше науқасқа тыныштық беріп, сұйықтықты көп ішкізу керек.
"Шаққан жерді сіріңкемен күйдіруге болады деген пікір бар, бірақ мен мұны тек соңғы амал ретінде (егер медициналық көмек тым алыс болса) және шаққаннан кейінгі алғашқы минутта ғана жасауға кеңес берер едім. Бұл удың бір бөлігін жояды, бірақ кейбір белгілер қалуы мүмкін. Олар бір тәуліктен немесе бірнеше күннен кейін басылады. Шаққан кезде ауыр тигеніне қарамастан, бұл сәтті емделеді", - деді арахнолог.
Қарақұрттың шағуы алғашында ауыртпайды, тек қызару мен терідегі байқалар-байқалмас екі тесік пайда болады. 5-20 минуттан кейін бүкіл денеге тарайтын өткір ауырсыну басталады. Дене түршігуі, құрысу, қызба, тершеңдік, бас ауруы, іштегі панкреатит немесе асқазан жарасына ұқсас қатты ауырсыну, сондай-ақ тыныс алудың жиілеуі, тахикардия және аритмия пайда болып, жүрек жеткіліксіздігіне әкелуі мүмкін.
Әсіресе балалар, қарттар және аллергиясы бар жандар шағуды ауыр көтереді. Уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, өлімге дейін апаруы мүмкін асқынулар туындауы ықтимал. Емдеу үшін қарақұрт уына қарсы арнайы сарысу егіледі.
Қарақұрт қашан пайда болады?
Сонымен қатар Леонид Ким бұл жәндіктердің табиғи циклдері бар екенін атап өтті:
"Қарақұрттарға "өршу" тән, кейбір жылдары олар өте көп болады, содан кейін "депрессия" кезеңі тууы мүмкін, бұл уақытта оларды тіпті тұрақты мекендейтін жерлерінен де табу мүмкін бола бермейді".
Яғни, олардың саны бірде күрт өсіп, бірде күрт азаяды - бұл қалыпты табиғи процесс. Сарапшының айтуынша, қазір өрмекшілер көбейетін осындай өршу кезеңдерінің бірі жүріп жатыр. Соған қарамастан, олардың санын реттеудің қажеті жоқ.
Олардың қашан азаятынын мамандар дөп басып айта алмайды - нақты болжам жасау үшін деректер әлі де жеткіліксіз.
Леонид Кимнің айтуынша, Алматыда қарақұрттар кездеседі, бірақ әзірге жаппай емес. Қалада олар құрғақ жерлерді таңдайды, саңылауларға, ескі-құсқы заттар мен құрылыс қоқыстарының арасына ұя салады. Ұялары кейінірек, шілде-тамызға қарай пайда болады.
Мән-жайы
Әлеуметтік желілерде алматылықтар жеке секторда байқалған өрмекшілердің суреттерін жариялап жатыр. Қала тұрғындары оларды улы қарақұрттар болуы мүмкін деп қауіптенеді.
Алайда біздің спикер суреттегілер өмірге қауіпті жәндіктер емес, тұрмыста "жалған қарақұрт" деп аталатын Steatoda paykulliana екенін айтып сендірді.
Оның айтуынша, ересек ұрғашысын қызыл немесе ақ жолағы арқылы тануға болады. Мұндай өрмекшілерді қаладан кездестіру еш таңсық емес.
"Олардың шағуы қиын, олар өте қорқақ келеді, тек жәндікті үстіңізге басып қалған жағдайда шағуы мүмкін. Сонымен қатар олардың уы әлдеқайда әлсіз", - деді маман.
Арахнолог өрмекшіні тапқан жағдайда әркім өз қалауынша әрекет ете алатынын айтады:
"Мән бермей бірге өмір сүре беруге болады, абайлап банкаға салып, далаға жіберуге болады немесе инсектицидпен улап не өлтіріп тастауға болады".
Еске сала кетейік, былтыр Қазақстанда қарақұрттың қаптауына қатысты шағым көп болған. Шымкентте олардың шағуынан сегіз адам зардап шекті. Екі адам ауруханаға жатқызылды, қалғандары амбулаторлық көмек алды. Кейін Талдықорған мен оның маңында қарақұрт шағу жағдайлары тіркелгені туралы жазылған болатын. Зардап шеккендердің бірі жансақтау бөліміне түскен.
Тағы оқыңыз: Алматыда кене көбейгені рас па: мамандар пікір білдірді