Алматыда кене көбейгені рас па: мамандар пікір білдірді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кенелер Фото:depositphotos.com

Алматылықтар көктем бастала салысымен кенеге қатысты шағымдарын білдіріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл жәндіктерді тауда ғана емес, қала ішіндегі саябақтар мен аулаларда да кездестіруге болады. Қанша адам медициналық көмекке жүгінгенін және кене расымен көбейген-көбеймегенін TengriHealth тілшісі анықтап көрді.


Алматылықтар көктем бастала салысымен кенеге қатысты шағымдарын білдіріп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл жәндіктерді тауда ғана емес, қала ішіндегі саябақтар мен аулаларда да кездестіруге болады. Қанша адам медициналық көмекке жүгінгенін және кене расымен көбейген-көбеймегенін TengriHealth тілшісі анықтап көрді.

Не болды?

Әлеуметтік желілерде алматылықтар тау маңы мен жасыл аймақтарда кене шағу қаупі бар деп дабыл қағып жатыр. Желі қолданушыларының сөзінше, жәндіктер тіпті үйреншікті демалыс орындарында да жиі кездесетін болған.

Мәселен, қала тұрғындарының бірі Медеу ауданында баласымен серуендеп келген соң, оның басынан кене тауып алғанын айтты.

"Төбемнен жай түскендей болды. Алдымен қатты қорықтым, кейін өзімді қолға алып, кенені алып тастадым да, баланы тексерту үшін 103 қызметіне хабарластым. Енді далаға шығып келген сайын міндетті түрде бәрін мұқият тексеремін", - деді ол.

Алматылық тағы бір қыз алақанындағы кененің суретін жариялап, оны Медеу тауына барған кезде байқағанын айтты.

"Әзірге тау жаққа шықпаған дұрыс, сақ болыңыздар", - деп жазды қыз.

Threads желісіндегі жазбалардың скриншоты

Пікір қалдырушылардың бірі бұл көктем мезгілі үшін қалыпты жағдай десе, енді бірі тауда да, қалада да кенелердің көбейіп кеткенін айтады.

Кене шағу статистикасы

Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықованың айтуынша, бүгінде медициналық ұйымдарға кене шағуға байланысты 334 адам жүгінген, олардың тең жартысы 14 жасқа дейінгі бала.

Маман көмек сұрағандардың барлығына дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетілгенін атап өтті. Көрсетілімдер болған жағдайда пациенттерге кенеге қарсы иммуноглобулин егілді.

"Қазіргі уақытта кене инфекцияларын жұқтыру жағдайлары тіркелген жоқ. Эпидемиялық маусымда апта сайын мониторинг жүргізіліп, халықтың кене шағуға байланысты медициналық мекемелерге жүгіну көрсеткіші қадағаланып отырады", - деді Қалықова.

Еске сала кетейік, Алматы маңы кене энцефалиті мен кене боррелиозы сияқты инфекцияларды тарататын иксод кенесі көп кездесетін эндемиялық аймаққа жатады.

Анықтама: Кене энцефалиті - вирус жұққан кененің шағуы арқылы адамға берілетін және ең алдымен бас миы мен жұлынды зақымдайтын вирустық ауру.
Анықтама: Кене боррелиозы (Лайм ауруы) - теріні, буындарды, жүректі және жүйке жүйесін зақымдайтын бактериялық инфекция.

Сондықтан қала тұрғындарының бұл жәндікті көргені туралы хабарламалары қалыпты жағдай. Көктемде олардың белсенділігі артады, соған байланысты таулы және табиғи аймақта оларды кездестіру қаупі жоғары. Мамандар кененің белсенді маусымы сәуірден қазанға дейін созылатынын, ал шарықтау кезеңі мамыр мен маусым айларына сәйкес келетінін айтады.

Эпидемиологтардың сөзінше, кене инфекцияларынан қорғанудың негізгі жолы - вакциналау.

Кенеден қалай қорғануға болады?

Кене энцефалитіне қарсы екпе міндетті екпелер күнтізбесіне кірмейді, бірақ көрсетілімдер бойынша - бірінші кезекте эндемиялық аймақ тұрғындарына ұсынылады. Бұл аймаққа Алматы мен қала маңы, сондай-ақ Алматы, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстары жатады.

Сондай-ақ жоспарлы вакциналау инфекцияның табиғи ошақтарында тұратын немесе жұмыс істейтін адамдарға ұсынылады.

Қалықованың нақтылауынша, қалада TicoVak вакцинасы бар. Алғашқы курс үш дозадан тұрады, бұл ретте алдын ала екпе салдырып үлгермегендер үшін шұғыл схема қарастырылған.

"Ол 16 жастан асқан адамдарға кене энцефалитіне қарсы белсенді иммундау үшін қолданылады", - деп толықтырды ол.

Кене расында көбейді ме?

Әлеуметтік желілерде қала тұрғындары кене саны 10 жыл бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда көбейгенін айтып жатыр.

Дегенмен, Әсел Қалықованың сөзінше, соңғы 10 жылдағы апта сайынғы мониторинг мәліметтеріне сәйкес, кене шағуға байланысты медициналық мекемелерге жүгінгендер саны жалпы алғанда көпжылдық орташа көрсеткіштен аспайды.

"Кейбір жылдары жүгінгендер санының аздап өсуі байқалады, бірақ бұл ерте көктем мен күннің күрт жылынуы сияқты климаттық өзгерістерге байланысты болды. Бұл факторлар кененің көбеюіне қолайлы жағдай жасап, белгілі бір кезеңде олардың белсенділігін арттырады", - деп қосты Қалықова.

TengriEdu