Алматыда қоқысты ЖИ-мен “жинауға“ қатысты жанжал жалғасын тапты

ПОДЕЛИТЬСЯ

Алматыда қоқысты ЖИ-мен “жинауға“ қатысты жанжал жалғасын тапты Фото: Threads

Алматының Бостандық ауданындағы көшелерді "тазалау" үшін жасанды интеллектіні пайдалану төңірегіндегі оқиға жалғасын тапты. Қала әкімдігі қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдап, қоқыс жәшіктерінің толып кетуіне жауаптыларды айыппұлға жықты, деп хабарлайды Tengri Life.


Алматының Бостандық ауданындағы көшелерді "тазалау" үшін жасанды интеллектіні пайдалану төңірегіндегі оқиға жалғасын тапты. Қала әкімдігі қызметтік тергеу жүргізу туралы шешім қабылдап, қоқыс жәшіктерінің толып кетуіне жауаптыларды айыппұлға жықты, деп хабарлайды Tengri Life.

Не болды?

Аудандық әкімдік тексеру жұмыстары әлеуметтік желіде жасанды интеллект арқылы өңделген болуы мүмкін деген күдік тудырған фотосуреттер жарияланғаннан кейін басталғанын хабарлады.

"Әлеуметтік желіде жасанды интеллект технологияларын пайдалану белгілері бар материалдар мен фотосуреттердің жариялану фактісі бойынша қызметтік тергеу жүргізіліп жатыр. Тексеру қорытындысы бойынша тиісті құқықтық және ұйымдастырушылық баға беріледі", - делінген ресми жауапта.

Сөз болып отырған жайт — №125 мектептің дәл қарсысындағы Левитан көшесінің тазаланғанға "дейінгі" және тазаланғаннан "кейінгі" кадрлары. Желі қолданушылары бұған дейін дәл осы суреттерден оғаштықты байқаған болатын: әлеуметтік желі бұл фотоны жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген кескін деп белгілеген.

Тексеріс нәтижесі қандай?

Әкімдіктің түсіндіруінше, бұл аумақ аудандық маңызы бар учаскелерге жатады және оған "Жасыл Жер Алматы" ЖШС мердігерлік ұйымы қызмет көрсетеді. Кесте бойынша мұндағы қоқыс жәшіктері күніне екі рет тазартылуы тиіс.

"Жаяу жүргіншілер мен көлік ағынының тығыздығына, сондай-ақ осы ауданда орналасқан нысандарға келушілердің көптігіне байланысты, кейбір кезеңдерде қоқыс жәшіктерінің тұрмыстық қалдықтарға толып кетуіне жол беріліп, бұл аумақтың санитарлық жағдайының нашарлауына әкеп соқты. Бостандық ауданы әкімі аппараты мен Бостандық ауданының табиғат қорғау полициясы бөлімі бірлесіп жүргізген тексеру іс-шараларының нәтижесінде жауапты тұлғаларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды", - деп мәлімдеді әкімдік.

Тексеруден кейін мердігер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабы 1-бөлігі (абаттандыру қағидаларын бұзу) бойынша жауапкершілікке тартылды.

Әкімдік мердігерге нақты қандай жаза қолданылғанын - ескерту немесе айыппұл екенін нақтыламады. Дегенмен, ӘҚБтК-нің 505-бабында екі нұсқа да қарастырылған.

Айыппұл мөлшері құқық бұзушының санатына байланысты: жеке тұлғалар үшін - 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін - 30 АЕК, орта кәсіпкерлік үшін - 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік үшін - 100 АЕК.

Бір жыл ішінде қайталап бұзған жағдайда айыппұл көлемі артады. Ірі бизнес үшін айыппұл 300 АЕК-ке дейін жетуі мүмкін.

Әкімдік қазіргі уақытта мердігерлердің аталған учаскеде тәртіп орнатқанын - барлық қоқыс шығарылып, аумақтың тиісті қалыпқа келтірілгенін айтып сендірді.

Оқиғаның мән-жайы

Еске сала кетейік, мамыр айының ортасында Алматы тұрғыны Бостандық ауданы әкімдігін көше тазалау үшін жасанды интеллектіні пайдаланды деп күдіктенген жазба жариялаған еді.

Жазба желіде тез тарап, 100 мыңға жуық қаралым жинады. Қолданушылар әлеуметтік желінің суреттердің бірін жасанды интеллект көмегімен жасалған немесе өңделген деп белгілегенін байқап қалған.

Бұдан бөлек, пікір қалдырушылар "дейінгі" және "кейінгі" кадрлардағы оғаштықтарға: көлеңкелердің бірдейлігіне, ракурстың сәйкестігіне және суреттердегі күмәнді ұқсас бөлшектерге назар аударды.

Скриншот: Threads

Tengrinews