Сапасыз тағамнан жылына 1,5 миллион адам қайтыс болады: ДДСҰ кімдер қауіп тобында екенін айтты

Фото:depositphotos.com

7 маусымда аталып өтетін Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күніне орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы азық-түлік арқылы тарайтын аурулар көрсеткішіне қатысты жаңартылған есепті жариялады, деп хабарлайды TengriHealth.

7 маусымда аталып өтетін Дүниежүзілік азық-түлік қауіпсіздігі күніне орай Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы азық-түлік арқылы тарайтын аурулар көрсеткішіне қатысты жаңартылған есепті жариялады, деп хабарлайды TengriHealth.

Барлық жағдайдың үштен біріне жуығы балаларға тиесілі

ДДСҰ-ның жаңа бағалауына сәйкес, жыл сайын сапасыз азық-түлік өнімдері шамамен 866 миллион сырқаттану жағдайына және 1,5 миллион адамның өліміне себеп болады.

Жарнама
Жарнама

ДДСҰ Бас директоры доктор Тедрос Адханом Гебрейесус жаңа мәліметтер мәселенің шынайы ауқымын алғаш рет көруге мүмкіндік беретінін мәлімдеді:

"Азық-түлік қауіпсіздігі - бұл дерексіз мәселе емес, ол әрбір тамақтануға, әрбір отбасына қатысты. Бұл әрқашан қоғамдық денсаулық сақтаудың маңызды мәселесі болды, бірақ осы уақытқа дейін бізде оның адам шығыны мен экономикалық салдарының орасан зор екенін көрсететін толық бейне болмады".

Ұйым мәліметінше, бес жасқа дейінгі балалар ең осал топтардың бірі болып қала береді және мұндай ауруларға ересектер мен үлкен жастағы балаларға қарағанда үш есе жиі шалдығады.

Олар әлем халқының небәрі 9 пайызын құрағанына қарамастан, барлық сырқаттану жағдайының үштен біріне жуығы солардың үлесінде. Әсіресе олар үшін өлімге әкелуі мүмкін диареялық инфекциялар өте қауіпті.

Бес жасқа дейінгі балалардың мұндай ауруларды жұқтыру қаупі үш есе жоғары, - дейді сарапшылар.

Өлім-жітімнің негізгі факторы

Баяндамада атап өтілгендей, бактериялардың, вирустардың және паразиттік инфекциялардың әсері азық-түлік арқылы тарайтын аурулардың көпшілігіне себеп болған. Дегенмен, химиялық заттардың әсері өлім-жітімнің пропорционалды емес жоғары үлесіне әкеп соқты.

"Тағам құрамындағы метилсынап және қорғасын сияқты химиялық заттар дамып келе жатқан миға зиян тигізіп, балаларда дамумен байланысты неврологиялық проблемаларды тудыруы мүмкін", - делінген хабарламада.

ДДСҰ мәліметінше, 2021 жылы олар ластанған тағаммен байланысты барлық өлім-жітімнің 73 пайызына себеп болған.

Мұндай жағдайлардың көпшілігі бейорганикалық мышьяк пен қорғасынның әсерімен байланысты, олар жүрек-қан тамырлары мен онкологиялық аурулардың қаупін арттырады.

Ұйым деректеріне сәйкес, бейорганикалық мышьяк, қорғасын және метилсынап тағам тізбегіне табиғи көздерден де, адам әрекетінің нәтижесінде де түсуі мүмкін. Бұл заттарды тағамнан жою көбінесе қиын немесе мүмкін емес.

Қандай шаралар ұсынылады?

Баяндамада сырқаттану жағдайлары көбінің алдын алуға болатыны айтылған. Қажетті шаралар қатарында:

  • таза суға, санитария мен гигиенаға қолжетімділікті жақсарту;
  • азық-түлік қауіпсіздігі талаптарын, соның ішінде пастерлеуді сақтау;
  • сондай-ақ халықтың осал топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру.

ДДСҰ Бас директорының айтуынша, осы бағалаулардың арқасында елдер ең осал бағыттарды нақтырақ анықтап, халықтың денсаулығын қорғау үшін қажетті шараларды қабылдай алады.

Тағы оқыңыз: Тамақ жеткізуге арналған сөмкелер және ішек инфекциялары: дәрігерлер курьерлерге үндеу жасады

Жаз мезгіліндегі ішек инфекциясы: қандай жағдайда дәрігер шақыру қажет?

Tengrinews

Жарнама
Жарнама