Тамақ жеткізуге арналған сөмкелер және ішек инфекциялары: дәрігерлер курьерлерге үндеу жасады

ПОДЕЛИТЬСЯ

Тамақ жеткізу Фото:depositphotos.com

Қазақстанда тағам жеткізу қызметіне байланысты қауіпке назар аударылды. Санитар дәрігерлер курьерлердің сөмкесі мен рюкзактар инфекция мен тағамнан улану көзіне айналуы мүмкін екенін айтты. Толығырақ - TengriHealth материалында.


Қазақстанда тағам жеткізу қызметіне байланысты қауіпке назар аударылды. Санитар дәрігерлер курьерлердің сөмкесі мен рюкзактар инфекция мен тағамнан улану көзіне айналуы мүмкін екенін айтты. Толығырақ - TengriHealth материалында.

Курьер сөмкесі және тағам қауіпсіздігі

Денсаулық сақтау министрлігі Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының тағам қауіпсіздігі секторының санитар дәрігері Қарлығаш Әбдіжаббарова тағам жеткізу қызметі ас үй мен тұтынушы арасындағы маңызды тізбек екенін атап өтті.

Оның айтуынша, егер қаптама немесе контейнер тығыз жабылмаса, өнімге химиялық және биологиялық ластаушы заттар түсіп, тағамнан улану мен инфекцияға әкеп соғуы мүмкін. Сондықтан қаптаманы сыртқы ластаушылардан қорғауға арналған курьерлік сөмкелер мен рюкзактардың жай-күйі өте маңызды.

Алайда олардың өздері ластану көзіне айналуы мүмкін, дейді сарапшы.

Тағамға қандай инфекциялар түсуі мүмкін

Қарлығаш Әбдіжаббарова курьер сөмкесінен тағамға түсуі мүмкін микробтарды атап өтті:

  • Salmonella (сальмонеллалар) – сальмонеллез тудырады. Көбіне ластанған ет, жұмыртқа, құс еті, сондай-ақ науқас немесе бактерия тасымалдаушы адамның қолы арқылы тарайды;
  • Staphylococcus aureus (патогенді алтын түстес стафилококк) – тағамнан улануды тудыратын токсиндер бөледі. Науқас адамның немесе дені сау тасымалдаушының қолынан, шырышты қабықтарынан түсуі мүмкін;
  • Escherichia coli (ішек таяқшасы) патогенді штамдары – эшерихиоз, яғни ішек инфекцияларын тудырады. Көздері - ластанған ет, көкөністер, су, сүт өнімдері;
  • Yersinia enterocolitica (иерсиниялар) және Listeria monocytogenes (листериялар) – тағам арқылы берілетін зоонозды инфекцияларды (иерсиниоз бен листериоз) тудырады. Көбіне ішек аурулары түрінде байқалады. Бұл бактериялар жануарлар мен кеміргіштер арқылы ластанған жануар және өсімдік тектес өнімдерде болуы мүмкін;
  • Зең және ашытқы саңырауқұлақтары - тағамның бұзылуына себеп болуы мүмкін, ал кейбірі микотоксиндер бөледі.

Бактериялар неге сөмке ішінде көбейеді?

Сарапшының айтуынша, қоздырғыштар курьерлік рюкзактарға түсіп, санитарлық нормалардың бұзылуына байланысты белсенді түрде көбейеді.

"Егер мұндай контейнерлердің ішкі қаптамасы құрамында улы заттар болуы мүмкін материалдардан жасалса, химиялық ластаушы заттар тағамға түсуі мүмкін. Олар тағаммен жанаспауы керек", - дейді маман.

Сонымен қатар, санитар дәрігер ыстық, майлы немесе қышқыл тағаммен жанасқанда қауіптің арта түсетінін атап өтті.

"Егер санитарлық талаптар сақталмаса, курьерлік сөмкелер мен контейнерлерде бактериялардың белсенді көбеюіне қолайлы орта қалыптасады. Бұл инфекция жұқтыру қаупін арттырады", - деп түйіндеді дәрігер.

Қарлығаш Әбдіжаббарова қауіптің бірнеше негізгі факторларын бөліп көрсетті:

1. Сөмкедегі тағам қалдықтары мен ластанулар: ұсақ түйіршіктер, май, сорпа мен соус тамшылары және т.б.;

2. Айқас ластану - шикі өнімдер мен дайын тағамды, таза және лас ыдыстарды бірге тасымалдау;

3. Температуралық режимнің бұзылуы. Егер контейнер ішіндегі температура ұзақ уақыт бойы плюс 6–8 градустан жоғары болса;

4. Жоғары ылғалдылық бактериялардың, саңырауқұлақтар мен зеңнің өсуіне қолайлы орта жасайды;

5. Рюкзакты сирек немесе дұрыс жумау және дезинфекцияламау;

6. Сөмкенің ішкі бетінің зақымдалуы.

Жеткізу қызметтері қандай ережелерді сақтауы тиіс?

Қазақстандағы санитарлық талаптар тағамды тасымалдау шарттарын тікелей реттейді. Міндетті шарттар қатарында:

  • таза және тығыз жабылған қаптаманы пайдалану;
  • рұқсат етілген жуғыш және дезинфекциялаушы құралдарды қолдану;
  • контейнер ішінде қауіпсіз және жууға болатын материалдарды пайдалану;
  • ауыз су стандарттарына сәйкес келетін суды пайдалану.

Курьерлік сөмкелерді қалай дұрыс өңдеу керек?

Тиімді санитарлық өңдеу төрт кезеңнен тұрады: тазарту, жуу, дезинфекциялау және толық кептіру.

"Егер кем дегенде бір кезең ескерілмесе, бактериялар мен зеңнің көбею, сондай-ақ өнімдердің ластану қаупі айтарлықтай артады", - деп ескертеді санитарлық дәрігер.

Әр ауысымнан кейін сөмкені жуып, дезинфекциялап, толық кептіру керек. Күн бойы беткі қабаттарды сүртіп, ластануларды дереу тазалап, ыстық және суық тағамдарды жеткізу кезінде температураны бақылап отыру қажет.

Аптасына бір рет терең тазарту жүргізіп, сөмкенің жай-күйін тексеру, жағымсыз иіс, зең, зақымданулардың бар-жоғын қарап шығу қажет.

Тұтынушыларға қандай кеңес беріледі?

Сатып алушылар да мұқият болуы тиіс. Дәрігер мынадай кеңес береді:

  • тапсырысты алған кезде қаптаманың бүтіндігін тексеру;
  • ластанған белгілері бар өнімдерді қабылдамау;
  • тез бұзылатын өнімдерді бірден тұтыну немесе тоңазытқышта сақтау;
  • күмән туған жағдайда жеткізу қызметіне хабарласу.
TengriEdu