Қазақстан құрамасының 17 жастағы жұлдызы Дастан Сәтпаев алматылық "Қайрат" сапындағы қоштасу матчін өткізді. Бұл жаңалық футболшының кішкентай жанкүйерлерін қатты мұңайтты, деп хабарлайды Tengri Life.
Кеше, 17 маусымда, Қазақстан құрамасының жұлдызды шабуылшысы Дастан Сәтпаев алматылық "Қайрат" сапындағы соңғы ойынын өткізді.
Жақын арада ол лондондық "Челси" клубына қосылады. "Қызылжармен" кездесуден кейін ол жанкүйерлермен және командамен қоштасты.
Клуб Сәтпаевқа "Қайрат" сапында өткізген ойындар санын білдіретін символикалық 58-нөмірлі жейде сыйлады.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Үлкен мұң
Футбол жанкүйерлері жас жұлдыздың кетуіне мұңайып қалды. Әсіресе бұл жағдай кішкентай жанкүйерлерге қатты әсер етті.
Әлеуметтік желілерде Дастан Сәтпаевтың алаңнан кетіп бара жатқанын көріп, көздеріне жас алған балалардың видеолары тарай бастады.
Солардың бірі 8 жасар Адам. Tengri Sport тілшісі жанкүйердің анасы Эльмирамен байланысты. Оның айтуынша, ұлы 6 жасынан бастап "Қайратқа" жанкүйерлік етеді және Сәтпаевтың командадан кетуін өте ауыр қабылдаған.
Анасының айтуынша, Адамның екі-ақ футбол кумирі бар: Дастан Сәтпаев пен Криштиану Роналду.
"Алдыда Дастансыз өтетін матчтер күтіп тұр, біздің жақсы көретін "Ооо, Дастан Сәтпаев!" деген ұранымыз да айтылмайды. Әрине, уақыт өте келе ол үйреніп кетеді, бірақ қазір ол әлі де мұңайып жүр. Сөзсіз, Дастан Сәтпаев Адамның басты футбол кумирі. Ол қай командада ойнаса да, Адам әрқашан оған тілеулес болады", - деді Эльмира Tengri Sport-қа берген сұхбатында.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Сондай-ақ Эльмира ұлы дүниеге келмей тұрып-ақ оның болашақта футболшы болатынына сенімді болғанын айтты.
"Менің аяғым ауыр кезде біз Барселонаға "Камп Ноу" стадионына ұшып бардық, сол кезде бұл жерге бір күні өзіміздің футболшымызбен бірге ораламыз деп айтқан болатынбыз", - деп бөлісті Адамның анасы.
Эльмира Қарақұлованың жеке мұрағатынан алынған фото
Ақыры солай болды. Жас футболшының анасы баласының кішкентай кезінен бері доп ең сүйікті ойыншығы болғанын, ал қазір ол "Қайрат" академиясы филиалына іріктеуден өткенін айтты.
"Сәби кезінен бастап оның ең жақсы көретін ойыншығы доп болды. Жүріп үйрене салысымен одан ажырамайтын болды. Үмітіміз болғанымен, біз оны ешқашан итермелеген емеспіз, керісінше, оның футболға деген махаббаты ешқандай қысымсыз, табиғи түрде оянғанын қаладық. Ол аулада атасымен және әкесімен, көшедегі балалармен және мектепте ойнады.
Биыл біз "Қайрат" академиясы филиалына іріктеуден өттік, Адам енді жүйелі жаттығуларды бастады. Оның арманы - негізгі академияға түсіп, кәсіби деңгейде жаттығу. Ол футболды өте жақсы көреді және осы спорт түрімен байланысты үлкен жоспар құрып жатыр", - деп толықтырды Эльмира.
Эльмира Қарақұлованың жеке мұрағатынан алынған фото
Тағы бір оқиға 6 жасар Томириске қатысты, оның да видеосы әлеуметтік желілерде кеңінен таралды. Видеода Сәтпаевтың кететіні туралы жаңалықты естіген кішкентай қыздың жылап қалғаны көрсетілген.
Біздің редакцияға берген сұхбатында оның әкесі Олжас қызы екеуі Чемпиондар лигасының "Реалға" қарсы матчінен кейін "Қайратқа" жанкүйер бола бастағанын айтты.
Әкесінің айтуынша, Томирис Сәтпаевтың кететінін алдын ала білген, сондықтан олар ойынды стадионнан тікелей тамашалауға келген.
"Дастанның кететінін ол "Атыраумен" арадағы матчке дейін білді, соған байланысты ойынға баруды ұйғардық. Айтпақшы, бұл оның стадионда матчті алғаш рет тікелей көруі болды. Сол кезде бәрі сәтті шығып, ол ойын атмосферасын және жанкүйерлердің қолдауын сезінді. Өте керемет болды", - деді Олжас.
Олжас Әбдірамановтың жеке мұрағатынан алынған фото
Негізінен олар ойындарды теледидардан бірге тамашалайды. Олжастың айтуынша, қызы бір сәтте онымен бірге ағылшын Премьер-лигасы (АПЛ) матчтерін көре бастаған. Бұл ретте Томиристің әкесі Сәтпаев ауысатын "Челси" клубының жанкүйері болса, анасы Гүлмира "Реалды" қолдайды.
"Футболды негізінен теледидардан көретінбіз, дәлірек айтсам, мен көретінмін, ал ол қасымда отырып АПЛ ойындарын бақылайтын. Оның қызығушылығы осылай пайда болды. Анасы "Реалға" жанкүйер, соған байланысты негізінен "Челси", "Қайрат" және "Реал" қатысатын матчтерді көреміз. Дастанды "Челсиде" де қолдаймыз, оның үстіне бұл біздің сүйікті клубымыз", - деп толықтырды кішкентай жанкүйердің әкесі.
Олжас Әбдірамановтың жеке мұрағатынан алынған фото
Дастан Сәтпаев қоштасу матчінде дубль жасады
Еске сала кетейік, Дастан Сәтпаевтың клубпен қоштасуы Қазақстан Премьер-лигасының (ҚПЛ) 17-туры аясындағы матчте өтті. Алматыдағы стадионда өткен бұл кездесуде "Қайрат" петропавлдық "Қызылжарды" қабылдады.
Бірінші таймда көрермендер гол көре алмады. Алаң иелері аумақтық басымдығына қарамастан, "Қызылжар" қорғанысы қарсыластың шабуылдарына төтеп бере білді.
Үзілістен кейін "Қайрат" өз басымдығын голға айналдыра алды. 59-минутта Сәтпаев алғашқы голын соғып, командасын алға шығарды.
85-минутта Исмаил Бекболат "сары-қаралардың" басымдығын еселей түссе, екі минуттан кейін Сәтпаев дубль жасап, қорытынды есепті белгіледі - 3:0.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Дастан Сәтпаев "Челсиде": трансфер тарихы
Еске сала кетейік, Дастан Сәтпаевтың "Челсиге" ауысуы 2025 жылдың ақпанында рәсімделген болатын, бұл туралы алматылық "Қайрат" хабарлаған еді. Ол кезде Дастан кәмелетке толғанға дейін Англияға ауыса алмайтыны туралы шарттар да айтылған болатын.
Бұған дейін Сәтпаевтың "Челсимен" келісімшартқа отырғаны туралы футбол әлеміндегі беделді инсайдер Фабрицио Романо хабарлаған болатын. Ол бұл трансферді ел тарихындағы рекорд көрсеткіш деп атады - Қазақстан клубтары бұрын-соңды өз түлегі үшін мұндай қомақты қаражат алмаған.
Дастан "Қайраттың" жастар құрамында ойнап жүрген кезінде-ақ "Челси" скауттарының назарына іліккен болатын, ал 16 жасында ел чемпионатында негізгі құрам сапында дебют жасады.
Қазіргі уақытта Сәтпаевтың еншісінде Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі мен жалпы кезеңіндегі голдар, Қазақстан Премьер-лигасындағы 19 гол, екі чемпиондық титул және ұлттық құрама тарихындағы ең жас гол авторы мәртебесі бар.
Instagram-дағы бұл жарияланымды көру
Сәтпаев қалай “Қайратпен“ қоштасып, “Челсиге“ кетті. Алматыдан репортаж