Тұрғындар жиналысы орнына WhatsApp-тағы талқылаулар: чаттағы дауыс беру заңды ма?

Фото: depositphotos.com

Кейінгі уақытта Қазақстанда көппәтерлі үйлерді басқарудың тағы бір заманауи нышаны - үйдің ортақ чаттары пайда болды. Бірақ ондағы дауыс беру үйді жөндеуге заңды негіз бола ала ма? Бұл туралы TengriНоме авторлық бағанында "Территория права" республикалық қоғамдық бақылау тобы кеңесінің басшысы Александр Разумовский мен Республикалық кондоминиумдарды басқару қауымдастығының басқарма төрағасы Павел Шульгин түсіндіреді.

Көбісі WhatsApp-чатта болуды үйді басқаруға қатысумен шатастыра бастады

Қазір WhatsApp немесе Telegram-да ортақ чаты жоқ тұрғын үйді табу қиын. Онда тұрғындар апаттар мен жөндеу жұмыстарын талқылайды, тарифтердің қымбаттығына шағымданады, көршілер туралы пікір алмасады, үй басқарушысының жұмысын сөз етеді, сондай-ақ ауланы абаттандыру мәселесін талқылайды. Кейде тіпті татуласып, бір-бірін мерекемен құттықтап жатады.

Тұрғындар өз үйінің тыныс-тіршілігіне белсене араласа бастағандай әсер қалдырады. Бірақ іс жүзінде солай ма?

Тәжірибе қызықты бір ерекшелікті көрсетеді. Үй чатында хабарлама неғұрлым көп болса, жиналыстарға соғұрлым аз адам келеді және жазбаша сауалнамаларға аз қатысады. Жүздеген пікірлер. Ондаған қызу дау-дамайлар. Мыңдаған хабарламалар. Бірақ пікір білдіріп қана қоймай, шешім қабылдауға дайын санаулы ғана адам бар.

Көбісі чатта болуды үйді басқаруға қатысумен шатастыра бастады. Бірақ бұл екеуі екі бөлек нәрсе. Күн сайын хабарлама жазуға болады. Түн ортасына дейін дауласуға болады. Төрағаны, үй кеңесін немесе сервистік компанияны сынауға болады. Бірақ мессенджердегі бірде-бір хабарлама меншік иелерінің шешімі болып саналмайды.

Павел Шульгин
кондоминиумдарды басқару қауымдастығының басқарма төрағасы

WhatsApp-чат жауапкершілікті алмастыра алмайды

Заңда басқа тетіктер қарастырылған:

  • жиналыс; 
  • жазбаша сауалнама;
  • дауыстарды санау;
  • хаттама.

Шешімдер хабарламалар саны немесе қойылған "лайктармен" емес, дәл осылай қабылданады.

Үй чаты пайдалы құрал болуы мүмкін. Ол ақпаратты тез жеткізуге мүмкіндік береді. Апат туралы ескертуге, судың өшетінін хабарлауға, сенбілік ұйымдастыруға, жиналыс туралы еске салуға көмектеседі. Бірақ чат жауапкершілікті алмастыра алмайды.

Мықты үй ортақ чаттан емес, ортақ жауапкершіліктен басталады

Кейде үй топтары нағыз шайқас алаңына айналады. Біреулер жедел шешімдерді талап етеді. Басқалары төрағаны айыптайды. Үшіншілері үй кеңесін кінәлі деп санайды. Төртіншілері барлық мәселені әкімдік шешуі керек деп есептейді.

Бұл ретте жиналыстарға санаулы адам ғана келеді. Ал жазбаша сауалнамаларға қатысуды көбісі тіпті қажет деп санамайды.

Қарапайым сұрақ туындайды: егер меншік иелерінің өздері ортақ мүлікті басқаруға қатысқысы келмесе, оны олар үшін кім істеуі керек? Төраға ма? Үй кеңесі ме? Мемлекет пе? Әлде сервистік компания ма?

Жауабы айқын. Меншік иелерінің орнын ешкім баса алмайды. Өйткені кондоминиум - мемлекет меншігі емес. Бұл - азаматтардың ортақ меншігі. Оған деген жауапкершілік те ортақ.

 
Александр Разумовский

"Территория права" РҚБТ кеңесінің төрағасы

Үй чатын құру оңай. Жауапты көршілер қауымдастығын құру әлдеқайда қиын. Заманауи технологиялар қарым-қатынасты жеңілдете алады. Бірақ олар азаматтық жауапкершілікті алмастыра алмайды.

Мәселе үй чатында қанша адамның бар екенінде емес. Мәселе олардың қаншасы өз үйінің тынысына сөзбен емес, іспен үлес қосуға дайын екенінде. Өйткені "чатта болу" мен "үйді басқару" арасында үлкен айырмашылық бар. Қазақстандық ТҮКШ саласының болашағы осы айырмашылықты түсінуге тікелей байланысты.

Тәжірибе қарапайым шындықты көрсетеді: мессенджердегі белсенділік - басқарудағы белсенділік дегенді білдірмейді. Мықты үй ортақ чаттан басталмайды. Ол ортақ жауапкершіліктен басталады.

Аударған: Дина Шәріпхан

Тағы оқыңыз:

 Ақша төленіп жатыр, бірақ жөндеу жұмыстары жоқ: тұрғын үй қаржысын қалай тексеруге болады?

Жарнама
Жарнама

Жарнама
Жарнама