ТҮКШ саласындағы аудиторлық қорытындыларға неге әрқашан сене беруге болмайды? Тұрғындар үйге тәуелсіз сараптама жасатуға қалай қол жеткізсе болады? Бұл туралы TengriНоме авторлық бағанда "Территория права" республикалық қоғамдық бақылау тобы кеңесінің төрағасы Александр Разумовский мен Республикалық басқарушы компаниялар қауымдастығыны басқарма төрағасы Павел Шульгин ой бөліседі.
Пәтер иелерінің көбі өз үйі бойынша аудиторлық қорытындыны қолға алғанда: "Міне, бәрін тексеріпті, бәрі таза екен", – деп жеңіл тыныстап жатады. Сөйтіп, артық сұрақ қоймастан жарна төлеуді жалғастыра береді.
Ал бір-екі жылдан кейін жиналған қаражаттың жұмсалып кеткені, жөндеу жұмыстарының жүргізілмегені және шұғыл жөндеуге бастапқы жоспарланған сомадан үш есе көп қаржы қажет екені анықталып жатады.
Аудит кезінде қойылуы тиіс сұрақтар:
- Шын мәнінде кім тексереді?
- Бұл тексеріс қаншалықты тәуелсіз?
Азаматтық кодексте көппәтерлі тұрғын үйдегі ортақ мүлік үй-жай иелеріне тиесілі екені анық жазылған. Оны күтіп ұстау ауыртпалығы да солардың мойнында. Бірақ осы ақша мен мүлікті бақылау жай ғана қағаз жүзінде болса, онда меншік құқығы да елеске айналады.
"Қолжаулық" аудитордың қаупі неде?
Мына жағдайды елестетіп көріңізші: біреу сіздің ақшаңыз қалай жұмсалғанын тексеруге келеді. Бірақ оны өзіңіз таңдайсыз, еңбекақысын да өзіңіз төлейсіз. Әрине, ол сіздің көңіліңізден шығуға тырысады. Осындай адамды шартты түрде "қалтадағы аудитор" деуге болады. Қағаз жүзінде ол тәуелсіз болғанымен, іс жүзінде тексеруге тапсырыс беріп, ақысын төлеген тарапқа тәуелді.
"Аудиторлық қызмет туралы" заңға сәйкес, аудитор тәуелсіз болуы және мүдделер қақтығысына жол бермеуі тиіс. Алайда көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару саласында бұл қағида жиі сақтала бермейді. ПИК төрағасы немесе басқарушы компания өзіне қолайлы аудиторды таңдап, мөрі басылған "бәрі дұрыс" деген қорытынды алады. Ал пәтер иелері соған сеніп, бәрі ретімен деп ойлайды.
Ал ертең бәрі тек қағаз жүзінде дұрыс болғаны анықталса ше?
Үй бойынша аудит: алдау белгілері
Тіпті бухгалтерлік білімі жоқ адамды да сақтандыруы тиіс бірнеше қарапайым белгі бар.
Егер есепте бірнеше жыл бойы бірде-бір ескерту болмаса, бұл міндетті түрде мақтанатын нәрсе емес. Керісінше, сұрақ туғызатын жағдай. Құжаттағы көрсеткіштердің бәрі жақсы болып көрінгенімен, іс жүзінде шатырдан су ағып, лифт істемей тұрса, демек тексеру маңызды мәселелерді қамтымаған. Ал аудиторлық қорытындыда ірі шығындар, жасалған келісімшарттар мен берешектер жан-жақты талданбаса, оны толыққанды аудит деуге келмейді. Бұл жай ғана "бәрі дұрыс" деген формалды қорытынды.
"Тұрғын үй қатынастары туралы" Заң меншік иелеріне ортақ мүліктің жай-күйі мен шығыстар туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқық береді. Аудиторлық қорытынды - бұл тек құралдардың бірі.
Айтпақшы, өз үйіңіз бойынша соңғы аудиторлық қорытындыны қашан оқыдыңыз?
Неге ескертусіз есептерге сенуге болмайды?
Пәтер иелері "бәрі дұрыс" деген аудиторлық қорытындыға сеніп, сұрақ қоюды тоқтатқанда, мәселе шешілмейді, керісінше жылдар бойы қордала береді. Қағаз жүзінде қаржы игерілгенімен, іс жүзінде шатырдан әлі де су ағып тұрады. Екі жылдан кейін шұғыл жөндеу үшін қосымша жарна жинала бастағанда, тұрғындардың бәрі наразы болады. Ал шын мәнінде, бір жыл бұрын әлгі қағазға сене салмай, бірнеше маңызды сұрақ қойған болса, мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді.
Қазақстан Конституциясы меншік құқығын қорғайды. Бірақ бұл құқық меншік иесі оны өзі қадағалағанда ғана жүзеге асады. Егер біз бақылауды "қолжаулық" тексерістерге беріп қойсақ - оның зардабын өзіміз төлейміз.
Аудиторды таңдау көбіне тексерілушінің еркінде қалады. ТҮКШ саласында аудиторлар ротациясы кейбір басқа салалардағыдай міндетті норма емес. Тұрғын үй инспекциялары тарапынан аудиторлық қорытындылардың сапасын бақылау әзірге шектеулі.
Меншік иелері тәуелсіз тексеріске бастамашылық жасауға құқылы. Бірақ олар бұл құқықты сирек пайдаланғандықтан, "қалта" қорытындылары шыға береді.
Үйге тәуелсіз сараптама жасату: тұрғындарға арналған нұсқаулық
Ең бастысы - үндемей қалмау. Міне, қарапайым іс-қимыл тәртібі:
- Құжаттарды талап етіңіз. ПИК төрағасынан немесе басқарушыдан құжаттардың толық пакетін: аудиторлық қорытындыны, қаржылық есепті, ірі шығындар бойынша келісімшарттарды, орындалған жұмыс актілерін жазбаша түрде сұраңыз. "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заң бойынша олар сізге бұл ақпаратты беруге міндетті.
- Өзіңіз қарап шығыңыз. Ірі сомаларға, келісімшарттарға кім қол қойғанына, конкурстық рәсімдердің жүргізілген-жүргізілмегеніне назар аударыңыз.
- Тексеріс жүргізуге бастамашы болыңыз. Жалпы жиналыста меншік иелері ревизиялық комиссияны немесе ревизорды сайлай алады ("Тұрғын үй қатынастары туралы" Заң). Бұл - сіздің ішкі бақылау құралыңыз.
- Егер күмән сейілмесе - әрі қарай әрекет етіңіз. Тұрғын үй инспекциясына (eGov арқылы немесе жеке барып) өтініш жазыңыз. "Аудиторлық қорытындыда ... деп көрсетілген, бірақ іс жүзінде ..." деген сияқты нақты деректерді келтіріңіз. Құжаттардың көшірмелерін қоса тіркеңіз. Инспекция белгіленген мерзімде жауап беруге міндетті. Сондай-ақ әкімдікке немесе қоғамдық бақылау топтарына жүгінуге болады. Олар меншік иелеріне сұрауды дұрыс құрастыруға көмектеседі және процесті бақылайды.
- Қажет болса, баламалы аудитке тапсырыс беріңіз. Пәтер иелері жиналыста үй есебінен немесе басқа аудиторды тарта отырып, тәуелсіз тексеріс өткізу туралы шешім қабылдай алады.
Ең бастысы: әрбір өтінішіңіз нақты болуы тиіс. "Бәрі нашар" демей, "міне - деректер, міне - құжаттар, міне - мен тексеруді сұрайтын мәселелер" деп көрсету қажет.
Алғашқы қадамды жасаңыз - сонда сіз жай ғана тұрғын емес, өз мүлкін қорғайтын меншік иесіне айналасыз.
Тұрғындар аудиттің тәуелсіздігіне қалай қол жеткізе алады?
Үй деңгейінде мыналарды іске асыруға болады:
- Аудиторлармен жасалатын келісімшарттарға ротация және тәуелсіздік туралы талаптарды енгізу.
- Есептің егжей-тегжейлі болуын және меншік иелерінің нақты сауалдарына жауап беруді талап ету.
- Бірнеше үйге бірлескен тексеру жүргізу - бұл шығынды азайтып, тәуелсіздік деңгейін арттырады.
- Тексеру комиссиясының жұмысын белсенді пайдалану.
Жүйелі деңгейде өзгерістер қажет: ТҮКШ саласында аудиторлардың міндетті ротациясы, инспекциялар тарапынан қорытындылардың сапасын бақылауды күшейту, қоғамдық бақылауды дамыту керек.
Тәуелсіздік принциптері заңнамада бұрыннан бар. Мәселе тек меншік иелерінің бұл құқықтарын қорғауға қаншалықты дайын екенінде.
Аудиторлық қорытынды - пайдалы құрал. Бірақ ол шынайы тәуелсіз болғанда ғана тиімді. Меншік иелері сұрақ қойып, қолжетімді бақылау құралдарын (ревизиялық комиссиядан бастап тұрғын үй инспекциясына дейін) пайдалануды үйренбейінше, "қолжаулық" қорытындылар жалған тәртіп көрінісін жасауды жалғастыра береді.
Авторлар пікірі редакция ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін
Аударған: Дина Шәріпхан

