Палестиналық ХАМАС қозғалысы Газа секторын жиырма жылға жуық басқарып келген құрылымның таратылғанын жариялады. Бұл азаматтық басқаруды жүзеге асыру үшін технократиялық комитет құруға жол ашады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Euronews-ке сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, бұл қадам ХАМАС үшін елеулі саяси бетбұрысты білдіреді. Қозғалыс 2007 жылы парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін, оның содырлары билікті бәсекелес ФАТХ қозғалысынан тартып алып, содан бері Газаны бақылауда ұстап келген болатын.
Қазан айында Газада ХАМАС пен Израиль арасында атысты тоқтату режимі күшіне енгеннен кейін, топ күнделікті басқару ісінен шеттетілуге дайын екенін бірнеше рет мәлімдеді. Алайда оларды қарусыздандыруға қатысты күрделі мәселе әлі де шешілмеген күйде қалып отыр.
"Үкіметтің төтенше комитетінің басшысы Мохаммед әл-Фарра ресми түрде қызметінен кетті. Ол сондай-ақ Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитетке (NCAG) әкімшілік және басқарушылық ауысуды жеңілдету үшін комитетті тарату туралы шешім қабылдады", - деп хабарлады ХАМАС үкіметтік медиа кеңсесінің жетекшісі Исмаил ат-Тавбат AFP агенттігіне берген сұхбатында.
Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитет 2025 жылдың қазанында АҚШ президенті Дональд Трамп ХАМАС пен Израиль арасындағы атысты тоқтату келісіміне делдал болған кезде құрылған Бейбітшілік кеңесі тарапынан жасақталды.
"ХАМАС Газа секторын басқарудан бас тарта отырып, агрессия мен жою соғысын жалғастырып жатқан оккупацияның кез келген сылтауын жою үшін жаңа қадам жасады", - деді ХАМАС өкілі Хазем Кас AFP агенттігіне.
ХАМАС құрылымының таратылуы палестиналық технократ Әли Шаат бастаған Газаны басқару жөніндегі ұлттық комитеттің жағалаудағы анклавта әкімшілік өкілеттіктерді қабылдауына жол ашады.
NCAG бірнеше ай бойы Газадан тыс жерде орналасты. Хабарларға қарағанда, бұған Израильдің олардың соғыстан қираған аумаққа кіруіне қарсылық білдіруі себеп болған.
ХАМАС өкілдерінің бірінің айтуынша, топ Каирдегі жақында өткен кездесуде басқа палестиналық қозғалыстарға өз шешімі туралы хабарлаған.
ХАМАС пен басқа да палестиналық фракциялар халықаралық делдалдардың қатысуымен Каирде келіспеушіліктерді, әсіресе Газадағы атысты тоқтату режимінің екінші кезеңіне қатысты мәселелерді шешу үшін бірнеше келіссөздер раундын өткізді. Бірінші кезең ХАМАС қолындағы соңғы израильдік тұтқындарды Израиль түрмелеріндегі палестиналықтарға айырбастауды қарастырған болатын.
ХАМАС-ты қарусыздандыруды және израильдік әскерлерді Газадан біртіндеп шығаруды қамтуы тиіс екінші кезеңге өту процесі бірнеше айдан бері тоқтап тұр. Соңғы айларда Израиль күштері сектордың 70 пайызына жуығын өз бақылауына алып, аумақтағы қатысуын іс жүзінде кеңейтті.
Сонымен қатар ХАМАС өзінің арсеналын тапсыру мүмкіндігін қарастырмас бұрын палестиналық әкімшілік құруды талап етіп отыр.
Газаны соғыстан кейінгі басқару мәселесі екінші кезеңді жүзеге асыру туралы келіссөздердегі негізгі кедергілердің бірі болып қала береді. Израиль ХАМАС-тың билікке қайта келуін кез келген түрде жоққа шығарады, бірақ қазіргі кезеңде басқарудың Рамаллада орналасқан Палестина әкімшілігіне тікелей өту идеясын да қабылдамай отыр.