Қазақстаннан барған тоғыз айлық сәби Вьетнамда ағылшын түйреуішін жұтып қойып, бір ажалдан аман қалды. Дәрігерлер шұғыл эндоскопия көмегімен қауіпті затты дер кезінде алып шықты, - деп хабарлайды TengriHealth.
Вьетнам Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәліметінше, 4 шілдеде Хюэ орталық ауруханасына тоғыз айлық Қазақстан азаматы жеткізілген. Оған дейін бала Дананг ауруханасында болып, сол жерден шұғыл түрде ауыстырылған.
Тексеру барысында дәрігерлер өткір зат тез арада алынбаса, өмірге тікелей қауіп төндіретінін анықтады. Мамандар шұғыл консилиум өткізіп, эндоскопия жасау туралы шешім қабылдады.
Дәрігерлер өткір түйреуіш өңештің шырышты қабығына зақым келтірмей тұрғанда және ешқандай асқынусыз алып шықты.
"Сынған ағылшын түйреуіші - кішкентай балаларға гастроинтестинальды эндоскопия жасау кезінде алу өте қиын бөгде заттардың бірі. Оның өткір ұшы процедура кезінде оңай жылжып кетіп, тіндердің терең зақымдануына әкеп соғуы мүмкін", - деп түсіндірді дәрігерлер.
Бірнеше күндік бақылаудан кейін баланың жағдайы тұрақталған. 6 шілдеде таңертең дәрігерлер ешқандай асқынуларды анықтаған жоқ.