Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігіне ерекше мұқият болуға шақырды. Ведомство мәліметінше, Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының балалар травматологиялық пунктіне түсетін өтініштердің шамамен әрбір екіншісі көшеде болған оқиғаларға байланысты. Балалар көп жағдайда қалай жарақат алады - TengriHealth материалында.
"Көше жарақаттары"
Денсаулық сақтау министрлігі дерегінше, ақпаннан бері балалар травматологиялық пункті түрлі жарақат, сынық, буын шығуы және өзге де жағдайлармен 6 740 балаға медициналық көмек көрсеткен.
Пациенттердің жалпы санының 4 042-сі (59,9 пайызы) - ұлдар, 2 698-і (40,1 пайызы) - қыздар.
Өтініштерге жүргізілген талдау балалар жарақатының ең жиі себебі көше жарақаттары екенін көрсетті. Олардың үлесіне барлық жағдайдың 45,2 пайызы тиесілі. Екінші орында тұрмыстық жарақаттар (29,2 пайыз), одан кейін спорттық жарақаттар (11,8 пайыз), мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдарда алған жарақаттар (10,5 пайыз), сүйек-бұлшықет жүйесінің аурулары (2,4 пайыз) және жол-көлік оқиғалары салдарынан болған жарақаттар (0,7 пайыз) орналасқан.
Ең жиі кездесетін жарақаттар – соғылу мен буындардың созылуы. Олар барлық жағдайдың жартысынан көбін құрайды. Ал әртүрлі сүйек сынықтары барлық жағдайдың үштен біріне жуығы болады, ал буынның шығуы шамамен 11 пайыз.
Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға, әсіресе жазғы демалыс кезеңінде, балалар жарақатының алдын алу шараларын қатаң сақтаудың маңыздылығын еске салады. Балалардың жарақаттану жағдайларының басым бөлігінің алдын алуға болады. Ол үшін ересектердің қырағылығы, спортпен шұғылдану кезінде қорғаныш құралдарын пайдалану, жол қозғалысы қағидаларын сақтау және балалардың ойын-сауығы мен демалысы үшін қауіпсіз орта қалыптастыру аса маңызды.