“Қор жиналып қалды“. Энергетика министрлігі автогаз бекеттеріндегі кезектерді түсіндірді

ПОДЕЛИТЬСЯ

жанармай құю бекеті Фото: gov.kz

Энергетика министрлігі Қазақстанда сұйытылған мұнай газының тапшылығы жоқ екенін, ал елдің батысындағы жекелеген автогаз құю станцияларындағы кезектер логистикаға байланысты болғанын мәлімдеді. Бұл туралы үкіметте өткен брифингте энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев хабарлады, деп жазады Tengri Auto.


Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда барлық газ өңдеу зауыттары штаттық режимде жұмыс істеп тұр, ал отынның қажетті көлемі аймақтар арасында уақтылы бөлінген.

"Министрлік айдың басынан бері өңірлерге барлық қажетті көлемді бөлді. Қосымша газ көлемін өндіру мүмкіндігі туындаған жағдайда, оларды да аймақтарға бөліп жатырмыз. Бүгінгі таңда өңірлерде ешқандай тапшылық байқалмайды", - деді Қайырхан Тұтқышбаев.

Ол өткен аптада кейбір батыс өңірлеріндегі автогаз бекеттерінде пайда болған кептелістер туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді.

"Министрлік барлық қажетті көлемді уақтылы бөлді. Ондағы мәселелер сұйытылған мұнай газының логистикасы мен жеткізілуіне қатысты болды. Қор қоймада жиналып қалды (затоварка). Бүгінде бұл мәселелердің барлығы шешілді. Өңірлерде ешқандай тапшылық байқалмайды", - деп атап өтті вице-министр.

Анықтама: Өнімнің жиналып қалуы (немесе затоваривание) - бұл тауар өндірісі немесе сатып алу көлемі тұтынушылық сұраныстан айтарлықтай асып түсетін, соның салдарынан өнім қоймаларда жиналып, белгіленген мерзімде сатылмай қалатын жағдай.

Оның сөзіне қарағанда, Энергетика министрлігі жағдайды тұрақты бақылауда ұстап отыр және әкімдіктермен, сондай-ақ ҚТЖ-мен бірлесіп, туындаған мәселелерді қолмен басқару режимінде шешіп жатыр.

"Мұндай нюанстар кейде болып тұрады, бірақ біз бұл мәселелерді барынша алдын ала шешуге тырысамыз", - деп толықтырды ол.

Мән-жайы

Өткен аптада Маңғыстау және Атырау облыстарында автокөлік жүргізушілері автогаз құю станцияларындағы ұзын-сонар кезекке шағымданған болатын. Жүргізушілер жанармай құю үшін бірнеше сағат күтуге мәжбүр болғандарын хабарлады.

Сол кезде Энергетика министрлігі екі өңірге де сұйытылған мұнай газын жеткізу тұрақты режимде жүзеге асырылып жатқанын, тіпті мәлімделген қажеттіліктен асып түсетінін мәлімдеген. Сондай-ақ ведомство іркілістердің Қарашығанақ кен орнындағы өндірістің төмендеуіне қатысы жоқтығын баса айтты.