Қазақстанда алғаш рет қалалық жолдарды күтіп ұстау мен жөндеуге қойылатын бірыңғай талаптар бекітілді, деп хабарлайды Tengri Auto Көлік министрлігіне сілтеме жасап.
Мәселе Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазжолҒЗИ) әзірлеген жаңа ведомстволық норматив туралы болып отыр. Құжат қала жолдарын қалай күтіп-ұстау керек, қандай элементтер кепілдікке кіреді және мердігерлер анықталған кемшіліктерді қалай жоюы тиіс екенін айқындайды.
Құжат жол жабынына ғана емес, бүкіл қалалық жол инфрақұрылымына: көпір, жол белгілері, таңбалары, жарықтандыру, қоршау мен жол жиегіне қатысты бірыңғай талаптарды белгілейді.
Жолдар қосымша қабатпен қорғалады
Басты жаңалықтардың бірі жол жөндеу жұмыстарына қатысты. Енді жол салу, жаңарту, күрделі және орташа жөндеу кезінде жол жабынының қорғаныш тозу қабатын төсеу міндетті.
Бұл көліктен, жауын-шашыннан және температураның өзгеруінен болатын негізгі жүктемені өзіне алатын жабынның жоғарғы қабаты.
Ол тозған кезде, жолдың негізгі құрылымын толық ауыстырғаннан көрі, тек осы қабатты ауыстыру әлдеқайда оңай әрі арзанға түседі. Мұндай тәсіл жарық пен ойықтың пайда болуын азайтып, жол төсемінің қызмет ету мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді деп күтіледі.
Мердігерлер жол пайдалануға берілгеннен кейін де бақылауда болады
Тағы бір өзгеріс мердігерлерді бақылауға қатысты. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін олардың жұмысы аяқталмайды. Норматив кепілдік мерзімі ішінде жолдарды жоспарлы түрде тексеріп тұруды қарастырады.
Егер ақаулар анықталса, мердігер ұйым оларды кепілдік міндеттемелері аясында жоюға міндетті болады.
Сондай-ақ құжат көшелерді қысқы күтіп ұстау ережелерін айқындайды. Көктайғаққа қарсы ұлттық стандартқа сәйкес келетін материалдар қолданылуы тиіс.
Бұл ретте натрий хлоридін, яғни кәдімгі ас тұзын пайдалануға тыйым салынады.
Жол жөндеудегі әлемдік тәжірибе
Германия
Германияда жол жөндеу сапасы қатаң техникалық стандарттар бойынша бақыланады. Егер нысан тапсырылғаннан кейін ақау табылса, мердігер оны өз есебінен жөндеуге міндетті. Әйтпесе, оған сот ісі, айыппұл және қара тізімге ену қаупі төнеді.
Сондай-ақ мердігер жолдарды 2 жылдан 5 жылға дейінгі кепілдікпен салуы тиіс.
Жұмысында жүйелі түрде ақау жіберетін компания жосықсыз жеткізушілер тізіліміне енгізіліп, мемлекеттік сатып алуларға қатысу құқығынан айырылады.
Жапония
Жапонияда жұмыс аяқталғаннан кейін мемлекеттік тапсырыс беруші жөндеу сапасына баға береді. Егер мердігер төмен баға алса, оған жаңа тендерлерде жеңіске жету айтарлықтай қиындайды.
Ал елеулі заңбұзушылықтар немесе ақауларды жоюдан бас тартқаны үшін компания бірнеше айға, тіпті жылдарға мемлекеттік сатып алулардан шеттетілуі мүмкін.
АҚШ
АҚШ-та жол жұмыстарының сапасын қадағалайтын федералды орган жұмыс істейді. Бұған қоса, жұмыс басталмас бұрын мердігер сақтандыру компаниясынан кепілдік қамтамасыз етуді сатып алуға міндетті.
Егер жол 1–3 жыл (стандартты кепілдік мерзімі) ішінде бұзылса, ал фирма оны жөндеуден бас тартса немесе банкротқа ұшыраса, сақтандыру компаниясы штатқа жөндеу жұмыстарына қажетті қаражатты төлеп береді.
Бұған дейін Қазақстанның солтүстігінде жол сапасын жасанды интеллект тексеретіні хабарланған болатын.
Тағы оқыңыз: Қазақстан ауылдарында жолдар қиыршық тастан салынады: бұйрыққа қол қойылды