Қазақстанда Астана – Алматы тасжолының тағы бір учаскесін ақылы ету жоспарланып отыр, - деп хабарлайды Tengri Auto.
Әңгіме Бурылбайтал – Күрті аралығындағы 1041 және 1121-шақырымдар арасындағы учаске туралы болып отыр. Оның ұзындығы 80 шақырым болады.
Көлік министрлігінің бұйрық жобасына сәйкес, бұл учаскені ақылы негізде пайдалану мерзімі 20 жыл.
Бұл ретте жүргізушілер үшін тегін баламалы бағыт сақталады. Ақылы учаскені Сұңқар – Қаншенгел – Топар – Құйған, Топар – Ақжар, Қонаев – Бақанас – Қараой жолдары, сондай-ақ Қонаев – Күрті республикалық тасжолымен айналып өтуге болады.
Ақылы учаске I-б санатындағы жолдарға жатады. Онда әр бағытта екі қозғалыс жолағы қарастырылған, ал әр жолақтың ені кемінде 3,75 метр.
Жол ақысының мөлшері бұйрыққа бөлек қосымшамен бекітіледі. Сондай-ақ құжатта баламалы жолы жоқ елді мекендердің тізімі көрсетілген.
Бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң өз күшіне енеді.
Танымалдығы бойынша ақылы жолдардың тізімі
"ҚазАвтоЖол" мәліметінше, қазақстандық жүргізушілер арасында ең танымал бағыт Алматы – Қонаев тасжолы болып қала береді. Жыл басынан бері бұл учаскеде 4,3 миллионнан аса көлік қозғалысы тіркелген.
Танымалдылығы бойынша одан кейінгі орындарда:
- Шымкент - Өзбекстан шекарасы - 3,7 миллион;
- Шымкент - Тараз - 2,5 миллион;
- Тараз - Қайнар - 2,1 миллион;
- Шымкент - Қызылорда - 1,8 миллион;
- Қонаев - Талдықорған - 1,4 миллион;
- Астана – Теміртау – 1,4 миллион;
- Астана – Щучинск – 1,3 миллион;
- Тараз қаласын айналып өту жолы - 1,03 миллион;
- Алматы - Қорғас - 1,005 миллион;
- Қостанай - Денисовка - 968 мың;
- Астана - Павлодар - 872 мың;
- Щучинск - Көкшетау - 818 мың;
- Көкшетау - Петропавл - 676 мың;
- Қызылорда - Арал - 667 мың;
- Балқаш – Бурылбайтал - 620 мың;
- Ақтөбе – Ресей шекарасы (Орынбор) – 532 мың;
- Павлодар – Семей – Қалбатау – 442,6 мың;
- Шу – Бурылбайтал – 354 мың;
- Қостанай – Ресей шекарасы (Троицк) – 343 мың;
- Қандыағаш – Мақат - 323 мың;
- Павлодар – Ресей шекарасы (Омбы) - 319 мың;
- Орал – Ресей шекарасы (Самара) - 255 мың;
- Орал – Ресей шекарасы (Саратов) - 213 мың;
- Үшарал – Достық – 133 мың;
- Бейнеу – Ақжігіт (Өзбекстан шекарасы) – 59 мың.