Қазақстанның солтүстігінде жол сапасын жасанды интеллект тексереді

ПОДЕЛИТЬСЯ

Қазақстанның солтүстігінде жол сапасын жасанды интеллект тексереді Бейнеден алынған кадр / "Жетінші арна"

Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жолдардың сапасын бұдан былай цифрлық платформа бақылайды. Жасанды интеллект элементтері бар ақылды жүйе әр үлгіні жеке тексеріп, тиісті сараптама жүргізеді, деп хабарлайды Tengri Auto тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.


Солтүстік Қазақстан облысында жаңа жолдардың сапасын бұдан былай цифрлық платформа бақылайды. Жасанды интеллект элементтері бар ақылды жүйе әр үлгіні жеке тексеріп, тиісті сараптама жүргізеді, деп хабарлайды Tengri Auto тілшісі "Жетінші арнаға" сілтеме жасап.

Осындай нысандардың бірі - Петропавл шетіндегі айналма жол. Мұнда ұзындығы 30 шақырым болатын учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Дайын учаскелерде мамандар жол төсемінің сапасын тексеру үшін сынамалар алады. Әр үлгіге QR-код беріліп, оның алынған орны картада автоматты түрде белгіленеді. Мамандардың айтуынша, цифрлық технологиялар жұмысты едәуір жеңілдеткен.

"Бұрын бұл актілер қолмен толтырылатын, қазір электронды планшетте орындалады. Барлығы ыңғайлы, цифрландырылған және адам факторынан болатын қателіктерге жол берілмейді. Сондай-ақ нысанды фотоға түсіру мен сынама алу кезінде де артықшылықтар бар. Фотосуретте сынама алынған нақты орын автоматты түрде көрсетіледі", - деді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығының" инженері Айдар Сәдуақасов.

Цифрлық платформа барлық процестің толық ашықтығын қамтамасыз етеді, бұл ретте алынған үлгілер нақты уақыт режимінде мәліметтер базасына тіркеледі. Мамандардың түсіндіруінше, мәліметтерді бұрмалау мүмкін емес, өйткені зертханаға жеткізілген материалдар жасанды интеллектпен жабдықталған құрылғыларда сараптамадан өтеді.

Материалда атап өтілгендей, облыс жолдарынан алынған әрбір бесінші сынама қажетті талаптарға сәйкес келмейді. Осыған байланысты мемлекеттік мекемелер мен мердігер ұйымдарға нұсқамалар жіберілді. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін учаскелерді қайта тексеру жоспарланған.

"Біз жарты жыл ішінде 440 сынаманы тексердік, бүгінгі таңда оның 20 пайызы талапқа сай болмай шықты... Осы сәйкессіздіктер бойынша тапсырыс беруші мен мердігерге нұсқамалар жолданды... Ақау жойылғанына көз жеткізіп, тиісті жұмыс атқарылғаннан кейін ғана жүйедегі бұл ескерту алынып тасталады", - деп түсіндірді "Жол активтері сапасының ұлттық орталығы" филиалының директоры Қанат Өсербаев.

Өңірдегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 8 мың 200 шақырымды құрайды. Биыл 700 шақырым жолды жөндеу жоспарланған. Бұл мақсатқа шамамен 90 миллиард теңге бағытталады, делінген сюжетте.