Астанада Қорғалжын тасжолындағы көлік қозғалысының сызбасы бір айға жуық уақытқа өзгереді. Бұл туралы жүргізушілерге елорда әкімдігінің Қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығы (iKomek) ескертті, деп хабарлайды Tengri Auto.
Шектеу енгізу себебі мен мерзімі
Шектеу 2026 жылғы 1 шілде мен 20 шілде аралығына енгізіледі.
"Қорғалжын тасжолында автоматтандырылған өлшеу жүйесі үшін бетон негізі мен төсемін орнату жұмыстары жүргізіледі", – деп хабарлады iKomek орталығы.
Көліктер қалай жүреді?
Жол жұмыстары кезінде тасжол толық жабылмайды. Көлік қозғалысы қос бағытта да жолдың бір жағымен ұйымдастырылады.
"Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден жүретін бағыттарын алдын ала жоспарлауды және жол қозғалысын ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз", – деді Мониторинг орталығындағылар.
Бұған дейін Астанада Сауран көшесінің Алматы көшесінен Керей Жәнібек хандар көшесіне дейінгі бөлігі бір айға толық жабылатынын жазған болатынбыз. Бұған инженерлік желілерді тарту жұмыстары себеп болып отыр.
Сондай-ақ Астанада 5 шілдеге дейін Төле би көшесінің Бұқар жырау көшесінен Ұлы Дала даңғылына дейінгі бөлігі, ал 6 шілдеге дейін Тілендиев даңғылының Айналмалы көшесінен Орталық көшесіне дейінгі бөлігі жабық болады.