Астанада Орхон көшесінде көлік өртенді. Желіде оқиғаның видеосы тарады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Елордалық құтқарушылар өртенген көлікті жедел сөндірді.
"Өртсөндірушілер жалынды дер кезінде ауыздықтады. Зардап шеккендер жоқ. ТЖМ автокөлік иелерін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады", — делінген ведомство хабарламасында.
Айта кетейік, көліктің маркасы мен шыққан жылы нақтыланбаған. Сондай-ақ, ведомство өрттің шығу себептері анықталып жатқанын нақтылады.
Құтқарушылардың ұсыныстары
Көліктің өртену қаупін азайту үшін жүргізушілерге мына талаптарды орындау ұсынылады:
- техникалық байқаудан уақытылы өту;
- магнитола, дабыл жүйесі және қозғалтқышты алдын ала қыздырғышты тек мамандандырылған сервис орталықтарында орнату;
- автокөлікте әрқашан жарамды өрт сөндіргіштің болуын қадағалау;
- электр жабдықтарының күйін бақылау;
- жанармай жүйесінің герметикалығы мен жарамдылығын жүйелі түрде тексеру;
- қозғалтқыш бөлігінде бөгде тез тұтанғыш заттарды сақтамау;
- жанар-жағармай материалдарын тек ақпайтын, герметикалық ыдыстарда тасымалдау.
Егер автокөлік отын ретінде газды пайдаланса, газ жабдығының техникалық күйін жүйелі түрде тексеріп тұру қажет.