Жұмыс беруші жалақыны кешіктірсе, қызметкерді заңсыз жұмыстан шығарса немесе еңбек заңнамасын бұзса, қызметкер өз құқығын қорғауға құқылы. Мұндай жағдайда не істеу керегін мамандар түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жалақы төленбеген жағдайда не істеу керек?
Алматы қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының міндетін атқарушы Талғат Үмбетяровтың айтуынша, еңбек құқығын бұзған жұмыс берушіге қатысты бірнеше жолмен әрекет етуге болады.
- Еңбек инспекциясына шағым түсіру. Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне e-Otinish платформасы арқылы онлайн жүгінуге болады. Сондай-ақ, өтінішті жазбаша түрде жеке өзі барып тапсыруға мүмкіндік бар (мысалы, Алматыдағы ведомствоның мекенжайы: Достық даңғылы, 85, 3-қабат).
- Ұйымдағы келісу комиссиясына жүгіну (егер ол бар болса).
- Дауды бейбіт жолмен шешу мүмкін болмаса, сотқа талап арыз беруге болады.
Еңбек инспекциясына қандай құжаттар қажет және өтініш қанша уақытта қаралады?
Еңбек инспекциясы өкілінің айтуынша, шағым қаралуы үшін қызметкер еңбек қатынасын растайтын құжаттарды ұсынуы керек.
"Департаментке жүгінген кезде қызметкер өз шағымын дәлелдейтін негіздер мен құжаттарды ұсынуы қажет. Атап айтқанда, еңбек қатынасының болғанын растайтын құжаттар керек. Бұл талап Еңбек кодексінің 28-бабында қарастырылған. Өтініш 15 жұмыс күні ішінде қаралады. Қажет болған жағдайда жоспардан тыс тексеру тағайындалады. Кей жағдайда өтінішті қарау мерзімі ұзартылуы мүмкін", – деп түсіндірді спикер.
Қазақстанда жұмыстан заңсыз шығарған жағдайда қайда шағымдануға болады?
Еңбек дауларының бәрін еңбек инспекциясы шеше алмайды. Талғат Үмбетяровтың айтуынша, инспекторлар жұмыс берушіні еңбек шартын жасамай жұмысқа тартқаны немесе жалақыны кешіктіргені үшін айыппұлға тарта алады. Ал заңсыз жұмыстан шығару мәселесі болса, қызметкер сотқа жүгінуі керек.
Үмбетяров әр жағдай жеке қаралатынын атап өтті. Егер еңбек инспекторы нақты жағдайға құқықтық баға бере алмаса, қызметкердің сотқа жүгінуге құқығы бар. Мұндай істер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары сот отырыстарына үшінші тарап ретінде қатысып, нақты еңбек дауына қатысты қорытынды береді.
Алматылықтар еңбек инспекциясына қандай мәселемен жиі жүгінеді?
Талғат Үмбетяровтың сөзінше, қызметкерлер еңбек инспекциясына көбіне жалақының төленбеуі және еңбек шартының заңсыз бұзылуы бойынша шағымданады.
"Бірінші жартыжылдықта қаланың 53 кәсіпорнында жалпы сомасы 59,4 миллион теңге жалақы бойынша берешек өтелді. Қабылданған шаралардың арқасында 105 қызметкердің құқығы қорғалды. Сонымен қатар, бүгін Алматының төрт кәсіпорнында жалақы бойынша берешек сақталып отыр. Қарыздың жалпы сомасы - 73 қызметкер алдында 97,3 миллион теңге", – деді Үмбетьяров.
Төлемдер кешіктірілсе неден бастау керек? Адвокат кеңесі
Адвокат Абзал Қасымжанов жұмыс беруші жалақыны кешіктірген немесе төлемеген жағдайда не істеу керегін айтты.
1. Жұмыс берушіге наразылық хат (претензия) жолдаңыз
"Наразылық хатты екі данада дайындау керек: бір данасы жұмыс берушінің кеңсесіне қол қойдырып және кіріс нөмірін қойғызып тапсырылады, екінші данасы жұмыс берушіге ішіндегі құжаттардың тізімімен тапсырыс хат арқылы жіберіледі. Қызметкер тек жалақы бойынша қарызды емес, сонымен қатар, заңнамада қарастырылғандай, мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл талап етуге де құқылы", – деп түсіндірді адвокат.
2. Еңбек инспекциясына жүгініңіз
Адвокат жұмыс беруші наразылық хатты елеусіз қалдырған жағдайда, аудандық еңбек инспекциясына шағым түсіруге болатынын атап өтті. Тексеру нәтижелері бойынша инспектор берешекті төлеу туралы орындалуы міндетті нұсқама шығаруға құқылы.
3. Келісу комиссиясына жүгіну
"Қазақстанда еңбек дауы бойынша келісу комиссиясына жүгінбей, бірден сотқа баруға болмайды. Бұған келісу комиссиясы болмауы мүмкін шағын кәсіпорындар ғана кірмейді. Келісу комиссиясы – қызметкерлер мен жұмыс беруші өкілдерінен тең құрамда жасақталатын ұйым ішіндегі орган. Комиссия өтінішті 15 жұмыс күні ішінде қарауға міндетті", – деді Абзал Қасымжанов.
4. Дауды сотсыз қалай шешуге болады?
Егер қызметкерде есеп айырысу парағы немесе қарыз туралы анықтама болса, атқарушылық жазба алу үшін нотариусқа жүгінуге болады. Адвокаттың айтуынша, бұл — ақшаны өндіріп алудың ең жылдам тәсілдерінің бірі.
"Егер дау күрделі болса және келісу комиссиясы көмектеспесе, қызметкердің еңбек дауын шешу үшін оның шешімін алған сәттен бастап 2 ай ішінде азаматтық сотқа жүгінуге уақыты бар", – деп атап өтті адвокат.
Жұмыс берушіге қандай қауіп төнеді?
Адвокаттың айтуынша, жалақыны кешіктіргені немесе төлемегені үшін жұмыс берушіге әкімшілік айыппұл салынады.
ӘҚБтК-нің 87-бабының санкциясы "Еңбекақы төлеу жөніндегі талаптарды бұзу" бойынша мынадай айыппұл түріндегі жаза қарастырылған:
- лауазымды тұлғалар үшін – 30 АЕК (2026 жылға 129 750 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін – 60 АЕК (259 500 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 100 АЕК (432 500 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК (648 750 теңге).
Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері артады:
- лауазымды тұлғалар үшін – 60 АЕК (259 500 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін – 80 АЕК (346 000 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК (648 750 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 200 АЕК (865 000 теңге).
Ал егер жұмыс беруші жалақыны қасақана және бірнеше рет төлемесе, 152-бап "Еңбек заңнамасын бұзу" бойынша қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.
"Бұл бап бойынша ең жоғарғы жаза – 200 АЕК-ке дейін (2026 жылға 865 мың теңге) айыппұл салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу", – дейді адвокат.
Еңбек шартынсыз жұмыс істеп, жалақы алмаған жағдайда не істеу керек?
Жазбаша еңбек шартының болмауы қызметкер жалақыдан қағылады деген сөз емес.
Абзал Қасымжановтың айтуынша, Еңбек кодексінің 38-бабына сәйкес, адам іс жүзінде жұмысқа кіріскен болса, еңбек қатынастары басталды деп есептеледі. Мұны дәлелдейтін құжаттар мен деректер ретінде мыналарды ұсынуға болады:
- жұмыс берушімен мессенджерлердегі хат алмасу;
- банк арқылы жасалған аударымдар;
- рұқсат қағаздары, жүкқұжаттар, жол парақтары және басқа да жұмысқа қатысты құжаттар;
- әріптестердің немесе тұтынушылардың куәлігі.
Адвокат осы дәлелдермен еңбек инспекциясына, ал қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге кеңес береді.
Қызметкерлердің дауда жеңіліп қалуына себеп болатын ең басты 3 қателік
Адвокат Абзал Қасымжановтың айтуынша, қызметкерлер еңбек дауында көбіне мына үш қателіктің кесірінен жеңіледі:
1. Жұмыс берушінің уәдесіне сену
"Жұмыс беруші кейде айлап "ертең бәрін төлейміз, күте тұрыңыз" деп уәде беруі мүмкін. Бірақ уақыт өтіп жатады. Қазақстанда еңбек дауы бойынша талап қою мерзімі шектеулі. Еңбек кодексінің 160-бабына сәйкес, қызметкер жалақыны өндіріп алу үшін заң бұзылғанын білген күннен бастап бір жыл ішінде талап қоюы керек. Егер осы мерзімді өткізіп алса, сот талап арызды қанағаттандырмауы мүмкін", – дейді адвокат.
2. Жұмысқа шықпай қалу
Жалақының кешігуіне байланысты кейбір қызметкерлер жұмысқа бармай қояды. Мұндай жағдайда жұмыс беруші жұмысқа келмеу дерегін (прогул) ресімдеп, қызметкерді заңды негізде жұмыстан шығарып жіберуі мүмкін.
"Егер сіз штатта тіркеліп тұрсаңыз және басшылыққа жазбаша түрде ескертіп, жұмыстан ресми түрде шықпаған болсаңыз, жұмысқа баруға міндеттісіз", – дейді Қасымжанов.
3. Жазысқан хаттарды өшіріп тастау
Қызметкерлер жұмыс берушімен жұмыс жағдайы, жалақы немесе кесте талқыланған чаттарды жиі өшіріп тастайды. Адвокаттың айтуынша, мұндай хаттар сотта маңызды дәлел бола алады.
2026 жылы жұмыс берушілерге салынатын жаңа айыппұлдар
Талғат Үмбетьяров 2026 жылғы 12 наурыздан бастап Қазақстанда Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) деректерді енгізу кезіндегі бұзушылықтар үшін жаңа айыппұлдар күшіне енгенін еске салды.
Жұмыс беруші мәліметтерді жүйеге енгізбесе, кешіктіріп енгізсе, толық емес немесе дәйексіз ақпарат берсе, жазалануы мүмкін.
Алғашқы құқықбұзушылық үшін мынадай айыппұлдар қарастырылған:
- лауазымды тұлғалар үшін – 30 АЕК (2026 жылға 129 750 теңге);
- шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдар үшін – 60 АЕК (2026 жылға 259 500 теңге);
- орта кәсіпкерлік субъектілері үшін – 80 АЕК (2026 жылға 346 000 теңге);
- ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін – 150 АЕК (2026 жылға 648 750 теңге).
Департамент жұмыс берушілерді айыппұлдарды болдырмау үшін мәліметтерді жүйеге уақытылы енгізуге шақырды.
Осылайша, мамандар қызметкерлерге еңбек құқықтарының бұзылуына бейжай қарамауды және оларды қорғау үшін уақытылы жүгінуді ұсынады. Еңбек шартын, есеп айырысу парақшаларын, бұйрықтарды және қызметкердің ұстанымын растайтын басқа да құжаттарды сақтау маңызды. Көп жағдайда дауды келісу комиссиясы арқылы шешуге болады, ал қажет болса сотқа жүгіну қажет.