6 шілдеде Қазақстанда Астана күні атап өтіледі. Биыл елордаға 27 жыл толды. Осы уақыт ішінде Астана сайын даладағы шағын ғана қаладан әлемдегі заманауи мегаполистердің біріне айналды. Бүгін Tengrinews.kz елорданың тарихына шолу жасап, әр буын өкілдерінің естелігін ұсынады. Олардың арасында қаланы сонау Целиноград кезінен білетіндер де, жаңа ғасырда Астананы өз үйіндей көріп кеткендер де бар. Олар елордамен байланысты өз оқиғаларын айтып, қалаға деген ықыласын бөлісіп, Астананы не үшін жақсы көретінін жеткізді.
Астана: бәрі неден басталды?
Бекіністен елордаға дейінгі жол
Болашақ Астананың орнында 1830-жылдары Ақмола бекінісі пайда болды. Уақыт өте ол өңірдің маңызды сауда және экономикалық орталығына айналды. Алайда XIX ғасырда бұл жерде бір жарым ғасырдан кейін тәуелсіз Қазақстанның жүрегі соғады деп ешкім ойламаған еді.
1961 жылы қала Целиноград деп аталды. Осылайша ол бүкілодақтық тың игеру науқанының орталығына айналып, мұнда Мәскеу мен Ленинградтан құрылысшылар келе бастады. 1961 жылдың басында қаланың тұрғын үй қоры 600 мың шаршы метрге де жетпейтін. Үйлердің көбі саманнан салынған, ал әлеуметтік нысандар ескі ғимараттарда орналасқан еді. Алайда құрылыс қарқыны тез артты. Бар болғаны жарты жылдың ішінде 650 пәтер мен төрт бес қабатты мектеп пайдалануға берілді. Ал 1963 жылға қарай Целиноград әуежайы қаланы 13 елді мекенмен байланыстырып тұрды.
1992 жылы қалаға тарихи атауы — Ақмола қайтарылды. Ал 1994 жылғы 6 шілдеде Қазақстан Жоғарғы Кеңесі астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы қаулы қабылдады. Ресми түрде бұл 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты, ал 1998 жылғы мамырда қала бүгінгі біз білетін Астана (мағынасы — "елорда") атауын алды. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Астана "бейбітшілік қаласы" атағына ие болды.
Целиноградтан мегаполиске дейінгі жол
90-жылдардың аяғында бұл жобаның сәтті боларына сену қиын еді. Климаты қатал, халқы 300 мыңға жетер-жетпес солтүстіктегі қала мемлекет жүрегі болуға лайық үміткер ретінде көрінбеді. Бірақ Астана қарыштап дамыды.
Астана әкімі Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарына арнаған сөзінде былай деген болатын:
— Біздің Астана даладағы 300 мың тұрғыны бар кішкентай қалашықтан ірі мегаполиске айналды. Қазір қалада 1,5 миллионға жуық адам тұрады.
Есілдің оң жағалауындағы ескі, Целиноград дәуірінен қалған құрылыстарды сол жағалауда бой көтерген заманауи ғимараттар тез ығыстыра бастады. Есіл өзені қаланы кешегі мен бүгінгі күнге бөліп тұрғандай әсер қалдырды. Жаңа елорданың басты символына "Бәйтерек" монументі айналды. Ал жаңа Астананы салуға жергілікті мамандармен қатар түрік, италиялық, француз және швейцариялық компаниялар да атсалысты. Қаланың ерекше нысандарының қатарында сәулетші Норман Фостер жобалаған "Бейбітшілік және келісім сарайы" мен әлемдегі ең биік шатырлы ғимарат саналатын "Хан Шатыр" бар.
Фото: Қанат Әмренов
Бүгінгі келбеті
Жыл сайын 6 шілдеде Астана туған күнін тойлайды. Мереке баяғыда-ақ жалпықалалық сипат алған: елордада спорттық жарыстардан бастап ауқымды open-air концерттерге дейін 200-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Мереке құрметіне отшашулар мен дрондар шоуы өткізіледі.
Осы жылдар ішінде Астана жай ғана қала емес, ол брендке, символға және бүкіл ел ағылатын орталыққа айналды.

Фото: Қанат Әмренов
Астана тұрғындары
Енді материалымыздың ең жылы әрі әсерлі бөлігіне кезек берейік. Мереке қарсаңында біз астаналықтардан сүйікті қаласы туралы үш сұраққа жауап беріп, жүрегіндегі Астананы сипаттап беруін сұрадық. Олар естеліктерімен бірге отбасылық оқиғаларын, елорданың бұрынғы және бүгінгі фотоларын жолдады. Бүгін оқырманға бас қаланы тұрғындарының көзімен көруді ұсынамыз.
1. Астана сіз үшін қандай қала және оны не үшін жақсы көресіз?
Ілияс, 35 жаста, кәсіпкер. 1990 жылы Целиноград қаласында туған:
— Мен үшін Астана — бұл еркіндік рухы. Дала желі. Әлеуеті зор жас қала. Мен оны мүмкіндіктері үшін, мінезі үшін, бүкіл Қазақстанның талантты, іскер де батыл жастары бас қосатын орталыққа айналғаны үшін жақсы көремін.
Ілияс, оның отбасы және Астана аспаны. Фото кейіпкердің мұрағатынан
Наталья Ибрагимова, экономист, Астанада 18 жылдан аса уақыт тұрады:
— Мұнда Екібастұздан 2008 жылғы 9 ақпанда көшіп келдім және бұл қалаға бірден ғашық болдым. Мені оның қарқынды ырғағы, заманауи сәулеті мен толассыз дамуы тамсандырады. Мұнда әдемі көшелер, парктер, гүлзарлар мен қызық қоғамдық кеңістік өте көп. Біз анам екеуміз елорданың түрлі аудандарын жаяу аралағанды жақсы көреміз — әр кез өзімізге жаңа әрі ерекше дүниелер ашамыз. Әсіресе, қаланың өсіп, бұрынғыдан да көркейіп, қолайлы болып жатқанын көру өте қуанышты.
Наталья мен оның анасы Астананың көрнекті жерлерінде. Фото кейіпкердің мұрағатынан
— Астананы жақсы көруімнің тағы бір себебі — мәдени және қоғамдық өмірдің мазмұндылығы, — дейді Наталья. — Мен концерттерге, фестивальдерге, спорт жарыстарына, мерекелік іс-шаралар мен түрлі шоуларға зор ықыласпен барамын.
Сүйікті Астанамды Қала күнімен құттықтаймын! Оған бұдан әрі де гүлдене беруді, жаңа жетістіктерді, әдемі жобалар мен бақытты тұрғындар тілеймін. Елордамыз бұдан былай да шабыттандырып, дами берсін және қайта-қайта оралғың келетін қала болып қала берсін.
Максим Благодарный, кәсіпкер, 43 жаста.
"Мен туғаннан целиноградтықпын", — дейді Максим өзі туралы. Сонымен қатар, ол "қаланың мүлдем басқа болған кезін білетінін" айтады.
— Бүгінде елорданың басты көрікті жерлерінің бірі — Бәйтерек бой көтеріп тұрған жерде бұрын ен дала болатын, — дейді ол. — Ол жерде ондаған "кукурузник" ұшақтары тұратын, біз сияқты балалар үшін бұл нағыз қызық мекен еді. Ұшақтардың қалай ұшып-қонатынын көру үшін ол жаққа велосипедпен немесе жаяу тартатынбыз. Осы естеліктер әлі күнге дейін ерекше жылу ұялатады.
Дәл қасында Қазақстанның қалыптасу бастауында тұрған жандарға арналған Даңқ аллеясы болатын. Ал бүгінде оң жағалаудағы заманауи тұрғын аудан орналасқан аумақ ол кезде "Газовая аппаратура" деген атпен белгілі еді. Ол жерде су қоймалары болатын, достарымызбен шаян аулауға жүгіретінбіз. Балалық шақтағы оқиғаларымыз өткен жерде бүгінде елорданың заманауи кварталдары бой көтергеніне сену қиын.
Бүгінгі Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті орналасқан жердегі үлкен көл де есімде. Ол кезде бұл аумақты қамыс басқан еді, біз ол жерге шаян аулауға баратынбыз. Уақыт өте келе көлдің орны толтырылып, орнына жаңа қалалық аудан пайда болды. Мұндай өзгерістерді қаланың бүкіл тарихын өз көзіңмен көргенде ерекше сезінесің.
Максимнің қазіргі кезі және 2000 жылғы астаналық достарымен түскен суреті. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
— Мен үшін Астана — бұл ең алдымен заманауи, қуатты әрі әдемі мегаполиске айнала білген туған Целиноградым. Бұл — даму үшін әрдайым алға ұмтылу керегін өз үлгісімен көрсететін қала. Сондықтан да мұнда мінезі ерекше адамдар тұрады деп ойлаймын — бұл жерде туғандар да, бір кездері тағдырын Астанамен байланыстыруды ұйғарғандар да сондай. Оларды рухтың мықтылығы, еңбекқорлық және болашақты құруға деген құштарлық біріктіреді, — дейді астаналық тұрғын.
Алтая, 6 жаста, Астанада тұрғанына 4 жыл болды:
Сауалнамаға қатысқан астаналықтардың ең кішкентайы — Алтая, екі жасында ата-анасымен бірге Алматыдан Астанаға көшіп келген.
Алтая Астанада және қала сыртында. Сурет кейіпкердің анасынан алынды
Алтая Астанада өзіне бәрінен де "фэнси үйлер" (ағылш. fancy — сәнді, автор ескертпесі) ұнайтынын айтып, "бұл жерде олар жаңа әрі әдемі, ал Алматыда біртүрлі" деп түсіндірді. Сондай-ақ, ол өзіне Астананың өзінен гөрі қала сыртында — бидай алқаптарында қыдыру көбірек ұнайтынын қосты: "онда қызғылт қоқиқаздар мекендейтін көлдер бар, тіпті маралдарды да көруге болады".
Алина, 37 жаста, өзін "тума целиноградтықпын" деп атайды:
— Мен үшін Астана — ең жақын, ең әдемі және ең сүйікті қала, — дейді Алина. — Қай жерде жүрсем де, дәл осы жерге оралғым келеді. Мен жасыл желекке бөленген жайлы оң жағалауды да, заманауи, серпінді әрі жарқын сол жағалауды да бірдей жақсы көремін. Астананың ерекшелігі де осында шығар — ол тарих пен болашақты үйлестіре біледі. Ең сүйікті орындарымның бірі — Орталық жағалау. Дәл осы жерде менің ең ыстық естеліктерім қалған. Елорданың құрылысы енді басталған, қаланың шеті бүгінгі "Хан Шатыр" тұрған жермен шектелетін кездер жақсы есімде. Ол кезде оның орнында саяжай алқаптары болатын, біз бала кезімізде ол жаққа шаян аулауға баратынбыз.

Алина және Астана фотосы. Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Қарлығаш, Астана тұрғыны, 2002 жылы оқуға келген. Арудың тағдыры сүйікті елордасымен ұқсас, өйткені екеуі де туған күнін бір күнде атап өтеді:
— Қала күнінде мен 41 жасқа толамын және бұл мен үшін өзімнің ыстық мекеніме айналған осы қалаға тағы бір мәрте сүйіспеншілігімді білдірудің ерекше себебі. Оқудан кейін 12 жыл мемлекеттік қызметте істедім, қазір блог жүргіземін. Осы тамаша қалада менің қыздарым — Сара, Сумайя және Селин дүниеге келді, — дейді Қарлығаш.
Қарлығаш қыздарымен және Бәйтерек алдында. Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан
— Мен үшін Астана – мүмкіндіктер қаласы әрі үнемі алға ұмтылатын шаһар, – дейді Қарлығаш. – Мұнда заманауи сәулет, кең даңғылдар мен еркін кеңістік ерекше үйлесім тапқан. Мен Астананы өзіндік атмосферасы үшін жақсы көремін: қала үнемі өзгеріп, жаңарып отырады, бірақ мұнда тұратын адамдар үшін жайлы қалпын жоғалтпайды. Қайда кетсем де, үйге ерекше толқыныспен ораламын. Өйткені бұл жерде тынысым кең ашылады, ең жақын адамдарым да осы қалада тұрады.
Меруерт, 52 жаста, фото-видеостудия иесі, туғаннан бері Астанада тұрады:
— Астана — менің бүкіл өмірім, — дейді Меруерт. — Не үшін жақсы көремін? Мұнда бәрі ыстық, бәрі өз туғанымдай. Бүкіл отбасым осы топырақта дүниеге келген. Ал туған жер — адамға өмірлік қуат, тірек беретін, мынау құбылмалы дүниеде еңсеңді тік ұстауға көмектесетін күш.
Меруерт қазіргі уақытта және 1979 жылы Целиноградтың қалалық саябағында әкесімен бірге
Ольга Сташевская, 47 жаста, Астанада туған және өмір бойы осында тұрады.
Ольга интерьер хош иістерімен айналысады, оның туған қаласына деген көзқарасы ерекше, шығармашылыққа толы.
– Астанадан алған жалпы әсерімді былай сипаттар едім: "Иә, мен жаспын. Иә, қымбатпын. Жоқ, сенің алдыңда ақталмаймын", – дейді Ольга. – Астананың елорда болғанына 28 жыл. Менің көз алдымда оның бейнесі Бондтың серігіне ұқсайды: қымбат костюм, тік қалып, салқын көзқарас және эмоциядан бұрын сезілетін интеллект. Ол біреуге ұнауға тырыспайды. Оны біреу түсінеді, біреу түсінбейді – бұған да үйренген. Жас, өршіл, іскер, батыл, технологиялық қала. Мінезі бар. Ең қатты желдің өзі сындыра алмайтын қайсарлық бар. Сондықтан болар, бұл – толықтай менің қалам. Көп жағынан екеуміз ұқсаймыз.
"Астананың аспаны өте әдемі", — деді Ольга және бізге мына фотоларды жіберді:
Астаналық Ольга және аспан
Қанат Әмренов, 44 жаста, қоймада буып-түюші болып жұмыс істейді, Астанада тұрғанына 19 жыл болған:
— Астананы сан қырлы болғаны үшін жақсы көремін. Кей жерлерінде әлі де Целиноградтың ізі бар, ал кей жерлері заманауи мегаполиске айналған. Бір қаланың ішінде екі түрлі қала бар сияқты. Кейде оң жағалаудың ескі көшелерімен серуендеп жүріп, Целиноградқа тап болғандай күй кешем, ал сол жағалауға барғанда басқа бір елде жүргендей боласың. Бұл өте қызық. Қаланың өте жылдам өсіп келе жатқаны ұнайды. Көптеген мүмкіндіктер ашылып жатыр, әртүрлі, қызықты адамдарды кездестіресің. Бос уақытымда фотоаппаратпен қыдырып, қызықты жерлерді түсіргенді ұнатамын. Бұл менің сүйікті ісім. (Осы материалдың басым бөлігі Қанат түсірген Астана фотосуреттерімен безендірілген — автордың ескертпесі).
Қанат және оның Астана туралы фотолары
Астана. Фото: Қанат Әмренов
Ұлан Әбішев, GR-маман, Астанаға 1997 жылы Макинск қаласынан келген:
— Мен үшін Астана "америкалық арманға" ұқсайды. Мұнда адамдар өмірін өзгерту үшін келеді. Әркім өзін табуға, кәсіби тұрғыда қалыптасуға, отбасын құруға, мақсаттарына жетуге ұмтылады. Менде де солай болды. Дәл осы жерде тұлға және маман ретінде қалыптастым. Осында балаларым дүниеге келді, туыстарым да осы қалада тұрады. Сондықтан Астана мен үшін жай ғана қала емес, өмірімнің үлкен бөлігі өткен қасиетті мекен.
Ұлан студент кезінде 1998 жылы жаңа елорданың ресми тұсаукесеріне қатысқанын айтып берді.
Ұлан 1998 жылғы жаңа елорданың ресми тұсаукесеріне дайындық кезінде. Кейіпкердің жеке архивінен
— Ең жарқын естелік - 1998 жылғы жаңа елорданың ресми тұсаукесеріне дайындық. Ол 1998 жылғы 10 маусымда өтті. Ол кезде біз бірінші курс студенті едік, болып жатқан оқиғаның бәрі бізге керемет қызық көрінетін, — дейді Ұлан.
Дайындық іс-шараға үш-төрт ай қалғанда басталды. Бізді сабақтан толық босатты. Күн сайын спорт кешеніне барып, бірнеше сағат жаттығатынбыз. Алдымен жалпы физикалық дайындық болды: жүгіру, жерден көтерілу, түрлі жаттығулар. Кейін репетициялар ескі вокзал маңындағы стадионға ауыстырылды.
Біздің қойылымымыз "Пролог" деп аталды. Ол жиырма минутқа жуық созылды, оған бірнеше мың адам қатысты. Елорданың ресми тұсаукесері дәл осы нөмірмен ашылатын болғандықтан, тәртіп өте қатаң болды. Әрқайсымызды жіті қадағалады. Қойылым күні бізді университеттің жанына жинап, полицияның бастауымен стадионға дейін жаяу алып барды. Содан кейін ұзақ күту, сахнаға шығар алдындағы қобалжу және, ақырында, өнер көрсету сәті келді.
Қойылымнан соң көрермендердің көзіне жас алғанын көрдік. Әрине, бұл біз үшін нағыз марапат болды. Кейін жауынгерлер костюмімен қаланы аралап жүргенде, бізді көшеде танып, өнеріміз үшін алғыс айтып жатты. Бұл өмір бойы жадымда сақталған ұмытылмас сезім еді, — деп Ұлан Астана туралы ең жарқын естелігін түйіндеді.
Айта кетейік, біз бұл тармақты материалымыздың барлық кейіпкерлері үшін жеке сұрақ ретінде қойған болатынбыз.
2. Астана туралы ең жарқын естелігіңіз
Астана. Фото: Қанат Әмренов
Алина:
— Орталық саябақтың әлі құрылыс жүрмеген кезінде отырып, жаңа көпірдің қалай салынып жатқанын тамашалағанымыз әлі көз алдымда. Тағы бір есімде қалғаны — оқу озаты болғаным үшін жазда Орталық саябақта жүретін балалар пойызында кондуктор болып жұмыс істеуге мүмкіндік алғаным. Бала үшін бұл нағыз бақыт пен үлкен жауапкершілік сезімі еді.
Қарлығаш:
— Астанамен менің көптеген жеке естеліктерім байланысты: мұнда балалық шағым, жастық шағым мен студенттік өмірім өтті. Сол кездің өзінде бұл қаланың маған қаншалықты жақын екенін және оның өзіндік мінезі бар екенін сезіндім. Оның қалай өсіп, дамығанын өз көзіммен көрдім. Бала кезімізде 1-шағын ауданнан Қызыл ауылға (Красная деревня) дейін иен даламен жүгіретінбіз, ал қазір онда даңғылдар мен бағдаршамдар. Дәл осындай өзгерістер қаланың уақыт өте келе қалай түрленгенін анық көрсетеді — ол кезде мен 10 жаста едім, қазір қызым да сондай жаста. Мүмкін, сондықтан да болар, менің Астанаға деген махаббатым жыл өткен сайын нығайып келеді.
Меруерт:
Ең жарқын естелік — 1998 жылғы бәрінің күрт өзгере бастағаны. Барлық министрліктер қала орталығына орналасты, бәріне тар болды, барлық жерде құрылыс жүріп жатты. Қыс өте қатал болды, біз мұндағы 40 градус аязда жеңіл пальтомен келген оңтүстіктің адамдарына таңырқай қарайтынбыз.
Қанат:
Жарқын естеліктердің бірі — ЛРТ құрылысы шығар. Шынымды айтсам, бұл жобаға күмәнмен қараған едім, бірақ іс жүзінде өте пайдалы бастама болып шықты. Қазір өте көмектеседі. Қаланың қажетті нүктелеріне кептеліссіз, тез жетесің. Маған өте ұнайды!
Астана. Фото: Қанат Әмренов
3. Астана қонақтарын қайда апаруға болады?
"Егер сіз қала қонағына Астананы түсінуі үшін бір ғана жерді көрсете алсаңыз — оны қайда апарар едіңіз?" — деп сұрадық астаналықтардан. Олардың жауабы төмендегідей болды.
Наталья:
— Меніңше, бүгінде елорданың жаңа визиткаларының бірі жеңіл рельсті көліктің іске қосылуы болып отыр. Жақында маған Ресейден құрбым қонаққа келеді, мен оны міндетті түрде осы жаңа көлік түрімен таныстырып, қаланың басқа да көрікті жерлерін көрсетемін. Біздің бағдарламамызда — ол бұрыннан естіп жүрген және өз көзімен көруді армандаған океанариумға бару бар.
Максим:
— Егер маған қонақты қаламен таныстыру керек болса, мен оны ең алдымен Республика даңғылының бойындағы орталық жағалауға, содан кейін оң жағалаудағы Орталық саябаққа апарар едім. Дәл осы жерде қаланың жаны ерекше сезіледі. Әрине, жол бойында Целиноградтың қандай болғаны, оның жылдан-жылға қалай өзгергені және тәуелсіз Қазақстанның заманауи астанасына қалай айналғаны туралы әңгімелер айтып берер едім. Меніңше, дәл осындай естеліктер арқылы Астананың тек әдемі заманауи қала ғана емес, сонымен бірге бай тарихы, жады және ерекше атмосферасы бар мекен екенін жақсы түсінуге болады.
Астана. Фото: Қанат Әмренов
Алина:
— Мен оң жағалауды Астананың жаны деп шын жүректен есептеймін. Дәл сонда бәрі басталған қаланың атмосферасы сақталған. Сондықтан елордамен танысуға келген әрбір адамға оның көшелерінен, саябақтары мен жағалауынан бастауды ұсынар едім. Өйткені, дәл сол жерде біз бүгін білетін және жақсы көретін Астананың пайда болуына негіз болған тарих өмір сүреді.
Меруерт
— Астананы түсіну үшін мен қонақтарды ескі қаланың орталығына, жағалауға, Республика даңғылына — ең жайлы жерге және Мир көшесіне (Бейбітшілік) — тарихи орталыққа апарамын.
Қанат:
— Қала қонағын мен, бәлкім, жағалауға, содан кейін Орталық саябаққа апарар едім. Бұл — менің күш-қуат алатын жерім. Бұл жер қала тарихына толы. Қарбалас пен жұмыстан кейін саябақта демалғанды өте жақсы көремін. Әсіресе көктем мен жазда. Әр кез жаңа бір нәрсе табамын. Жаңа жерлер мен бұрыштар. Жалпы, Астана — қарама-қайшылықтар қаласы. Жасыл, тыныш әрі жылы оң жағалау мен ультразаманауи сол жағалау өмір сүруге, демалуға және жұмыс істеуге тамаша қала құрайды. Мен Астананы өте жақсы көремін. Қала маған туған жерімдей болып кетті десем де болады.
Ұлан:
— Мен міндетті түрде орталық саябақты және қаланың ескі бөлігін көрсетер едім. Дәл сол жерде 1998 жылғы астананың сол баяғы атмосферасы әлі күнге дейін сақталған. Менің ойымша, дәл осы жерлерде Астананың қалыптасу тарихы мен оның ерекше мінезі бәрінен де жақсы сезіледі.
Қарлығаш:
— Егер маған қонаққа қаланың сүйікті жерлерін көрсету керек болса, мен Тріумфалды арканы және ескі қаладағы Орталық саябақтың жағалауын таңдар едім. Дәл осы жерде Астананың ырғағы ерекше жақсы сезіледі: адамдар серуендейді, спортпен шұғылданады, отбасыларымен демалады, ал айналадан заманауи қаланың әдемі көрінісі ашылады. Меніңше, дәл осы екі жерде Астананың көңіл-күйін жақсы түсінуге болады — бір жағынан сабырлы, отбасылық әрі жайлы болса, екінші жағынан заманауи, жас және болашаққа ұмтылған. Мен сені сүйемін, менің Астанам! Туған күніміз құтты болсын❤️