Дэвис кубогы аясындағы Швейцария – Қазақстан құрамалары арасындағы кездесуде көпшілікті таң қалдырған тағы бір нәтиже тіркеліп, жұптасып ойнауды біздің жігіттер жеңіске жетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Дэвис кубогы аясындағы Швейцария – Қазақстан құрамалары арасындағы кездесуде көпшілікті таң қалдырған тағы бір нәтиже тіркеліп, жұптасып ойнауды біздің жігіттер жеңіске жетті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Дэвис кубогының ширек финалында жолдары түйіскен Швейцария – Қазақстан теннисшілері екеуара кездесудің екінші күні жұптасып ойнаудан додаға түскен. Қазақстан құрамасының капитаны Диас Досқараев соңғы сәтте өзгеріс жасап, Евгений Королевтің орнына Андрей Голубевті шығарды. Сол Голубев Александр Недовесовпен тізе қоса ойнап, Швейцарияның әйгілі жұлдыздарын төрт сетте тізе бүктірді.
Бірінші сетте Голубев пен Недовесов басым түсті. Екіншісі тай-брейкке дейін созылып, мұнда да Қазақстан құрамасы теннисшілерінің асықтары алшысынан түсті. Үшінші сетте Федерер мен Вавринка жеңіске жетіп, «нөль» болып ұтылудан аман қалды. Төртінші сет тағы да тай-брейке дейін ұласып, бұл жолы да Қазақстан құрамасы жігіттерінің бақтары жанды.
Дәл қазір Швейцария сең соққандай күйде десек те болады. Әлемдік деңгейдегі жарық жұлдыздарының өздері Қазақстан теннисшілерінен ұтылып жатыр. Дәл қазір жалпы есеп – 1:2. Алда – Қазақстан.
Швейцария көресіні Голубевтен көріп жатыр. Андрей кортқа екі рет шығып, екеуінде де қазақ еліне жеңіс сыйлады. Швейцарияның жұлдыздары енді бір матчта ұтылса болды, жеңілістің кермек дәмін татады.
Шешуіш ойындар ертең өтеді. Станислас Вавринка мен Михаил Кукушкин кездессе, Роджер Федерер мен Андрей Голубев додаға түседі. Егер Кукушкин Вавринканы жеңсе, онда соңғы матчты өткізудің қажеті де болмай қалуы мүмкін...
Дэвис кубогы. Ширек финал
Швейцария – Қазақстан – 1:2
Станислас Вавринка – Андрей Голубев – 6:7 (5:7), 2:6, 6:3, 6:7 (5:7).
Роджер Федерер – Михаил Кукушкин – 6:4, 6:4, 6:2.
Роджер Федерер/Станислас Вавринка – Андрей Голубев/Александр Недовесов – 4:6, 6:7 (5:7), 6:4, 6:7 (5:7).