Ұлытау облысындағы шахтада төтенше жағдай болды: жеті адам өлі табылды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ұлытау облысындағы шахтада төтенше жағдай болды: жеті адам өлі табылды Фото:depositphotos.com

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы "Қазақмыс" корпорациясына қарасты "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау-кен массасы опырылды. Құтқарушылар жеті жұмысшының денесін тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан ТЖМ баспасөз қызметі ресми мәлімет таратты.

"ТЖМ мәліметінше, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-не тиесілі кеніште іздестіру-құтқару жұмыстары барысында жетінші қызметкердің денесі табылды. Оның жеке басы анықталып жатыр", – делінген баспасөз хабарламасында.

Ведомство мәліметінше, барлық жеті жұмысшының денесі жер бетіне шығарылып, сот-медициналық сараптама жүргізу үшін полиция қызметкерлеріне тапсырылған. ТЖМ жедел штабында ашылған жедел желіге осы уақытқа дейін 23 қоңырау түскен.

Бұған дейін ТЖМ авариялық-құтқару қызметтері алты жұмысшының денесін тапқанын, жетінші жұмысшыны іздеу жалғасып жатқанын хабарлаған болатын.

Ұлытау облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

"Осы факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 277-бабы 3-бөлігі – "Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргiзу кезiнде қауiпсiздiк қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалды", – делінген хабарламада.

Еске салсақ, дүйсенбі күні "Жомарт" кенішіндегі шахтада тау жынысы опырылып, салдарынан 7 жұмысшы үйінді астында қалып қойған еді. Кабельдердің үзілуіне байланысты жұмысшылармен байланыс үзілгені хабарланды.

Авариялық-құтқару жұмыстарына өңірлік және Қарағанды облысының ТЖД күштері мен құралдары, оның ішінде кинологиялық есептер, ТЖМ апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері және психологтар жұмылдырылды. Ұлытау облыстық ТЖД мен ТЖМ командалық орталығында жедел штабтар құрылып, ТЖМ жедел желі ұйымдастырылды.

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің тапсырмасымен апаттың себептерін анықтау және зардап шеккендерге көмек көрсету үшін арнайы комиссия құрылды. Оны премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады.

Ұлытау облысы әкімдігі де қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына қажетті психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсететінін мәлімдеді.

"Жомарт" кеніші Жезқазған қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 130 шақырым жерде орналасқан. Онда мыс сульфиді өндіріледі. Ал "Қазақмыс" корпорациясының ірі акционері - Kazakhmys Copper.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Читайте также
Join Telegram
Қазақстанда қар жауады

Валюта бағамы

 500.6  course up  583.17  course up  6.51  course up

 

Ауа райы

location-current
Алматы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети