G-Global және EXPO-2017 жобаларын әлемге насихаттау мақсатымен саяхаттап жүрген қазақстандық "Керуен" мотошеруі Парижге жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 21 мамыр күні Астанадан шыққан байкерлер тобы 8000 шақырымға жуық жол жүріп, еліміздің EXPO-2017 туын ресми түрде қабылдайтын уақытында Франция астанасына дәл келді.
G-Global және EXPO-2017 жобаларын әлемге насихаттау мақсатымен саяхаттап жүрген қазақстандық "Керуен" мотошеруі Парижге жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. 21 мамыр күні Астанадан шыққан байкерлер тобы 8000 шақырымға жуық жол жүріп, еліміздің EXPO-2017 туын ресми түрде қабылдайтын уақытында Франция астанасына дәл келді.
Қазақстандық алты байкер елімізден шығып, Ресей, Финляндия, Дания, Норвегия, Швеция, Германия, Бельгия жерлерінен өткен. Олар жол бойы кездескен жұртты еліміздің тарихымен, мәдениетімен таныстырып, экономикалық жетістіктеріміз бен ірі жобаларымызды насихаттайды.
"Мемлекеттік миссия атқарып жатырмыз, Қазақстан мен оның ерекшеліктерін әлемнің қарапайым халқына таныстырып келеміз. Жарнаманың мұндай жолы жақсы нәтиже береді екен, түсініксіз киім киген, беймәлім техникасы бар бейтаныс адамдарды көргенде кездескен жұрт "қайда барасыздар, кімсіздер, EXPO деген не?" деп сұрайды. Қарапайым көпшілікке Қазақстанның инновациялық дамуы, жасыл экономикаға өту қадамдары туралы әңгімеледік, жадынамалар, кәдесыйлар тараттық. Үгіт-насихаттың ресми амалдары мұндай нәтиже бермес еді, сапар барысында түрлі елдердің инновациялық кәсіпорындарда, жел полигондарында, технопарктерінде болып, пікір-тәжірибе алмастық", - дейді мотошеруге қатысушы тәжірибелі байкер, музыкант әрі технолог Диаз Байсейітов.
Мотошеру - "Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы" қауымдастығы, "Астана ЭКСПО-2017" ҰК АҚ, Сыртқы істер министрлігі, Қазақ географиялық қоғамы және "Ромпетрол" кәсіпорны бірлесіп қолға алған жоба. Астана экономикалық форумы кезінде басталған саяхат EXPO-2017 туы Қазақстанға тапсырылатын уақытта Парижде болып, шілденің 6-сы – Астана күні елге оралмақ. Оған дейін Швейцария, Италия, Румыния, Түркия, Грузия және Ресей аумағындағы 10 мың шақырымдық жол бар.
"Біздіңше, мотоциклмен саяхаттауда көшпенділердің рухы бар. Өйткені заман, техника өзгергенімен рух қалады. Сондықтан біз жылына бір рет саяхат ұйымдастырып тұрамыз. Бұған дейін Орталық Азия елдеріне саяхат жасадық. Ол кезде адамның қолы тимеген табиғи-тарихи орындарды араласақ, бұл жолы басты тақырыбымыз - хай-тек. Ең ауқымды саяхатымыз – осы”, - дейді Байсейітов.
Бұған дейін қазақстандық делегацияның Парижге келгенін хабарлаған болатынбыз. 11 маусым күні Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 155-сессиясында EXPO-2017 көрмесінің туы Қазақстанға ресми түрде табыс етіледі.