АҚШ пен Израиль Иранның мұнай экспорты бойынша басты торабы Харк аралына соққы жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Иранның Mehr агенттігіне сілтеме жасап.
"АҚШ пен Израильдегі жаулар Харк аралына бірнеше шабуыл жасады, сондай-ақ аралда бірнеше жарылыс дауысы естілді", - делінген хабарламада.
Агенттік нақты қай нысандардың соққыға ұшырағанын нақтыламады.
Неге Харк аралы Иран үшін маңызды?
Харк — Парсы шығанағындағы шағын маржан аралы, ол Иран үшін маңызды "отын артериясы". Елдің теңіз арқылы тасымалданатын мұнай экспортының шамамен 90–95 пайызы осы жерден өтеді. Аралда ондаған ірі резервуар орналасқан, олардың жалпы сыйымдылығы шамамен 28–30 миллион баррель болады.
Орташа есеппен арал терминалдары арқылы тәулігіне 1,5–1,7 миллион баррель мұнай жөнелтіледі. 2026 жылғы ақпанда қақтығыстың ушығу ықтималдығы аясында Иран жөнелтілімді рекордты 3,79 миллион баррельге дейін арттырды. Терминал жұмысының тоқтап қалуы Иранға келетін негізгі валюта ағынын бірден азайтып, бюджеттік қиындықтарға, әлеуметтік бағдарламалардың тоқтауы мен риал бағамының құлдырауына әкеп соғуы мүмкін.
Еске сала кетейік, наурыздың соңында АҚШ президенті Дональд Трамп Иран мұнайын тартып алғысы келетінін мәлімдеп, Харк аралындағы экспорттық хабты басып алу мүмкіндігін жоққа шығармаған болатын.