АҚШ әкімшілігі Украина президенті Владимир Зеленскийге алдағы екі күнде "Ресей басқыншылығы" болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Newsweek басылымы мен CNN телеарнасы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
АҚШ әкімшілігі Украина президенті Владимир Зеленскийге алдағы екі күнде "Ресей басқыншылығы" болуы мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы Newsweek басылымы мен CNN телеарнасы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
"АҚШ-тың барлау мәліметтеріне сүйеніп, Ресей 48 сағат ішінде басып кіруі мүмкін екені Украина президентіне ескертілді", - деп жазады Newsweek.
Басылым мәліметінше, АҚШ тарапында Ресей кибершабуылдан бастап, Украинаның мемлекеттік органдары мен Қарулы Күштерінің байланыс арналарын істен шығарып, кейінірек құрлық күшінің бөлімшелері шабуыл жасайды деген дәлел бар. Бұл шабуыл түнде басталады, оған Ресей әскерінің Беларусь аумағынан Киевке басып кіруі және Донбасстан Ресей бөлімшелерінің шабуылы кіреді.
22 ақпанда АҚШ Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысқан, аты аталмаған шенеунік Джо Байден әкімшілігінің "өте пессимист" екенін әрі алдағы 24-48 сағатта шабуыл басталуы мүмкін екенін айтты.
Сонымен қатар, CNN телеарнасы АҚШ-тың, Украинаның және аты аталмаған батыс елінің жоғары лауазымды шенеуніктері арасындағы дереккөздерге сілтеме жасап, 22 ақпанда АҚШ билігі Киевке Ресей әскері толық шабуыл жасауға дайын екені туралы барлау мәліметтерін ресми түрде бергенін айтты. Дереккөз мәліметінше, Ресей "жақын арада" басып кіреді.
Сонымен қатар, ресейліктер Харьковқа шабуыл жасауды жоспарлап отыр деп мәлімдеді. Бұл сөздерді украиндық шенеунік те, америкалық та растады.
Украин шенеунігінің айтуынша, Украинаның барлау қызметі америкалықтардың орыс әскері "жақын арада" бүкіл Украинада әскери операцияны бастауды жоспарлап отыр деген тезистерін растай алмады. Украина билігі АҚШ бұған дейін де осындай "басып кіру күндері" туралы ескерткенін айтты, бірақ Ресей ол күндері шабуыл жасамаған.
Украина президенті кеңсесіндегі ақпарат көздері мұндай ақпаратты америкалық серіктестерден алғанын растады. Соған қарамастан, олар АҚШ-тың 2022 жылы ақпанда үшінші рет Ресей шапқыншылығының басталатын күндері туралы хабарлағанына күмән келтірді.
Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен NBC телеарнасына Ресей әскері бейсенбіде таңертең Украинаға шабуыл жасайды деп мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, Ресей өз әскерін Украинамен шекарада - солтүстіктен, шығыстан және оңтүстіктен төтенше дайындық деңгейіне жеткізді", - деді Блинкен.
Ол әскерді ЛХР мен ДХР-ға немесе Киев басқаратын аумақтарға енгізетіні туралы айтқан жоқ.
"Нақты күнін немесе уақытын айта алмаймын, бірақ Ресей шабуылын бастауы үшін бәрі дайын", - деді АҚШ мемлекеттік хатшысы.
Сонымен қатар, Блинкен Украинадағы ірі қарулы қақтығыстың алдын алуға болатынына сенім білдірді.
"Менің ойымша, әлі де басқыншылық әрекеттен аулақ болу мүмкіндігі бар", - деді ол.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!