Делегациялар Астанада Сириядағы жағдайды реттеу бойынша өткен екі күндік келіссөздерде тараптардың неліктен келісімге келе алмағандарын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Делегациялар Астанада Сириядағы жағдайды реттеу бойынша өткен екі күндік келіссөздерде тараптардың неліктен келісімге келе алмағандарын түсіндірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Тараптар он сағат бойы нақты бір шешімге келуге тырысқан. Айта кетейік, келіссөздер RIXOS мейманханасында жабық тәртіпте өтті. Журналистер осы уақыт бойы тараптардың қандай келісімге келетіндерін күткен.
Бірнеше сағатқа созылған жиынға қарамастан, тараптар сол бойы ортақ келісімге қол қоймаған.
Сирияның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Башар Джафари тараптардың ортақ келісімге келмеуіне Түркияның себеп болғанын айтып отыр. Оның айтуынша, Түркия тарапы бұл келіссөздерге үстіртін қараған.
"Түркия делегациясы өзін өте төмен деңгейде көрсетті. Осылайша, Түркия тарапы осы мәселе бойынша үлкен күдік тудырады", - деді Джафари.
Сонымен қатар, Башар Джафари Иордания өкілдерін террористерге көмек көрсеткендері үшін айыптады. "Даръа қаласына 8 террористік топ шабуыл жасап жатыр.Бұл топтарға Иордания көмектеседі. Иордания әлі күнге дейін біздің еліміз үшін қауіпті", - деді Сирия өкілі.
Сондай-ақ, Сирия оппозициясындағылар өз кезегінде Сирия билігін айыптады. Оппозиция өкілдерінің айтуынша, Сирия билігі тек оларға "бас иетіндерді" мойындайды. Бұл жерде "Джейш әл-Ислам" тобының өкілі Мохаммед Аллуштың сөйлеген сөзі әсерлі болды.
"Біз мұнда саяси әділ шешім қабылдау үшін, Сириядағы жағдайды реттеу үшін келдік. Елдегі соғысты тоқтату - біздің мақсатымыз", - деді Аллуш.
Алайда келіссөздер барысында бірнеше келісімге келуге мүмкіндік туды. Олардың бірі - ресейліктердің босатылған аумақтарға шабуылды тоқтататыны туралы мәлімдемесі.
Еске салайық, Астанада 15-16 ақпанда Сириядағы жағдайды реттеу бойынша тағы да отырыстар өтті. Бұл жолы Ресей тарапы Астанадағы кездесуге АҚШ өкілдерін шақырды.
Мұның алдында келіссөздерге қатысатындығын Ресей, Иран, Туркия, Иордания және Сирия Араб Республикасының үкімет растаған болатын. Сонымен бірге, кепіл мемлекеттердің ұсынысын қабылдаса, сириялық қарулы оппозиция өкілдерінің келетіні хабарланған.