Ресей Федерал қауіпсіздік қызметі Азау теңізіндегі оқиға кезінде ұсталған украиналық кеменің үш теңізшісінен жауап алу сәті түсірілген видеоны жариялады, - деп хабарлайды "Россия 24" телеарнасы.
Ресей Федерал қауіпсіздік қызметі Азау теңізіндегі оқиға кезінде ұсталған украиналық кеменің үш теңізшісінен жауап алу сәті түсірілген видеоны жариялады, - деп хабарлайды "Россия 24" телеарнасы.
Видеожазбада Үшінші дәрежелі капитан Владимир Лесовой, матрос Сергей Цибизов және "Никополь" бронекатер экипажының мүшесі Андрей Драч түсірілген делінеді.
Теңізшілер Керчь бұғазына кіруге тыйым салынғаны туралы "бірнеше рет ескерту алғанын" және ескертуге "қасақана құлақ аспағанын" айтады. Олардың айтуынша, кемелердің бортында атыс қаруы, оқ-дәрісімен ДШК пулеметтері болған.
Украиналық әскерилердің бірі Украина ӘТК кемелерінің әрекетінде "арандату сипаты" болғанын мәлімдейді.
Украина Әскери теңіз күштерінің қолбасшысы Игорь Воронченко Керчь бұғазында ұсталған украиналық теңізшілерге қысым көрсетіліп, жалған мәлімдеме жасатқызған деген тұжырым айтты.
"Кеме экипаждары қазір әр жақта. Үш әскери, бір офицер және келісімшарт бойынша қызметтегі екі теңізші жарақат алып, Керчь қаласындағы ауруханада жатыр. Кемелер базадағы пунктінде, онда ФТБ катерлері бар. Біздің теңізшілердің жалған көрсетпе бергеніне белгілі бір дәлелдер де табылып жатыр", - деп мәлімдеді ол 26 қарашада ICTV телеарнасының эфирінде.
Воронченконың айтуынша, физикалық және психологиялық қысым әсерімен жауап алынған үш матростың видеосы бар. "Никопольдің бұл матростарын білемін, олар әрқашан әділін айтатын өз ісінің мамандары болған. Олардың қазір айтып отырғаны жалған", - деп мәлімдеді ол.
Украина ӘТК қолбасшысы әскерилермен адвокаттардың кездесіп үлгергенін айтты. Воронченко екі әскеридің Қырым тумасы екеніне және олардың ата-анасы түбекте тұрып жатқандықтан оларға қысым түсуі мүмкін екеніне назар аударып отыр.