Қазақстан Қырғызстанның наразылық нотасына жауап нотасын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Қырғызстанның наразылық нотасына жауап нотасын жолдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
2017 жылдың 20 қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне Қырғыз Республикасының уақытша сенімді өкілі шақырылып, оған Қырғызстан СІМ-нің таңертеңгі мәлімдемесіне байланысты қазақстандық тараптың келесі мазмұндағы жауап нотасының табыс етілгені айтылады.
"... Қазақстандық тарап 19 қыркүйекте Алматы қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қырғыз Республикасының Президенттігіне үміткер кандидаттардың бірімен болған кездесуіне орай Қырғыз Республикасының Сыртқы істер министрлігінің әрекетіне қатты таңданыс білдіреді. Мемлекет басшысының әртүрлі елдердің көрнекті саяси қайраткерлерімен және саяси партиялардың басшыларымен олардың өтініші бойынша кездесулері тұрақты түрде өткізіліп тұрады және халықаралық тәжірибеге толық сәйкес келеді. Бұл ретте, мұндай іс-шаралар ашық, транспарентті сипатта өтіп, бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланады", - делінген ҚР СІМ хабарламасында.
СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 14 тамызда Астанада Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының президенттігіне кандидаттардың бірі, бұрынғы премьер-министр Жээнбековпен осындай екіжақты кездесу өткізді.
"Оған қоса, Мемлекет басшысының тұжырымдарын Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бұрыс түсіндіруіне түсінбестік білдіреміз. Аталған кездесулер барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қырғыз Республикасы президенттігіне қандай да бір нақты үміткердің пайдасына қолдау білдірген жоқ. Оның үстіне Астана және Алматы қалаларында қырғыз өкілдерімен келіссөздер барысында Мемлекет басшысы бауырлас қырғыз халқы сенім білдіріп, сайлайтын Қырғыз Республикасының кез келген Президентімен тиімді өзара іс-қимыл жасауға дайын екенін айтты. Осыған байланысты Қырғыз Республикасының ішкі ісіне араласуға және ел халқының таңдауына ықпал ету әрекетіне қатысты Қырғыз тарапының ойдан шығарылған тұжырымдарын табанды түрде жоққа шығарамыз", - делінген СІМ-нің нотаға берген жауапта.
"Қырғыз Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мұндай әрекеті Қазақстандық тарап адалдық танытатын, екі халық арасындағы дәстүрлі бауырластық қатынастарға және Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы арасындағы одақтық қарым-қатынастар туралы шартқа түбегейлі қайшы келеді деп санаймыз..", - деді ведомстводағылар.
Еске сала кетейік, 19 қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенттігіне кандидат Өмірбек Бабановпен кездескен болатын.
Кейінірек Қырғызстан қазақстандық тарапқа наразылық нотасын жолдаған еді. Сондай-ақ, осыған дейін саясаттанушы Ерлан Қарин Қырғызстанның наразылық нотасына қатысты пікір білдірген еді. "(...) Наразылық нотасын жіберудің өзі мүлде дұрыс емес. Мен кеше де жазған болатынмын, кандидаттармен және саяси партиялардың лидерлерімен кездесулер өткізу бұрыннан келе жатқан тәжірибе. (...) Бұл қажет емес хайп ресми Бішкектің өзіне зиян", - деп жазған еді Ерлан Қарин Facebook желісіндегі парақшасында.