АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның байытылған уранына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Америкалық көшбасшы тиісті жазбаны Truth Social әлеуметтік желісінде жариялады.
"Байытылған уран (ядролық шаң!) әкету және жою үшін дереу Америка Құрама Штаттарына беріледі немесе Иран Ислам Республикасымен бірлесе отырып әрі үйлестіре отырып, сол жерде немесе басқа қолайлы орында жойылады, бұл нұсқа құптарлық", - деп жазды ол.
Сонымен қатар Ақ үй басшысы бұл процеске "Атом энергиясы жөніндегі комиссия немесе соған ұқсас орган" куәгер ретінде қатысатынын атап өтті.
Бұған дейін Трамп Иранның қалған ядролық материалдарын тәркілеуді талап еткен болатын және АҚШ-тың Иран нысандарын ғарыштан жіті бақылап отырғанын ескерткен еді. Америкалық басшының айтуынша, байытылған уранды бақылауға алу Тегеранмен қарым-қатынастағы басты басымдық болып қала береді.
БАҚ мәліметінше, Иранмен соғыс кезінде АҚШ президенті ядролық материалдарды тәркілеу үшін құрлықтағы әскерлердің қатысуымен өте қауіпті операцияны мақұлдау мүмкіндігін қарастырған. Алайда әзірге ол мұндай операцияға түпкілікті рұқсат берген жоқ.
Еске сала кетейік, мамыр айының басында Иран АҚШ-қа ұрыс қимылдарын тоқтату және бейбіт келіссөздерді бастау туралы 14 тармақтан тұратын өз жоспарының жобасын ұсынған болатын. Олардың қатарында шабуыл жасамау кепілдігі, Ормуз бұғазындағы Иран порттарының блокадасын алу, активтерді бұғаттан шығару және Таяу Шығыстан америкалық әскерлерді шығару бар.
Трамп бұл жоспарды қолайсыз деп атап, қарсы талаптар қойды: репарациядан бас тарту, активтердің тек 25 пайызын ғана бұғаттан шығару, АҚШ-қа 400 келі байытылған уранды тапсыру және Иранда тек бір ядролық кешеннің жұмыс істеуіне кепілдік беру.
Өткен аптада ирандық БАҚ тараптар соғысты аяқтау туралы келіссөздерді қайта бастау шарттарының тізімімен алмасқаннан кейін, АҚШ-тың Иранға бейбіт келісімнің жаңа жобасын тапсырғанын хабарлады.