18 қаңтар 2022 | 10:58

"Қоспасы бар оқтар". Алматы тұрғыны тәртіпсіздіктерден кейінгі пәтерін көрсетті

Жансая Қадыржанова Корреспондент
Бақтиярдың пәтерінің терезесі. Пәтер иесінің суреті

Алматыдағы қаңтар трагедиясы қала тұрғындарының бейбіт митингісі ретінде басталды. Бірақ кейін мегаполис орталығына жақсы дайындалған қарақшылар мен лаңкестер шықты. Осыдан кейін жағдай бақылаудан шығып кетті: қылмыскерлер қала әкімдігі маңындағы аумақты ақырындап басып ала бастады, ғимаратқа күшпен басып кіріп, оны өртеп жіберді, сонымен қатар, Қазақстан Президентінің резиденциясы, республикалық телеарналар кеңсесі өртелді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Алматыдағы қаңтар трагедиясы қала тұрғындарының бейбіт митингісі ретінде басталды. Бірақ кейін мегаполис орталығына жақсы дайындалған қарақшылар мен лаңкестер шықты. Осыдан кейін жағдай бақылаудан шығып кетті: қылмыскерлер қала әкімдігі маңындағы аумақты ақырындап басып ала бастады, ғимаратқа күшпен басып кіріп, оны өртеп жіберді, сонымен қатар, Қазақстан Президентінің резиденциясы, республикалық телеарналар кеңсесі өртелді.

Мұның бәрі және граната, үздіксіз атылған оқ дауыстары үш күнге созылды. Қаңғыған оқтың бірі алматылық Бақтияр Нұрмағамбетовтің пәтеріне түскен және пәтерді өртеп жіберуге шақ қалған. Ол Республика алаңы маңында тұрады және сол күндердің куәгерлерінің бірі. Ол осы оқиғаның кейбір тұстарын айтып берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

4 қаңтарда түстен кейін Бақтияр отбасымен өз пәтерінде болған. Оның пәтері үйдің 12-қабатында орналасқан және терезелері қаланың орталық алаңына қарайды. Ер адамның айтуынша, тәртіп сақшылары мен сарбаздар осы аумақтан кеткеннен кейін шерулер тәртіпсіздіктерге айналып, бүлік басталған. Бұл сол күні түстен кейін болған.

Реклама
Реклама

"Мұнда полиция қызметкерлері болды, бірақ олар бір жерге кетіп қалды. Сарбаздар да жоғалып кетті, оларға тасымалдайтын арнайы көлік келмеді. Менің ойымша, олар түрлі жаққа, яғни Жолдасбековтен Достық даңғылына қарай, Назарбаевтан Әл-Фарабиге қарай кетті. Олар 18-19 жас аралығындағы жас ұландар болды. Олардың орнына бұзақылар келді. Олар жастар мен ер адамдар еді және бастарында полиция каскалары немесе қалқандары болды. Осыдан кейін бүлік басталып кетті.

Адамдар "Рамстор" маңындағы орындықтарды жұлып алып, Назарбаев даңғылы мен Жолдасбеков көшесін жапты. Содан кейін әр көлікті тоқтатып, жүксалғышын тексерді. Резиденцияда қалған сарбаздарға апаруы мүмкін қару-жарақ пен басқа заттарды іздеді. Бұл қарапайым шерушілер мен тонаушылар емес еді, жақсы дайындалған адамдар, нақты топтар болды. Оларды орын-орнына қойып қойған, әрқайсысының өз міндеті болды: кейбіреулері көлікті тоқтатты, қалғандары оларды тексерді, ал енді біреулері белгілі бір әрекеттерді басқарды. Өз көлігін көрсеткісі келмеген жүргізушілерді кері қайтуға мәжбүр етті", - деді алматылық.

Оның айтуынша, халық көп жиналатын жерге тамақ пен сусын салынған түрлі көліктер де келген. Олар осы қарақшылар мен лаңкестерге арналған. Нұрмағамбетов тамақ жетпей қалғандар жақын маңда орналасқан шағын дүкендерден алғанын айтты. Олар тонамай, ақшаға тамақ сатып алған.

"Түні бойы және келесі күні таңертеңге дейін терезеден жарылыс пен атыстар естілді. Бұл тәртіп сақшылары мен тәртіпсіздіктерге қатысушылар арасындағы қақтығыстар еді. Кейбіреулер телеарналар орналасқан әкімдікке қарама-қарсы ғимаратқа кірді. Онда бір бөлігі шатырға көтеріліп, үлкен белгіні құлата бастады... Сондай-ақ, осы ғимаратқа тығылғандар полиция қызметкерлеріне кірпіш лақтырды", - деді ол.

Нұрмағамбетов 5 қаңтарда таңертең ауданда тыныштық байқалғанын айтты. Мұнда қозғалыс 15.00-ден кейін басталған. Атыс басталған. Алайда тұман мен түтін салдарынан кім қақтығысып жатқаны көрінбеген.

"Олар біздің де көліктерімізді өртей ме деп көршілерімізбен бірге қорықтық. Сондықтан ауламызда кезекшілік ұйымдастырдық. Бір уақытта бірнеше ер адам күзетке шықты. Бірақ кейін ауада газ тарады. Соның салдарынан көз аша алмадық. Түскі астан кейін атыс қайта басталды. Сонымен қатар, кейбір оқтар баяу ұшты, бірақ қызыл түсті болды. Кейін оқта қандай да бір қоспа бар екенін, түскеннен кейін жағып жіберетінін түсіндім", - деді ол.

Осындай оқтың бірі екі күннен кейін Нұрмағамбетовтың пәтеріне түскен. Оқиға бүкіл отбасы мүшелері үйде болған кезде кешкі сағат 17.00 шамасында болған. Бақтияр мен оның әйелі залда теледидар көріп отырған, қызы мен 13 жастағы ұлы өз бөлмесінде болған. Оқ дәл жатын бөлменің терезесін тесіп өткен.

"6 қаңтарда оқиға бұрынғыдай болып жатты. Көшеде бірде-бір полиция немесе әскери қызметкер болған жоқ. Атыс түскі асқа жақын басталып, түнге дейін жалғасты. Ал 7 қаңтарда атысты 11.00-12.00-де ести бастадық. Осы уақытта полиция мен Hummer әскери көліктері келе бастады, ал тәртіп сақшылары эвакуатор көмегімен бетон плиталар мен қоршауларды қоя бастады. Атыс пен жарылыс жалғасты.

Кешке, сағат 17.00-ге жақын, көшеде жүрген көршілер екі қызыл оқтың біздің үйге қарай ұшып бара жатқанын байқаған. Бұл атыс пен дыбысты біз де естідік. Өте жақын маңда болғаны түсінікті еді, бірақ біздің пәтерімізге екенін білмедік. Бірнеше секундтан кейін ұлым өз бөлмесінен шықты, ол қатты абдырап тұрды. Сұрақтарға жауап бермеді, шошынып қалған. Содан кейін әйелім оның бөлмесін қарап, өртеніп жатқанымызды айтып, айғайлай бастады", - деді ол.

Оқ киім салынған шкафқа тиіп, салдарынан өрт шыққан. Су толтырылған шелектер дайын тұрғандықтан, Нұрмағамбетов оны отбасымен бірге тез сөндіре бастаған. 

"Тәртіпсіздік кезінде су тоқтауы мүмкін деген қауесет тарады. Сондықтан суды арнайы жинап, ваннаны да толтырып алдық. Бақытымызға орай, өртті тез сөндірдік. Егер үйде ешкім болмаса, пәтер өртеніп кетер еді. Себебі өрт сөндірмес бұрын бірнеше нәрсе жартылай жанып кетті.

Ал ұлым оқиғадан кейін компьютерде, яғни терезеге артымен қарап отырғанын айтты. Егер оқ 20 сантиметрге төмен түссе, онда басына тиер еді. Оқиғадан кейін үстелді қабырғаға тақап қойдық. Соған қарамастан, бес күн бойы ұлым жатын бөлмесіне кіре алмады, басқа бөлмеде ұйықтады", - деді ол.

Бахтиярдың айтуынша, атыс болған күндері олардың пәтеріне тағы бір оқ атылған. Алайда бұл қарапайым оқ болған. Ол балконның қабырғасына түсіп, оны тесіп өтіп, мұздатқышқа тиген. Бақтияр нақты қашан болғанын білмейді, бірақ бірінші "отты" оқ атылғаннан кейінгі күні екінші жағдай болғанын айтты. Оқиғадан кейін ер адам полицияға жүгінген.

 

Сондай-ақ, оның көршілері подъезден терезеден атылған тағы бір оқ тапқанын айтқан.

Полиция департаменті мәліметінше, 17 қаңтарда учаскелік қызметкер және жедел-тергеу тобы Нұрмағамбетовтің пәтеріне барған. Тәртіп сақшылары барлық шығынды тіркеп, оқтарды тәркілеген.

"Заттай дәлелдемелер алынды, олар міндетті түрде тексеріледі. Өндіріс материалдары Қылмыстық кодекстің 272-бабы "Жаппай тәртіпсіздіктер" бойынша ведомствоаралық жедел-тергеу тобы тергейтін негізгі қылмыстық іспен біріктіріледі", - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Бұған дейін Алматы әкімдігі өкілі тәртіпсіздік кезінде Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысында орналасқан бір ғана көп қабатты үйде 37 пәтер зардап шеккенін мәлімдеді. Қазір мамандар тексеріс жүргізіп жатқаны, бұл бірнеше күнді алатыны айтылды.

"Әсіресе, Республика алаңындағы, Назарбаев-Сәтбаев қиылысындағы тұрғын үйлер зардап шекті. Оқ терезелер мен балкондарға түскенін көрдік. Барған кезде пәтер иелері оқ пәтерлеріне атылғанын, мұздатқышты бүлдіргенін айтты. Осының бәрін біз жергілікті бюджет есебінен қалпына келтіріп, тұрғындарға көмектесуіміз керек", - деді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Еске салайық, 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан болатын. 3 қаңтарда бірден бірнеше облыста митингілер басталды. Наразылық шарасына мұнай өндіруші кәсіпорындардың жұмысшылары да қосылды. 4 қаңтарда өзге де қалаларда бірден жаппай тәртіпсіздік басталды.

Тұрғымбаев Қазақстанда жаппай тәртіпсіздікке ұласқан оқиғалар хронологиясын баяндады

Кейінірек Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында төтенше жағдай енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Алматы қаласы мен Маңғыстау облысында 2022 жылғы 5 қаңтардағы сағат 01:30-дан 2022 жылғы 19 қаңтардың сағат 00:00 кезеңі аралығында төтенше жағдай енгізілді.

Қазақстанда төтенше жағдай режимі енгізілді

5 қаңтарда үкімет отставкаға кетті, Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, сұйытылған газ, бензин және дизель отынының бағасын мемлекеттік реттеу енгізілді. Алайда толқу күшейе түсті. Алматы қаласы қатты зардап шекті. Бүлікшілер әкімдік ғимаратын өртеп жіберді, Президент резиденциясын басып алды, дүкендерді, сауда орталықтарын, банк кеңселері мен банкоматтарды қиратып, тонады.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде қалыптасқан күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайға тоқталып, сұйытылған газ бағасының өсуіне байланысты халықтың наразылығын тудырғаны үшін Үкімет, соның ішінде, Энергетика министрлігі, "ҚазМұнайГаз" бен "Қазақгаз" кәсіпорындары кінәлі екенін айтты.

6 қаңтарда Кәрім Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметінен босатылды. ҰҚК-нің жаңа басшысы болып Ермек Сағымбаев тағайындалды. Дәл осы күні ҰҚК Қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша "Мемлекетке опасыздық жасау" бабы бойынша соталды тергеу амалдары басталды. Қылмыс жасады деген күдікпен ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен басқа да тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал 10 қаңтар Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Қазақстандағы тәртіпсіздіктерден бизнеске келтірілген шығын 12 қаңтарда 100 миллиард теңгеден асты. Қаза болғандар мен зардап шеккендер саны анықталып жатыр, әлі белгісіз.

11 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үкімет мүшелерін тағайындады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная