Қытайдың оңтүстік-шығысында су тасқынынан 40-тан аса адам қаза тапты, - деп хабарлайды РИА Новости.
Қытайдың оңтүстік-шығысында су тасқынынан 40-тан аса адам қаза тапты, - деп хабарлайды РИА Новости.
Хунан провинциясындағы Нинсян уезінде тұратын 815 мың адам су тасқынынан зардап шеккен, әзірше қаза тапқан және жоғалып кеткен деген статус 44 адамға берілгенін жазады "Жэньминь жибао" басылымы.
Уезде бұл апат соңғы 60 жыл бақылауда болған ең ірісі саналып отыр. 22 маусымнан 1 шілдеге дейінгі уақытта жылдық жауын-шашын көрсеткішінің 31,8 пайызы немесе 4611 миллиметр түскен. 30 маусым мен 1 шілде аралығында жауын-шашын ең көп түскен.
Апаттан 14 мың үй қираған, су бөгеті мен 70 көшедегі жол бұзылған, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 22 мың гектардан аса жерді су басқан, 13 елді мекен электрсіз, ал жеті елді мекен байланыссыз қалды.
Алдын ала есепке қарағанда, тікелей және қосымша экономикалық шығын - 9 миллиард юань (1,3 миллиард доллар).
Еске салайық, осыған дейін қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі қытайлықтарға аударылған қаражатқа қатысты түсінік берген еді. Бұл туралы Қанат Айтбаев Facebook желісінде жазды. "Мен өзіміз жөніндегі көп жаңалықты баспасөз бетінен білемін... Димаш көрші елдің су басқан аймағына пəлен миллион аударыпты дегенді де жариялапты. Əр елдің салты басқа - Димаштың өнеріне тəнті қытайлық фирма өз жерлестеріне көмектесіп, біздің баланың атынан қаражат аударыпты. (Димаш ол деңгейге əзір жете қойған жоқ.) Бізге де, өздеріне де жақсылық жасағысы келген болар...", - деп жазған еді Айтбаев.
Осыған дейін бірқатар қазақстандық басылым қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің Қытайдың Хунань провинциясында болған су тасқыны апатынан зардап шеккендерге ақшалай көмек көрсеткені туралы хабар таратқан еді. БАҚ-тардың мәліметінше, Hunan телеарнасының weibo әлеуметтік парақшасында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Димаш Mango V қоры арқылы Хунан провинциясындағы су тасқынынан кейін қайта қалпына келтіру жұмыстары үшін көмек ретінде 300 мың юань (14 миллион теңге) қаражат аударған.