АҚШ президенті Дональд Трамп Францияда өткен G7 саммитінің жұмыс отырысына соңғы болып кіріп, лидерлерді күлдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ол залға ең соңғы болып кіріп, өз орнына бара жатып: "Мен босспын" деді. Бейнежазбада Трамптың сөзінен кейін кездесуге қатысушылардың күлгені көрінеді. АҚШ президентінің өзі де жымиып, үстел басындағы Франция президенті Эммануэль Макронның қасына отырды.
Associated Press агенттігі мәліметінше, америкалық президенттің қасында Эммануэль Макрон мен Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер отырды. Сондай-ақ кадрлардан Германия канцлері Фридрих Мерцті, Италия премьер-министрі Джорджа Мелониді және Канада премьер-министрі Марк Карниді көруге болады.
Саммит жұмысына Жапония премьер-министрі Санаэ Такаити, Еуропалық кеңес төрағасы Антониу Кошта және Еуропалық комиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен де қатысты.
Отырыста не талқыланды?
Трамп қатысқан жұмыс сессиясы жаһандық экономикалық қауіпсіздік мәселелеріне арналды.
Лидерлер халықаралық жеткізу тізбегінің тұрақтылығын, батыс елдерінің аса маңызды минералдар бойынша Қытайға тәуелділігін, сондай-ақ жаһандық экономикалық теңгерімсіздікті талқылады.
Ықтимал шаралар ретінде стратегиялық шикізат бағасын қолдау, субсидиялар, кепілдендірілген сатып алулар және Қытайдан тыс жерлерде аса маңызды минералдарды өндіру мен өңдеуге жеке инвестицияларды тарту мәселелері қаралды.
Саммиттің қорытынды күнінде қатысушылар экономикалық өсім мен жасанды интеллектінің болашағын да талқыға салды. ЖИ бойынша келіссөздерге ірі технологиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Жалпы алғанда, G7 саммиті Эвиан-ле-Бенде 15-17 маусым аралығында өтті. Экономика мен жасанды интеллектен бөлек, Украинадағы соғыс, Ресейге қарсы жаңа санкциялар, Иран төңірегіндегі жағдай және Ормуз бұғазы арқылы энергия ресурстарын жеткізу қауіпсіздігі басты тақырыптарға айналды.