Тергеу органдары Монакода украиналық олигарх Вадим Ермолаевқа қастандық жасады деген күдіктінің кім екенін және оның жүрген жерін анықтады. Бұл туралы дереккөзге сілтеме жасап BFMTV телеарнасы хабарлады, деп жазады Tengrinews.kz.
"Күдіктінің жеке басы анықталды. Ол еуропалық елдердің бірінен табылды, ол Монако да, Франция да емес. Монако сот билігінің сұрауы бойынша халықаралық ынтымақтастық шаралары іске қосылды", - деп хабарлайды телеарна.
Сондай-ақ дереккөздер телеарнаға Figaro газетінің жарылғыш заты бар пакетті әйел адам орнатуы мүмкін деген ақпаратын растады. Телеарна танысқан Монако полициясының қызметтік жазбасында күдікті ер адам сияқты көріну үшін сырт келбетін өзгертіп, бүркенуі мүмкін екені көрсетілген.
France Info телеарнасы Ермолаевқа қастандық жасау ісі бойынша күдікті Германияда тұратын 30 жастағы Украина азаматы екенін хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, жарылыстан кейін күдікті Францияның Босолей коммунасына бет алып, кейін сыбайластарымен бірге Италияға қашқан.
Тергеу қастандыққа қатысты екі негізгі нұсқаны қарастырып жатыр – бұл ұйымдасқан қылмыс және шетелдік араласу.
Телеарнаның ақпаратына сәйкес, Ермолаевтың үйінің жанындағы жарылғыш құрылғы оның серігі Анна Насобина қасынан өтіп бара жатқан сәтте іске қосылған.
"Олигархтың серігі Анна Насобина ішіне бомба салынған сөмкенің қасынан өтіп бара жатқан сәтте, күдікті "қашықтан басқару пультіне ұқсас заттың көмегімен" оны іске қосады", - деп хабарлайды телеарна.
Жарылыс дүйсенбі күні кешке Монакодағы Реверанд-пер-Луи-Фролла көшесінде болды. Үш адам зардап шекті: екі ересек адам және бір жасөспірім. Қылмыскер отбасы ғимаратқа кіріп бара жатқан сәтте бомба салынған рюкзакты кіреберіс есіктің алдына тастап кеткен. Содан кейін ол із жасырған.
Вадим Ермолаев - кәсіпкер, "Алеф" корпорациясының негізін қалаушы және Днепропетровскінің ірі девелоперлерінің бірі. Forbes журналы оны бірнеше рет ең дәулетті украиналықтардың тізіміне қосқан.
БАҚ мәліметінше, Ермолаев 2019 жылы Украина азаматтығынан бас тартқан. Содан бері оның тек Кипр төлқұжаты бар. Ермолаев өз шешімін "халықаралық қорғауға" ие болу ниетімен түсіндірген.