Непалда тағы да қатты жер сілкінісі болды, ол Үндістанның солтүстігі мен Нью-Делиге сезілді, - деп хабарлайды РИА Новости.
Непалда тағы да қатты жер сілкінісі болды, ол Үндістанның солтүстігі мен Нью-Делиге сезілді, - деп хабарлайды РИА Новости.
Нақтыланған мәліметтер бойынша, жер сілкінісінің ошағындағы магнитуда 7,4-ке тең болған. Ол Катмандудан шығысқа қарай 83 шақырым қашықтықта, Эверестке жақын маңда тіркелді. Жерасты дүмпулерінің ошағы 18,5 шақырым тереңдікте болған. Жергілікті БАҚ мәліметінше, жерасты дүмпулері Үндістанның Бихар, Уттар-Прадеш, Батыс Бенгалия мен Ассам штаттарында сезілді. Қирандылар мен қаза болғандар туралы шұғыл хабар түскен жоқ.
Еске сала кетейік, Непалдағы 7,9 балдық жер сілкінісі 25 сәуір күні таңертең болды. Жер сілкінісінің ошағы ел астанасы Катмандудан солтүстік-батысқа қарай 82 шақырым жерде болды, жер асты дүмпулері 15 шақырым тереңдікте анықталды. Күндіз Катмандуда ең жоғары күші 6,7 балға тең афтершоктар болды. Соңғы мәліметтер бойынша, Непалдағы жер сілкінісінен қаза тапқандардың саны 7240 адамға жетті. 14 мыңнан аса адам жер сілкінісінен кейін болған жерасты дүмпулерінің салдарынан жарақат алды.
Непал билігі мен қайырымдылық ұйымдары жер сілкінісінің салдарынан үйсіз қалғандарға шатыр мен азық-түлік беріп жатыр. Айта кетейік, бұл жақта муссондық маусым маусым айында басталады. Ол зардап шеккен аудандардағы санитарлық жағдайды одан әрі ушықтыруы мүмкін, мамандар тырысқақ пен басқа да аурулар індеті болады деп күтіп отыр.