Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы қақтығыстың шиеленісуіне байланысты ұлтқа үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Армения премьер-министрі Никол Пашинян Таулы Қарабақтағы қақтығыстың шиеленісуіне байланысты ұлтқа үндеу жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
Ол жағдайдың ушығуы аймақтың шегінен шығып, халықаралық қауіпсіздікке қауіп төндіруі мүмкін екенін жоққа шығармады. Пашинянның айтуынша, қазір Қарабақ қорғаныс әскері табанды ұрыстар жүргізіп, алдына қойылған міндеттерді абыроймен орындап жатыр.
"Армян халқы соғысқа дайын, өйткені ол әрқашан Әзербайжандағы армян фобиясы, дұшпандық пен жеккөрушілік басқа нәтижеге әкеле алмайтынын түсінді. < ... > Армения Арцахтың қауіпсіздігі мен тәуелсіздігінің кепілі (Таулы Қарабақтың өзін-өзі атауы - ред. еск.). Армения өз халқының және мемлекеттік жүйенің әлеуетімен отанымыздың шекарасын қорғауға бар күшін салады", - деді премьер-министр.
Ол Ереван жауды бейбітшілікке мәжбүрлеу үшін дипломатиялық, әскери және саяси күш салатынын айтты.
"Біз соғыс қимылдары Армения аумағына таралуы, жағдайды тұрақсыздандыруы мүмкін екенін түсінеміз, сондықтан соғыс жағдайы мен жұмылдыру туралы жарияладық <...> біздің ісіміз әділетті және бұл қылмыстық қолсұғушылыққа лайықты қарсы шабуыл болады", - деп жалғады Пашинян.
Таулы Қарабақтағы жағдай бүгін таңертең ушыққан. Мойындалмаған Республика Әзербайжан әскери күштері оның аумағындағы елді мекендерге, соның ішінде астанасы Степанакертке оқ жаудырды деп мәлімдеді. Бейбіт тұрғындар арасында құрбандар бар.
Баку мен Ереван жағдайдың ушығуына бір-бірін кінәлап отыр. Әзербайжан Қорғаныс министрлігі армян тарапы оқ атты деп, ал Әзербайжан күштері қарсы шабуыл операциясын бастады деп мәлімдеді. Армян әскери күштері Қарабақтың Әзербайжанның әуе және зымыран шабуылдарына ұшырағанын айтады.
Армения билігі елде соғыс жағдайын енгізіп, жалпы жұмылдыру жариялады. Мойындалмаған Таулы Қарабақ Республикасының басшылығы да солай жасады. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы қақтығыс тек бейбіт жолмен ЕҚЫҰ Минск тобының көмегімен шешілуі керегін атап өтті. Бұл ретте ҰҚШҰ өкілдері Армения жағдайды реттеуге көмек сұрамағанын атап өтті.
Қазақстан жаңалықтары. Соңғы жаңалықтар. Telegram желісінде бізге жазыл!