Украинаның Винница облысының 47 жастағы тұрғыны коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын салдырғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң қайтыс болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости порталына сілтеме жасап.
Винница облысы Денсаулық сақтау департаментінің мәліметінше, ер адам коронавирусқа қарсы Comirnaty/Pfizer-BioNTech вакцинасын салдырған. Бірнеше сағаттан кейін оның жүрегі айнып, талып қалған.
"Жедел медициналық көмек шақырылып, реанимациялық шаралар жүргізілді. Өкінішке қарай, біраз уақыттан кейін дәрігерлер ер адамның қайтыс болғанын тіркеді", - деді Денсаулық сақтау министрлігіндегілер.
Вакцинадан кейінгі бірінші сағатта ер адамда препаратқа жағымсыз реакциялар байқалмағаны хабарланды.
"Қайтыс болған адаммен бір құтыдан екпе алған бес адамның жағдайы қанағаттанарлық", - деді министрлік өкілдері.
Ведомстводағылар қазір оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Бұған дейін Алматы облысында дәрігер вакцина алып, екі күн өткен соң үйінде құлап, қайтыс болған еді. Алдын ала мәліметтер бойынша, өлім себебі жүректің ишемиялық ауруы болған. Сот-медициналық сараптама жүріп жатыр. Алматыда осы деректі тергеу бойынша үлкен комиссия құрылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!