Кеше Грузияда түрік әскери-транспорт ұшағы C-130 апатқа ұшырады. Түркия Қорғаныс министрлігі қаза тапқандардың тізімін жариялап, бортта болған 20 әскери қызметші қаза тапқанын растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәлімдеме X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жарияланған.
"Біздің әскери жолдастарымыз 2025 жылдың 11 қарашасында Әзербайжаннан елімізге бет алған C-130 әскери-транспорт ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапты", – делінген ведомство хабарламасында.
Оқиға хронологиясы
Түрік әскери-транспорт ұшағы өткен сейсенбіде Грузияда, Әзербайжан шекарасына жақын жерде апатқа ұшырады. Бұл туралы "Имеди" телеарнасы хабарлаған.
Кейін Түркия Қорғаныс министрлігі бұл оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"Әзербайжаннан елімізге бағыт алған C-130 әскери-транспорт ұшағы Грузия мен Әзербайжан шекарасында апатқа ұшырады", – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Грузия Ішкі істер министрлігі тергеу басталғанын хабарлады. Сондай-ақ, ұшақ апатқа дейін дабыл белгісін бермегенін айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери ұшақ апатына байланысты Түркия президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!