Флоридадағы "Мисс Гранд Орландо – 2025" сұлулық байқауының жеңімпазы Скарлент Родригес Венесуэладағы жер сілкінісі салдарынан жігіті Хосе Кастромен бірге қаза тапты. Жұптың қаза болғаны туралы ақпаратты жерлеу рәсіміне қаражат жинау науқанын жариялаған туыстары растады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі New York Post басылымына сілтеме жасап.
Мәліметтерге сәйкес, құтқарушылар жұптың мәйітін Ла-Гуайра жағалауындағы штаттың Катия-Ла-Мар ауданында, жер сілкінісінен ең қатты зардап шеккен аймақтардың біріндегі көппәтерлі үйдің үйінділері астынан тапқан.
Сондай-ақ Хосе Кастроның отбасында жер сілкінісінен оның әкесі, әжесі, апасы мен ағасы қаза тапқаны хабарланды.
23 жастағы Скарлент Родригес - Венесуэла тумасы, ол былтыр Флоридада өткен "Мисс Гранд Орландо" байқауының жеңімпазы атанған болатын. Басылым ақпаратынша, бойжеткен штат деңгейіндегі титулды жеңіп ала алмағанымен, сұлулық байқаулары әлемінде танымал тұлғаға айналған.
24 маусымда Венесуэлада екі мәрте жойқын жер сілкінісі болды. АҚШ Геологиялық қызметінің бағалауынша, біріншісінің магнитудасы 7,2-ні, ал екіншісінікі 7,5-ті құрады. Соңғы мәліметтер бойынша, 2295 адам қаза тауып, тағы 11 267 адам жарақат алған. Сонымен қатар жүздеген тұрғын үй қирап, инфрақұрылым мен ауруханалар зақымданды, елдің басты әуежайы жабылды.