Fоrbes журналы екінші жыл қатарынан Владимир Путинді әлемнің ең ықпалды адамы деп атады. Басылым 5 қараша күні 2014 жылдың ең ықпалды 72 тұлғасының тізімін жария етті.
Fоrbes Путинді "коррозияға ұшыраған, бірақ өшпенді, энергетикалық әрі ядролық державаның сыр алдырмайтын және ешкімге есеп бермейтін басшысы" деп сипаттады.
Тізімнің екінші орнына АҚШ президенті Барак Обама жайғасты. Үшінші орында - ҚХР жетекшісі Си Цзиньпин. Рейтингтің бұдан кейінгі орындарын Рим Папасы Франциск, Германия канцлері Ангела Меркель, АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшысы Джанет Йеллен, әлемнің ең бай адамдарының бірі Билл Гейтс, Еуроодақтың Орталық банкінің басшысы Марио Драги, Google-дің негізін қалаушылар Ларри Пейдж бен Сергей Брин және Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон иеленіп отыр.
Әлемнің ең ықпалды 72 тұлғасының қатарына Қазақстаннан бірде-бір адам енген жоқ. Есесіне тізімнен қазақстандықтарға жақсы таныс болат құю магнаты Лакшми Миттал (57-орын) мен "Ислам мемлекеті" террорлық тобының жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади (54-орын) табылды.
Путинмен бірге бұл тізімге Ресейден "Роснефть" президенті Игорь Сечин (42-орын), "Газпром" басқарма төрағасы Алексей Миллер (47-орын) және Ресейдің ең бай миллиардері Әлішер Османов (61-орын) кіріп отыр.