12 сәуір 2022 17:04

"Ұрғашы мал болуы керек". Ертеде көрімдікке не берілген?

Жансая Қадыржанова Корреспондент

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көрнекі сурет: syr-media.kz Көрнекі сурет: syr-media.kz

Қазақ ертеден өзгенің қуанышына, жақсылығына ортақтасып, қуана білген. Оны түрлі жолмен білдірген. Соның бірі - көрімдік. Tengrinews.kz тілшісі этнограф Бұлбұл Кәпқызымен сөйлесіп, осы дәстүр туралы сұрады.


Қазақ ертеден өзгенің қуанышына, жақсылығына ортақтасып, қуана білген. Оны түрлі жолмен білдірген. Соның бірі - көрімдік. Tengrinews.kz тілшісі этнограф Бұлбұл Кәпқызымен сөйлесіп, осы дәстүр туралы сұрады.

Этнографтың айтуынша, көрімдік - қуанышта, жақсылықта, қандай да бір жаңа зат алғанда берілетін сый-сияпат. 

Бұлбұл Кәпқызы көрімдікке не кіретінін санамалап берді.

"Көрімдікке бәсіре, байғазы, сыйлық - бәрі кіреді. Қазір жаңа түскен келінге ақшалай көрімдік береді. Бұрын қайнағалары құлынды бие, жаңа туған тай, құлын, қозы, марқа қозы секілді сыйлықтар берген. Бірақ берген сыйлығы ұрғашы мал болуы керек. Мысалы, жылқыдан - бие, қойдан - саулық қой, ұрғашы тоқты, сиырдан - сауын сиыр берілген", - деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар, маман қазіргі беташарда беріліп жүрген көрімдікке қатысты пікір білдірді.

"Қазір беташарды ауқымды қылып жіберген. Беташарға өзінің сәлем ететін адамдары көрімдік беруі керек болған. Бұрын беташарға берілетін көрімдік малмен өлшенген. Айыппұл болса да, мал арқылы, шапан арқылы өтелген", - деді этнограф. 

Этнограф көрімдік кімге берілетінін айтты. Көрімдік жаңа туған сәбиге, тәй-тәй басқан балаға да берілген. 

"Мәселен, атқа мінген балаға "бәсіре" берген, жаңа іс бастап жатқан, үй салып, жаңа жоба бастаған адамға "байғазы" берген. Байғазының көрімдіктен мөлшері үлкен болады. Ең үлкен сый-сияпат - байғазы. Одан кейін бәсіре тұрады. Бұл бәйгеден келген балаға берілген. Бәсірені әдетте ұл балаға нағашы жұрты берген", - деді маман.

Бұлбұл Кәпқызы сый мен көрімдіктің, кәде мен көрімдіктің арақатынасын айырып берді. Маманның сөзінше, сый мен көрімдіктің айырмашылығы жоқ.

"Екеуі де басқа адамның қуанышын бөлісу, көңіл күйін көтеру мақсатында берілген. Адамды қуантып, сый-сияпат жасап, әрі қарай араласуына себепші болған", - деп түсіндірді ол.

Кәде мен көрімдіктің айырмашылығы бар.

"Көрімдік қуанышқа орай аталған. Мәселен, жаңа көлік мінсе, көрімдік беріледі. Ал кәде - адам жасауы тиіс дүние. Қазақта "қалыңсыз қыз, кәдесіз күйеу болмайды" деген сөз бар. Өйткені күйеу қайын жұртына барғанда, кәде жасайды. Қазіргі "қалың мал", "ана сүті" деп жүргеннің бәрі кәдеге жатады. Бұлар күйеудің қайын жұртына жасап жатқан кәдесі саналады. Үйге келген қонаққа ұстататын азын-аулақ сыйдың өзі "кәде" деп аталады. Қазақта "қуыс үйден құр шықпа" деген де сөз бар. Сонымен қатар, "орамал тон болмайды, жол болады" деген сөз бар. Басына орамал, қолына кез келген қуаныш сыйлайтын сый беру "кәде" деп аталады", - деп түйді маман. 

Этнограф көрімдікті кім бергенін, мөлшері қандай болатынын айтты. "Көрімдікті жасы үлкен адамдар береді. 10 теңге берсе де, 1 000  теңге берсе де көрімдік саналады. Көрімдіктің үлкен-кішісі, мөлшері болмаған.

Сонымен қатар, Бұлбұл Кәпқызы "көген түп" қандай сый екенін түсіндіріп берді.

"Қазақта "көген түп" деген сый бар. Бұл жаңа отау құрған отбасыға беріледі. Мысалы, "ұрғашы мал көгеннің басы болсын, еншілеріңнің бастауы болсын" деген мағынада берген. Бұл да көрімдіктің бір түріне жатады", - деп түйіндеді ол.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 443.2   490.7   4.82 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети