Риодағы Олимпиада ойындарының 12-ші күнінде қазақстандық қыздар спорттың бірнеше түрінен өнер көрсетті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Риодағы Олимпиада ойындарының 12-ші күнінде қазақстандық қыздар спорттың бірнеше түрінен өнер көрсетті, - деп хабарлайды Тengrinews.kz тілшісі.
Қазақстан құрамасының қоржынына қыздар арасындағы күрестен алғаш рет 69 келі салмаққа дейін өнер көрсететін Эльмира Сыздықова қола медальді иеленді. 1/8 финалда ресейлік Наталья Воробьевамен кездесіп, қарағандылық спортшы қыз жеңіліп қалған болатын. Алайда ол тағы белдесуге мүмкіндік алып, моңғолиялық Насанбурмо Очирбатты кездесуде қарсыласынан басым болып (3:2), қола жүлде үшін тартыста мысырлық Энас Мұстафаны тізе бүктірген.
49 келі салмаққа дейінгі жарыста қазақстандық Жұлдыз Ешімова қола медальға талас кезінде қытайлық Сунь Янаньнан жеңіліп қалды. Олардың жекпе-жегі бір минутқа созылды.
Олимпиадада таэкондодан 49 келі салмаққа дейінгі Қазақстанның атынан өнер көрсеткен Айнұр Есбергенова жарысты аяқтады. Ол 1/8 финалда хорватиялық Люции Заниновичке (7:18) есе жіберді.
Жеңіл атлет Маргарита Мукашева 800 метр қашықтыққа жүгіруден 31-ші орын алып, келесі кезеңге өте алмады. Бұл жарыста жалпы саны 65 спортшы қатысқан.
Бокстан 75 келі салмақ дәрежесіне дейін өнер көрсететін Дариға Шәкімова жартылай финалға өтіп, Қазақстан құрамасына тағы бір медальді қамтамасыз етті. Ширек финалда төрешілердің бір ауыздан шығарған шешімі бойынша Шәкімова морокколық Хадиджи Мардиді 3:0 есебімен тізе бүктірді. Қазақстандықтың келесі қарсыласы ОО-2012 чемпионы және қазіргі уақыттағы әлем чемпионы америкалық Кларесс Шилдз болмақ.
Байдаркамен 500 метрге жеке дара өнер көрсетуден қазақстандық спортшы Зоя Ананченко 27 қатысушының ішінде тек 19-шы болып келді.
Еске салайық, Қазақстандық ауыр атлет Жазира Жаппарқұл Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. Жарыста отандасымыздың басты қарсыласы саналған қытайлық Сян Яньмэй бірінші жаттығуда 116 келіні көтеріп, Жазирадан 1 келіге озып шықты.
Ауыр атлетикадан 63 келі салмаққа дейінгі жарыста қазақстандық Карина Горичева екі жаттығудың қорытындысы бойынша 243 келіні көтеріп Олимпиада-2016 ойындарының қола жүлдегері атанған.