Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.70
EUR / KZT - 389.99
CNY / KZT - 49.72
RUB / KZT - 5.59

Дзюдодан Азия ойындарында алғаш рет алтын алдық

20 Қыркүйек 2014, 23:09
0

 Сүйіншіміз таусылмасын. Тағы да сүйінші сұрағалы отырмыз. Бүгін екінші рет алтын алдық. Бірақ бұл алтынның жөні бөлек, деп хабарлайды Оңтүстік Кореядан "Алаш айнасының" арнаулы тілшісі.

Шынымен де, бұл алтын – тарихи маңызы зор жүлде. Дзюдодан Азия ойындары төрінде біздің де Әнұранымыз құйқылжыды.
60 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Елдос Сметов білекті қарсыластарын ұтып, жеңімпаз атанды.

Әсіресе финалда моңғол балуаны, қазіргі әлем чемпионы, осы салмақтағы бүкіләлемдік рейтингтің көшбасшысы Болдбаатар Ганбатты ұтқаны – өз алдына бір дастан.

Осы Ганбатқа дзюдодағы біраз қазақтың баласының есесі кетіп жүрген-ді. Солардың есесін бүгін Елдос қайтарды. Шынын айту керек, бүгін "Dowon Gymnasium" стадионына жиналған моңғол жанкүйерлерінде есеп жоқ еді. Олар жалаулатып, сырнайлатып спорт сарайының ішін бастарына көтерді. Дәл бүгін татамиден алтынды "уыстап" алатындықтарын сезгендей...

Ал Елдос айбатты Ганбатты астына басып жатып алғанда, әлгілердің бәрі жым болып, сәулетті спорт сарайының іші сілтідей тынды...

Елдос ерледі! Осы спорт түріндегі қазақ бапкерлерінің бірнеше жылғы еңбектерін ақтап, бәрін қуантты. Түзде отандастарымыз бұл жеңіске ерекше қуанып, мәре-сәре болды.

Елдос Болдбаатарға дейін Кабатулло Аминов (Тәжікстан) , Кин Тинг Ю (Гонконг), Тору Шишиме (Жапония) сынды балуандарды ұтқан болатын.

Өкінішке қарай, 66 келідегі Азамат Мұқанов финалға шыға алмай қалды. Әуелі Заки Зубайрулладан (Ауғаныстан) жеңісті "шаппай" алып, одан соң Қытай қыраны Дуанбин Маны ұтқан. Алайда жартылай финалда моңғол Тумурхулег Давадорждың қармағына... қапелімде түсіп қалды. Бірақ үшінші орын үші өткен белдесуде Чиа Хунг Ченді жеңіп, қола жүлдегер атанды.

Бүгін сондай-ақ әйелдер арасындағы екі салмақта жүлдегерлер анықталды. 52 келіде бақ сынаған Ленария Мингазова Макао және Моңғолия қыздарын ұтқанымен, жартылай финалда Түркіменстан қызы Гүлбадам Бабамуратоваға есе жіберіп алды. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде Үндістан үміті К.Д.Тхудамды ұтып, қола жүлдеге қол жеткізді. Негізі, финалда белдесетін мүмкіндігі болып-ақ еді.

48 келідегі Айгүл Байкүлева Лаос және Қытай қыздарынан айласын асырған болатын. Алайда жартылай финалда жапон аруы Э.Ямагишидің құрсауынан босай алмады. Үшінші орын үшін Солтүстік Корея қызы С.Киммен күресіп, оған да есе жіберіп алды. Бұйырғаны бесінші орын болды.

Сөйтіп, татмидегі бірінші күнгі белдесулерден үш жүлде (бір алтын, екі қола) жеңіп алдық. Енді дзюдошы қыз-жігіттеріміз осы қарқындарынан айырылмаса екен дейміз.


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай