Павлодар тұрғыны Тоқан Байділдин Екібастұзда екінші қабаттағы ашық терезенің алдында тұрған екі жасар баланы құтқарғаны үшін марапатталды, деп хабарлайды Tengri Life.
Не болды?
Павлодар тұрғыны Екібастұзға ұлына қонаққа келіп, аулада немересімен серуендеп жүргенде ашық терезе алдында отырған баланы байқап қалған. Бүлдіршін қауіпті сезінбестен, ойыншықтарын төменге лақтырып ойнап отырған. Үйдегілерден ешқандай реакция болмаған соң, ер адам темір торлар арқылы екінші қабаттың балконына өрмелеп шығып, терезеге жеткен.
Instagram-дағы бұл жазбаны көру
"Басында терезенің астында тұрып, құласа ұстап алайын деп ойладым. Содан кейін бірінші қабаттағы темір торды көрдім. Қалай шығып кеткенімді өзім де байқамай қалдым, бәрі тез болды. Балконның төбесіне шығып, сол жерден терезеге жеттім", - деп баяндады құтқарушы.
Ер адамның айтуынша, ол сәтте өз басын ойламаған.
"Ең бастысы - баланы құтқару болды. Кейін төмен түсер кезде ғана астына қарап, қорқыныш пайда болды. Терезені ашуды өтініп, пәтерге кірдім, содан кейін есіктен жаймен шықтым", - дейді ол.
Ерлігі үшін марапат
Қайғылы жағдайдың алдын алған ер адамның батыл әрекеті еленбей қалмады. Екібастұз әкімі Аян Бейсекин тұрғынға алғыс айтып, көрсеткен ерлігі мен бей-жай қарамайтын азаматтық ұстанымы үшін жарты миллион теңгенің сертификатын табыстады.
Ер адам мұндай назарды күтпегенін мойындады.
"Мүлдем ойламаппын. Міне, бірнеше күннен бері бәрі телефон соғып, хат жазып жатыр. Таныстар, әріптестер, тіпті көшедегі адамдар тоқтатып, алғыс айтады. Мұндайды күткен жоқпын. Әрине, жағымды, бірақ менің орнымда кез келген адам солай істер еді", - деп жауап берді ол.
Ер адам ақшалай сыйлықты не нәрсеге жұмсайтынын әлі нақты шешпеген.
"Жоспарлар бар, әрине, бірақ алдымен немерелерімді қуантамын", - деді Тоқан Байділдин.
Фото: Дарина Тұрлыбекова
Құтқарылған баланың ата-анасына қандай шара қолданылады?
Осы арада құтқарылған баланың ата-анасына қатысты материалдар кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияда қаралды.
Екібастұз әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиеваның Tengrinews.kz тілшісіне берген мәліметінше, оқиға кезінде 21 жастағы анасы үйде нәрестесімен отырған, ал отағасы жұмыста болған. Анасының айтуынша, бұған дейін үлкен ұлы ашық терезеге жақындамаған екен.
"Екібастұз әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияда әкесіне терезелерге блокаторлар орнату арқылы баланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұсынылды. Сондай-ақ балаларды тәрбиелеу және күтіп-бағу бойынша міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілік түсіндірілді", - деді Иманғалиева.
Ол сонымен қатар бұл мәселе қалалық білім бөлімінің бақылауында екенін айтты.