Көшпенділер тиндері. Ертеде қыз бен жігіт қайда танысып, сезімін қалай білдірген?

ПОДЕЛИТЬСЯ

Көшпенділер тиндері. Ертеде қыз бен жігіт қайда танысып, сезімін қалай білдірген? Сурет нейрожелі көмегімен жасалған

Бүгінде сезім туралы ашық айту қалыпты жағдай болса, ертеде далада махаббаттың өз тілі болған. Сүйіспеншілікті сөзбен емес, күй, бәйге, салт-дәстүр, тіпті сырғаның пішіні арқылы білдірген. Tengri Life мәдениеттанушы Альбина Сариевамен қазақ қоғамындағы ілтипат пен сүйіспеншілік қалай көрініс тапқаны және оның махаббат туралы еуропалық түсініктен айырмашылығы жайлы сұхбаттасты.


Бүгінде сезім туралы ашық айту қалыпты жағдай болса, ертеде далада махаббаттың өз тілі болған. Сүйіспеншілікті сөзбен емес, күй, бәйге, салт-дәстүр, тіпті сырғаның пішіні арқылы білдірген. Tengri Life мәдениеттанушы Альбина Сариевамен қазақ қоғамындағы ілтипат пен сүйіспеншілік қалай көрініс тапқаны және оның махаббат туралы еуропалық түсініктен айырмашылығы жайлы сұхбаттасты.

Жұптар бір-бірін қалай таңдаған?

Мәдениеттанушының айтуынша, қазақтар махаббатын тікелей сирек білдірген - сезім іс-әрекеттер, дәстүрлер және айналадағыларға түсінікті белгілер арқылы көрініс тапқан.

Жеке ілтипаттың маңызы зор болғанымен, ол болашақ жар таңдау кезіндегі бір жағдай ғана болды.

Ер адамнан сенімділік, отбасын асырай білу және салт-дәстүрге адалдық күтілетін. Сондай-ақ ақыл-парасат, тәрбие мен дипломатиялық қасиеттер және өзін қоғамда ұстай білуі де маңызды саналды.

Бойжеткеннің бойынан ең алдымен жақсы беделі, шаруаға икемділігі мен тектілігі бағаланған.

Мәдениеттанушының айтуынша, неке ең алдымен екі отбасының, тіпті екі рудың одағы ретінде қабылданған. Сондықтан жеке сезімдерден бөлек, үлкенді сыйлау, жұп таңдауға отбасының қатысуы, ру беделін ойлау және құдалық пен үйлену тойы дәстүрлерін сақтау үлкен мәнге ие болған.

Жастар қайда танысқан?

Бозбалалар мен бойжеткендер жиі еркін араласа бермегендіктен, қоғамдық іс-шаралар ерекше рөл атқарған. Мәдениеттанушының айтуынша, жұптар көбінесе айтыстарда, алтыбақан басында немесе "қыз қуу" ойыны кезінде танысатын.

"Қыз қуу ойыны серпін беретін: қызығушылық қозғалыс, батылдық пен құмарлық арқылы білдірілді. Бұл сезімдер айтылмай, көрсетілетін өзіндік "іс-қимыл тілі" еді", - деп түсіндірді ол.

Фото: Tengrinews/ Тұрар Қазанғапов

Дәстүр арқылы жеткен махаббат

Ұрын келу

Ұрын келу (күйеу жігіттің қалыңдықтың ауылына келуі) дәстүрі - бұл алғашқы маңызды сын. Сапар жартылай жасырын саналып, мұнда жас жігіттің төзімділігі тексерілетін.

"Ауыл әйелдері болашақ күйеу баланы қалжыңмен қағытып, қиын сұрақтар қою арқылы оның тапқырлығын сынайтын. Бұл жағдайда махаббат сөзбен емес, өзін лайықты ұстай білу, шекараны сақтау және абыройын жоғалтпау арқылы көрінетін. Бұл - сезім мәдениеті, мұнда айтудан көрі, өзіңді дұрыс көрсете білу маңыздырақ болды", - деді ол.

Айтыстың рөлі

Альбина Сариеваның айтуынша, айтыс - ілтипат білдірудің бір жолы болған.

"Ол әдеп нормаларын бұзбай, астарлап, теңеулер мен сөз ойнату арқылы сезімін жеткізуге мүмкіндік беретін. Жігіт өзінің қызығушылығын бейнелеу немесе салыстыру арқылы білдірсе, қыз нәзік әзілмен немесе керісінше, диалогты биязы қолдау арқылы жауап бере алатын", - деді ол.

Сонымен қатар ауыл қыздары жай ғана көрермен емес еді.

"Олар әңгіме ауанын белгілеп, оны бағыттап, сұхбаттасушыны сынай алатын. Кездесулер кезінде - әсіресе үйлену алдындағы дәстүрлер аясында - ауылдың әйелдер қауымы "қазылар алқасына" айналатын. Әзіл-қалжың, қағытпа сұрақтардың бәрі кездейсоқ емес. Осылайша мінезді, зияткерлікті, сыпайылықты тексеретін", - деді мәдениеттанушы.

Күйеу жігіттің тапқырлығы мен әдептілігі ауыл тұрғындарын да, қыздың өзін де баурап алуда маңызды рөл атқаруы мүмкін еді.

Күйлердің рөлі

Сезім білдіруде күй ерекше орын алады. Сариеваның айтуынша, музыка көбіне махаббатты мойындаудың орнына жүрген. Домбыра арқылы нәзіктік, сағыныш, күту мен қоштасу мұңы жеткізілетін.

"Күйлерде махаббат туралы сирек тікелей айтылатын. Ол арудың бейнесі, сұлулық, нәзіктік, ішкі үйлесім арқылы көрініс тапты. Бұл махаббат туралы әңгіме емес, оны сезіну еді. Осылайша сезім дыбысқа айналатын ерекше музыкалық тіл қалыптасты", - деді мәдениеттанушы.

Сырға салудың мәні

Мәдениеттанушының түсіндіруінше, құдалықтың басты жоралғыларының бірі сырға салу болды - қызға атастырылғанының белгісі ретінде сырға тағылатын. Осы сәттен бастап бойжеткеннің басы бос емес деп есептеліп, ол тойды күтетін.

Сырғаның ерекше мәртебесі болды, оның пішініне қарай салынған мағынасы да өзгеріп отырған.

"Әшекейлер жалпы алғанда өзіндік тіл қызметін атқарды. Сырғаларға, сақиналарға, киім элементтеріне қарап жасын, отбасылық жағдайын, тіпті өмір жолының кезеңін анықтауға болатын еді", - деп түсіндірді ол.

Қазақ махаббатының еуропалықтан айырмашылығы неде?

Альбина Сариеваның пікірінше, басты айырмашылық - сезімнің "жариялылығында". Еуропада ол көбіне тек ғашықтар арасында болатын жеке, ішкі сезім ретінде қабылданады. Ал қазақ қоғамында махаббат ешқашан жабық дүние болған емес: ол салт-дәстүрлер, ойындар мен айтыстар арқылы көрініс тауып отырған.

"Ол сөзде, музыкада, қозғалыста, белгілерде үн қатты. Асқақтата айтуды талап етпегенімен, терең әрі тұрақты бола білді", - деді мәдениеттанушы.

Альбина Сариева - мәдениеттанушы, дінтанушы, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінің оқытушысы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегі, онда "Мәдениеттану" мамандығы бойынша бакалавриаттан докторантураға дейінгі толық академиялық білім алған.

Tengrinews