27 шілде 2021 09:31

Министр Балаева қазақстандықтардың Олимпиада эфиріне қатысты сынына жауап берді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандық телеарналардағы Олимпиада трансляциясына қатысты мәселеге түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.


Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қазақстандық телеарналардағы Олимпиада трансляциясына қатысты мәселеге түсінік берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Редакция тілшісімен әңгіме барысында министр спорттың нағыз жанкүйерлерінің неге көңілі толмай отырғанын түсінетінін айтты. 

"Сондықтан ең алдымен қазақстандық жанкүйерлерден қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймын", - деді министр. 

Аида Балаева Олимпиада ойындарының трансляциясы құқығына қатысты кейбір мәселені түсіндіре кетті. 

"Басты спорттық шараның трансляциясын жүргізу құқығын алу кеше емес, Олимпиададан бұрын басталған. Келіссөз соңғы сәтке дейін жүргізілді. Бюджеттің әрбір теңгесі үшін күрестік. Біз тіпті нашар жағдайға - трансляцияның мүлде болмауына дайын болдық. Сондықтан спортшыларымыздың өнер көрсетуі кезінде нәтижелері мен мәтін трансляциялары бар балама ақпарат көздерін дайындауды қарастырдық. Бірақ қазір ақпараттық вакуум уақыты емес. Екінші жағынан, біз көптеген ақпарат көзінің болуына және оған мемлекеттік монополияның іс жүзінде болмауына қарамастан, дәстүрлі телевизиялық БАҚ-тың көрермен үшін ролі мен маңызы өзектілігін жоғалтпағанына тағы да көз жеткіздік", - деді Балаева.

Аида Балаева авторлық құқық иесі трансляция үшін жоғары баға қойғанын растады.

"Келіссөздер кезінде бағасын айтарлықтай түсірдік, осылайша тікелей эфир жүргізу құқығын алдық. Иә, техникалық ақау барын мойындаймын, бірақ біз мәселені шешу үшін 24/7 жұмыс істеп жатырмыз", - деді Балаева. 

Сонымен қатар, министр қазақстандықтар 26 шілдеде неліктен спортшылардың өнерін тамашалай алмағанын түсіндірді. 

"Мысал келтірейін. 26 шілдеде дзюдодан біліктілік сессиясын көрсету жағдайын алайық. Дзюдоның Олимпиада ойындарындағы таңғы біліктілік сессиясы екі татамиде өтеді. Біреуінде әйел адамдар, екіншісінде ер адамдар. Олимпиада ойындарының хост-хабар таратушысы - OBS-15 MDS арналарында сигнал береді. Таңертең әйелдер арасындағы біліктілік сигналы MDS1 арнасында, ерлер арасындағы біліктілік сигналы MDS11 арнасында берілді, оған біздің операторларымыз мүмкіндік ала алмады, себебі бүгінге дейін телеарналар тек MDS6 арналарына және 6 ADS арналарын алды. Осыған байланысты, мысалы, Жансай Смағұловтың жекпе-жегін көрсету мүмкін болмады. Зүлфия Чиншанлоның да өнерін біздің телеарналар тек бейнежазбада көрсете алды", - деп түсіндірді министр. 

Министр трансляция мәселесі шешілгенін айтты. 

"Кеше ХОК "Хабар" мен "Қазақстанды" ресми хабар таратушылар мәртебесінде бекітті, сондықтан енді барлық арнаға қолжетімді болады және мұндай проблемалар бұдан былай қайталанбауы тиіс. Тағы да қайталап өтейін, ойындардың толыққанды көрсетілуін қамтамасыз ету үшін тәулік бойы жұмыс жүргізіліп жатыр.

Көрермендерден тағы да кешірім сұраймын. Алда спортшыларымыз талай жеңіске жететініне сенімдімін", - деді Балаева. 

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Как вам дизайн сайта Tengri News?
Пройти опрос
Читайте также
Join Telegram

Валюта бағамы

 449.3   483   4.85 

 

Ауа райы

 

Редакция Жарнама
Социальные сети