Tengri FM Радиосы Радио Жұлдыз FM Қазақстан заңдары Экономика сабақтары
KZ RU EN
Бізге жазба жолдау +7 (727) 388 8124
искать через Tengrinews.kz
искать через Google
искать через Yandex
USD / KZT - 332.68
EUR / KZT - 389.40
CNY / KZT - 49.85
RUB / KZT - 5.60

Рио Олимпиадасында алғаш рет алтын медаль алған елдер

26 Тамыз 2016, 17:09
0
© rus.delfi.ee
© rus.delfi.ee

Рио Олимпиадасына дейін өз тарихында Олимпиада чемпионы шықпаған елдер туралы Massaget.kz сайты сараптап, әлемнің қай спортшысының елінің намысын қорғап, әнұранын орындатқаны туралы мақаланы оқи аласыздар.

Қазақстан 1996 жылдан бері жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Осы аралықта елімізден 19 Олимпиада чемпионы, 50 жүлдегері шықты (бірнеше рет жүлдегер атанғандарды қосқанда). Мұны тәуелсіз қазақ елінің спортындағы зор жетістік деп бағалауға болады. Ал Рио Олимпиадасына дейін өз тарихында Олимпиада чемпионы шықпаған елдер де жетерлік еді.

Бразилияда өткен ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарында біршама елдер өз тарихындағы алғашқы алтын жүлделеріне қол жеткізді. Бұл алтын жүлдені жарты ғасырдан астам уақыт күткен елдер де болды. Олай болса Риода өз еліне тарихи жеңіс сыйлаған спортшыларды таныстыра отырайық.

Джозеф Скулинг (Сингапур)

Сингапур елі Олимпиада ойындарына 68 жылдан бері қатысып келе жатқанмен, бірде-бір спортшы Олимп шыңынан көрінбеген. 2012 жылы елдің басшылығы чемпион атанған спортшыға ең қомақты қаржы беруге шешім қабылдады. Алайда Лондонда Сингапур спортшыларына алтын жүлде бұйырған жоқ.

Сингапурға алтын медаль Риода бұйырды. 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Джозеф Скулинг әйгілі Майкл Фелпсты басып озып, әлем рекордын жаңартты. 2008 жылы Бейжіңдегі Олимпиада ойындары алдындаамерикалық спортшыны кумирі санап суретке түссе, араға 8 жыл сала еліктеген тұлғасынан үздік шықты. Сондай-ақ Джозеф Скулинг - Олимпиадада жүлде алған алғашқы сингапурлық спортшы да. Осыған дейін осы елдің атынан сынға түсіп, жүлде алған спортшылардың барлығы Қытайдан келген легионерлер екен.

Сингапур елінің билігі өз тарихында алғаш рет чемпион атанған Джозеф Скулингке қомақты сыйақы табыстамақ.

Моника Пуиг (Пуэрто-Рика)

Пуэрто-Рика - АҚШ-қа «өз еркімен қосылған» және өзін-өзі басқаруға құқылы мемлекет. Жоғарғы билігі АҚШ Конгресінің қолында. Олимпиада ойындарына 1948 жылдан бері қатысып келеді. 68 жыл ішінде ел спортшыларына бірде-бір алтын медаль бұйырмаған. Риода бұл жетістікті бірінші болып теннисші Моника Пуиг бағындырды.

Моника Пуиг WTA рейтингінде 34-орында тұрған теннисші. Спорттық мансабында ірі жетістіктерге көп қол жеткізбеген. Десе де Риодағы Олимпиада ойындарында Габринье Мугуруса, Петра Квитова және Ангелик Кербер секілді тәжірибелі теннисшілерді жеңіп, жеңімпаз атанды. Елінің абыройын асырды.

Хоанг Суан Винь (Вьетнам)

Нысана көздеу - Олимпиада ойындарындағы болжап болмайтын спорт түрінің бірі. Көбіне спортшылардың жарыс күнгі көңіл-күйіне де байланысты болып жатады. Мәселен вьетнамдық Хоанг Суан Винь халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсеткенмен, Олимпиадада жолы болмай келген еді. 2012 жылы Лондонда 0,1 ұпай нәтижесі жетіспей қоладан қағылған-ды. Риодағы Олимпиадада мерген бар шеберлігін салды. Сонда да соңғы мүмкіндігін ғана сәтті пайдаланып, Олимпиада чемпионы атанды. Вьетнам елінің спортшылары 64 жыл бойы жеңбеген алтын медальды жеңді.

Фиджи

Фиджи аралдық елі де Олимпиададағы 60 жылдық тарихында алғаш рет алтын медальдарына қол жеткізді. Бразилияда регбиден ерлер құрамасы финалда Ұлыбританияны 43:7 есебімен ұтып, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Ел басшылығы спортшылардың тарихи жеңісіне ерекше құрмет көрсетіп, елде мерекелік демалыс жариялады.

Шейк Сиссе (Кот-д' Ивуар)

Кот-д' Ивуар елінің спортшылары 1984 жылдан бері Олимпиада жүлдесіне қол жеткізбеген. Риода бұл елдің спортшылары екі бірдей медаль жеңіп алды. Оның бірі - алтын. Тхеквондодан 80 келіге дейінгі салмақта Шейк Сиссе финалда британдық Луталла Мухаммадты 8:6 есебімен ұтып, Олимпиада чемпионы атанды. Қара құрлықтағы елдің алғашқы тарихи жеңісін алып келді. Қоланы да таеквондодан Рут Гбагби иеленді.

Ахмад Абугауш (Иордания)

Иорданияда ұрыс-төбелес спортының түрлері дамыған. Елде тхэквондомен айналысатын спортшылар жетерлік. 36 жылдан бері Олимпиада ойындарында бұл елдің спортшыларына алтын жүлде бұйырмаған. Нәтижесінде алғаш болып тхеквондо спортынан чемпион шықты. 68 келіге дейінгі салмақта Ахмад Абугауш финалда ресейлік Алексей Денисенко ұтып, Олимп шыңынан көрінді. 20 жастағы спортшы Иорданияға Палестинадан келген босқынның ұлы екен.

Тхеквондо – Олимпиада ойындарына 2000 жылы енді. Бәлкім, одан ерте кіргенде иорданиялықтар 36 жыл бойы Олимпиада чемпионынын күтпес пе еді? Кім білсін?!

Рут Джебет (Бахрейн)

Бахрейн елі 1984 жылдан (Лос-Анджелес) бері Олимпиада ойындарына қатысып келеді. 2008 жылы Бейжіңде елдің марокколық легионері Рашид Рамзи 1500 метрге жүгіруде жеңімпаз атанды. Кейіннен спортшының допинг қолданғаны дәлелденіп, жүлдесі кері қайтарылды. Нәтижесінде Риода Бахрейн құрамасының тарихында алғашқы алтынды Рут Джебет иеленді. Ол да Рашид Рамзи секілді легионер спортшы. Тегі кениялық Рут Джабет 3 000 метрге кедергілер арқылы жүгіруде алдына жан салған жоқ.

Дилшод Назаров (Тәжікстан)

Тәжікстан құрамасы да Қазақстан секілді 1996 жылдан бері Олимпиада ойындарына қатыса бастады. Кеңес үкіметі кезінде бұл елден талай атақты спортшылар шыққанмен, тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы алтын жүлдесі 20 жыл күттірді. Риода Тәжікстан елінің намысын қорғаған Дилшод Назаров шарбалға лақтырудан Олимпиада чемпионы атанды.

Майлинда Кельменди (Косово)

Косово ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде қатысты. Риоға бұл елдің намысын қорғауға 8 спортшы барды. 7 тамыз күні Косовоның Олимпиада ойындарындағы алғашқы чемпионы шықты. Дзюдодан 52 келіге дейінгі салмақта Майлинда Кельменди жеңімпаз атанды.

Майлинда Кельменди осыдан төрт жыл бұрын Лондонда Албания құрамасының намысын қорғап, жүлделі орыннан көріне алмаған еді. Кейіннен Косово елінің атынан шығып, екі рет әлем чемпионатында топ жарды. Сондықтан да Олимпиададағы жетістігін кездейсоқтық деп бағалауға келмейді.

Рио-де-Жанейрода аяқталған жазғы Олимпиада ойындарында Кувейт елінен алғашқы Олимпиада чемпионы шықты. Өкінішке орай, мұнайға бай ел ХОК тарапынан ескерту алып, ресми түрде додаға қатысқан жоқ. Нәтижесінде кувейттік мерген Фехаид Әл-Дихани ХОК туының астында бақ сынап, чемпион атанды. Ал кувейттіктер өз елінен шыққан чемпионын қошеметпен қарсы алды.

Айта кетейік, Риодағы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы 3 алтын 5 күміс 9 қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 22-орын алған еді.  


Нравится
Поделиться
Пікір қалдырыңыз
Оқылып жатыр
Талқыланып жатыр
Бүгін
Апта
Ай